Қоғам • Бүгін, 09:15

Медиасауатқа мән берген жиын

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі журналистика уақыт алға озған сайын өзгеріп жатыр. Жасанды интеллект әкелген жаңалықтар да қазақ журналистикасына соны леп әкелетіні рас. Медиадағы сауаттылық, кадр тапшылығы мен ақпараттық қауіпсіздік мәселелері де күн тәртібінен түспей тұрғаны анық. Осы және өзге мәселелер М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Бүгінгі журналистика: сын-қатерлер, трендтер, мемлекеттік құрылымдармен өзара іс-қимыл» атты семинардың өзегіне айналды.

Медиасауатқа мән берген жиын

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мұрындық болуымен өткен іс-шараға облыс аудандарындағы медиа орталық жетекшілері, сан жылдар бойы салада тер төгіп келе жатқан тәжірибелі журналистер және журналистика мамандығында білім алып жатқан студенттер қатысты.

Іс-шарада алғаш сөз алған Мәдениет және ақпарат ми­нистр­лігі БАҚ саласын­дағы мем­­лекеттік саясат депар­таменті­нің директоры Қайнар Ахетов журналистикадағы бүгінгі өзгерістер, медиасаясат пен мемлекеттік органдардағы ақпараттық байланысты нығай­ту, жаңа деңгейге көтеру туралы ұтымды ойын ортаға салды.

Кейіннен іс-шараға арнайы қатысқан спикерлер бірнеше тақырып бойынша баяндама жасап, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Алмат Сәдуақастың айтуынша, БАҚ пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты жақсарту мақсатында үздіксіз жұмыс жүргізілуі керек.

«Дәл қазіргі кезеңде жылдам­дық қажет. Сондықтан да жыл­дам әрі нақты, дәйекті мәлімет беру­дің маңызы зор. Қоғам қажетті­лігін өтеуде БАҚ пен мемлекеттік құрылымдардың өзара үйлесімді жұмысы шешуші рөлге ие екені даусыз. Осы орайда өңірлік коммуникациялар қызметі БАҚ өкілдері мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді іс-қимыл, байланысты, ашықтық­ты қамтамасыз етіп отырғанын айта кеткен жөн. Баспасөз мәс­лихатын ұйымдастырудағы мақ­сат – есеп тыңдау емес, жарты жыл, бір жыл ішінде атқарылған жұ­мыстың сапасына мән беру. Жур­налист байланыса алмай жүр­ген басқарма, департамент бас­шы­ларын бетпе-бет жүз­дес­­тіре алатын бірден-бір орын – өңір­­лік коммуникация қызметі алаңы. Өңірлік коммуникация­лар қыз­меті халық тарапынан келіп түс­кен арыз-шағым, сауал­дар­ға да дер кезінде кері байланыс ор­натып, жауап беріп оты­рады. Бұл тұста аудандағы медиа орта­лық басшыларының, баспа­сөз хат­шы­ларының ықпалы зор», дейді ол.

Басқосуда сөз алған қалам­гер Бақытжан Маханұлы жалған ақпараттың қоғамға тигізер зия­ны мен медиасауаттылықтың маңызына тоқталды. Спикер журналистер мен оқырмандар арасында сын тұрғысынан ойлау дағдыларын қа­лыптастыру қажет екенін, ақ­па­ратпен жұмыс істеудің жауап­кершілігі артқанын атап өтті.

«Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құлан­баева медиаконтентті визуализациялау әдістерімен бөлісіп, графика, инфографика мен бейнематериалдардың аудитория тартудағы маңызын нақ­ты мысалдармен көрсетті. Сол секілді журналистің баяндау шеберлігі мен аудиториямен байланыс орнату тәсілдері айтылды. Спикер сендіру, эмо­циялық әсер және тілдік стилдің рөліне ерекше мән берді.

Семинар барысында тек кәсіби дағдылар емес, журна­листердің әлеуметтік мәселелері де қозғалды. Қатысушылар сала­дағы еңбекақының төмендігі мен маман тапшылығын ашық айтып, бұл мәселелердің БАҚ сапасына тікелей әсер ететінін жеткізді.

 

Жамбыл облысы