Бүгінде Оқу-ағарту министрлігі ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыру бағытында ауқымды жобаларды қолға алып отыр. Бұл бастамаларды іске асыруда әдістемелік орталықтардың рөлі айрықша. Осы орайда, «943 – еліміздің мақсатты мектептерін дамыту» жобасы аясында жобалық кеңсе әдіскерлеріне арналған қысқамерзімді тағылымдама ұйымдастырылып, сала мамандары кәсіби құзыреттіліктерін шыңдауға мүмкіндік алды.
Іс-шараға қашықтықтан жауапты министрліктің Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Президенті міндетін атқарушы Анар Тәңірбергенова, өңірлік білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов және әдіскерлер қатысты.
Облыстық әдістемелік орталықтың директоры Ғалия Мухметованың айтуынша, «943» жобасы аясында Жетісу облысынан 57 мектеп таңдалып алынған. Бұл мектептердің педагогтері 11 пән бойынша базалық, негізгі және ілгері деңгейдегі біліктілік арттыру курстарынан өткен. Сонымен қатар, әдіскерлердің жетекшілігімен мақсатты мектептердің жеке даму жоспарлары мен портреттері әзірленіп, жүйелі бақылау және мониторинг жүргізілуде.
Тағылымдама барысында әр өңірден келген 15 әдіскер өз жобаларын ортаға салып, тиімді тәсілдерімен бөлісті. Әдістемелік орталықтың атауын өзгерту туралы ұсыныстар да қарастырылды.
Астана қалалық әдістемелік орталығының Талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Анар Досмұхаметқызы Жетісу өңірінің әдістемелік тәжірибесін жоғары бағалап, тағылымдамадан көп нәрсе үйренуге болатынын атап өтті. Ол Астанадан арнайы келіп, өз жобаларын — «Шеберлік тәлім» мен «Математика клубын» таныстырды.
Пленарлық мәжілістен соң тағылымдама шеберлік-сынып форматында жалғасты. Алакөл мен Кербұлақ аудандары өзара тиімді әрекеттесу мәселесін талқыласа, Көксу мен Сарқан аудандары «Жобалық кеңсенің сапалы құрамы: үздік тәжірибелер» тақырыбында өз даму жоспарлары мен оқыту бағдарламаларын ұсынды.
Панфилов ауданында жалғасқан тағылымдама аясында қатысушылар ауданның мақсатты мектептерімен танысты. Олардың қатарында Д.Қонаев атындағы мектеп, Абай атындағы орта мектеп және №6 мектеп-интернат бар.
Одан кейін Ескелді, Ақсу, Текелі және Талдықорған қалаларындағы әдістемелік орталықтар оқыту сапасын арттыру, педагогтерді тестілеуге дайындау және білім сапасын басқару бағытында тәжірибелік жұмыстарын көрсетті.
Тағылымдаманың соңғы күні Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте өткен жобалық сессияда педагогикалық әлеуетті дамыту жолдары мен табысты мектептердің тәжірибесі кеңінен талқыланып, жол карталары әзірленді. Қорытындылай келе қатысушылар алғыс хаттар мен арнайы сертификаттарға ие болды.