Қоғам • Кеше

Талдықорғанда әлеуметтік осал топтарға 1,4 млрд теңгеге жуық көмек көрсетілді

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2024 жылдың қорытындысы бойынша Талдықорған қаласында әлеуметтік қолдау шаралары аясында 8 357 азаматқа көмек көрсетілді. Бұл санатқа аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғызбасты қарттар және басқа да әлеуметтік осал топтар кіреді. Қалалық әкімдіктің бастамасымен аталған азаматтарға нақты қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

Талдықорғанда әлеуметтік осал топтарға 1,4 млрд теңгеге жуық көмек көрсетілді

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ арқылы тұрғындарға жалпы сомасы 1 391,0 миллион теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер жүргізілді. Бұл төлемдер зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек және басқа да мемлекеттік қолдау түрлерін қамтиды.

Талдықорған қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мәди Қайратқалиұлы Шакеновтің айтуынша, әлеуметтік саясатты жүзеге асыруда мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару құрылымдарының үйлесімді жұмысы маңызды рөл атқарып отыр.

– Мемлекеттік қолдау шараларының негізгі мақсаты – халықтың әлсіз тобына қолдау көрсету арқылы олардың өмір сүру сапасын арттыру. Біз тек қаржылай көмектен бөлек, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік бейімдеу қызметтерін де ұсынамыз, – деді бөлім басшысы.

Бұдан бөлек, жыл ішінде қалада бірқатар жаңа бастамалар қолға алынып, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызметі кеңейтілді. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған инклюзивті бағдарламалар іске асырылып, оларға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді.

Әлеуметтік қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады. Билік өкілдері бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелілігін арттыру мақсатында цифрландыру, проактивті қызмет көрсету және қоғаммен кері байланысты нығайту бағытында жұмыстарды күшейтуді жоспарлап отыр.