Қоғам • Бүгін, 12:09

Еңбеккерлердің құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды

60 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада «Ғасырлық тәжірибе: тарихтан тағылым – болашаққа бағдар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, оған Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) өкілдері, халықаралық кәсіподақ бірлестіктері, орталық мемлекеттік органдар, Мәжіліс депутаттары, ғалымдар, кәсіподақ ардагерлері мен белсенділері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еңбеккерлердің құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды

Жиында Премьер-министрдің кеңесшісі Бибігүл Асылова конференция қатысушыларына Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаевтың құттықтауын оқып берді.

Аталған құттықтауда, кәсіподақ қызметі қоғамымыздағы әлеуметтік тұрақтылық пен келісімді нығайтуға зор үлес қосып келе жатқаны, білім-ғылым саласы – ұлттың болашағы, ал сол саланың мамандары – елдің ең басты капиталы екені айтылған.

Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашеваның айтуынша, 2024 жылы кәсіподақтың құқықтық қызметі 34 201 өтінішті қарап, нақты шешімдер қабылдаған. Жеке еңбек даулары бойынша 715 іс келісу комиссиясында, 52 іс сотта қаралып, заңсыз жұмыстан босатылған 24 қызметкер қайта жұмысқа орналастырылған. Сонымен қатар, қоғамдық бақылау аясында 2 653 тексеру жүргізіліп, 4 828 еңбек заңнамасын бұзу фактісі анықталған.

Қазақстанның оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдығына арналған конференция барысында қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында кәсіподақ жұмысын жетілдіру, еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудың заманауи тетіктерін енгізу, цифрлық дәуірдегі кәсіподақтың рөлі мен жаңа ынтымақтастық формаларын дамыту мәселелері талқыланып, білім және ғылым жүйесінде кәсіподақтың рөлін нығайту, әлеуметтік-еңбек қатынастарындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға белсенді қатысудың және қызметкерлердің құқықтарын қорғау тиімділігін арттыру маңыздылығы атап өтілді.