Өшпес даңқ • Бүгін, 09:25

Жеңіс туын тіккен қаһарман

70 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Екінші дүние­жүзі­лік соғыста тең­дессіз ерлік жаса­ған жүз­ден аса қазақ Кеңес Одағының батыры атанды. Алайда солақай сая­­сат­тың кесірінен дер кезінде бағаланбай, көпе-көрінеу қиянат көрген боздақ­тарымыз да жетер­лік. Солар­дың бірі – Рейхс­тагқа алғаш болып жеңіс туын тіккен қаһарман тұлға Рақымжан Қошқарбаев.

Жеңіс туын тіккен қаһарман

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Берлинді алардағы шайқас

Рақымжан Қошқарбаев 1924 жыл­дың 15 қазанында Ақмола облысына қарасты Ақмола ауданындағы Қырыққұдық қыстағында дүниеге келді. Әкесі Қошқарбай Мусин қарапайым шаруа адамы еді. Рақымжан мектеп табалдырығын аттаған жылы шешесі Жамал дүниеден озды. 1935 жылы әкесі «Халық жауы» ретінде ұсталып, саяси тұтқын ретінде ГУЛАГ лагеріне айдалды.

Қамқоршысыз қалған Рақымжан Тайтөбедегі жетім бала­лар интер­натына ауыстырылды. 1940 жылы 9 жылдық мектепті тәмамдап, арада екі жыл өткен соң, 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Фрунзе жаяу әскер училищесіне оқуға жіберілді. 1944 жылдың желтоқсан айын­да училищені ойдағыдай біті­ріп, І Беларусь майданының 150-Идрицк атқыштар дивизия­сының құрамында взвод коман­дирі ретінде майданға кірді. Ол кезде «халық жауының» баласы Рейхстагқа алғаш болып, қызыл туды желбірететінін ешкім білмеген еді.

Рақымжан Қошқарбаев аталған дивизия сапында Мәскеу, Киев, Минск қалаларын артта қалдырып, Варшава май­данына жетті. Лейтенант шенді сарбаз Шнайдемюль мен Ветшвин-зee көлі маңындағы шайқастарда алғашқы ерлігін жасап, І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды. 1945 жылғы 12 қаңтар күні І Беларусь және Украин армия­лары­ның күші біріктіріліп, тарих­тағы ең қанды Висло-Одер опера­циясы басталды. Бұл кезде кеңес әскеріне фашистердің «Орта­лық» атты армиялар тобы қар­сылық көрсетіп, бір қадам алға жылжуға мүмкіндік бермей тұр­ған еді.

Лейтенант Қошқарбаев басқаратын взводқа Берлинге барар жолды бөгеп тұрған бірінші траншеяны алуға бұйрық берілді. Рақымжан әскерлердің рухын көтеріп, алға қарай ұмтылды. Алайда көрші Гриченковтың взводы аузынан оқ бораған жау пулеметтеріне төтеп бере алмай, қаша бастады. Қошқарбаевтың «Тоқта, қайт кейін!» деген ащы дауысы қашқандардың есін жидырды. Рақымжан бастаған бір топ сарбаз траншеяға жетіп, фашист әскерімен қолма-қол ұрысқа кірді. Ол бір өзі жаудың үш әскерімен айқасқа түсіп, екеуін автоматпен атып, біреуін мылтықтың дүмімен соғып сұлатты. Осылай қиян-кескі ұрыс салып жүріп, алынбас қамалдай көрінген бірінші траншея қызыл әскердің қолына өтті.

Шайқасты батальон коман­дирі, Кеңес Одағының батыры Арсентий Твердохлебов бақылау пунктінен қарап тұрған еді. Жаужүрек жігіттің арқасында батальон тегіс траншеяға өтіп, барлық қаруды екінші траншея жағына бұрды. Қызыл әскер түнде батальонды қырып салуды көздеген фашистерді тежеп, артиллерия қолдауымен екінші тран­шеяға үш рет шабуыл жаса­ды. Қошқарбаев таң атқанша арпа­лысып жүріп, позициясын сақ­тап қалды. Оның взводы тіпті екін­ші траншеяның сол жақ қана­тына өтіп штабқа: «Жау бізді түгел құрыды деп есептейді. Үнсіз жатырмыз. Нұсқауыңызды күте­­міз» деген хабар жіберді. Ком­­бат Твердохлебов тәуекелге бел буып екінші траншеяға ша­буыл­­ды бастайды. Осы сәтте Қош­­­қар­баев взводы бүйірден соқ­­қы беріп, дұшпанның зәресін ұшы­­рып, екінші траншея да алынды.

Алдағы мақсат үшінші траншеяны басып алу еді. Бірақ қарсылық тым күшті болды. Саперлер түнімен миналарды аршып, танктер үшін жол ашты. Төрт танк алға жылжи бас­тағанда жаяу әскер де ілесе алға ұмтылуға тиіс еді, алайда сол жақтағы кірпіш үйден дұш­пан пулеметі сақылдап қоя бер­ді. Танктер жолды ашып бер­генімен, жаяу әскер бас көтер­мес жағдайда қалып қойды. Сол сәтте батальон командирі тан­кі­шілерге «пулеметтің көзін құртуды» бұйырып, бұй­рықты жеткізу үшін байланысшыны жұмсаған болатын. Байланысшы танкке жете бергенде мина жарылып, ауыр жараланды. Жаралыны құтқаруға ешкімнің бұйрығын алмастан Қошқарбаев ұмтылды. Оған лезде жетіп, арқалап кері қайтты. Жаралы сарбаз Қошқарбаевқа алғысын жаудырып жатқанда Твердохлебов: «Менің басы артық офицерім жоқ, жолдас Қошқарбаев! Сізді байланысшыны құтқаруға кім жұмсады?» деп кейіді. Қошқарбаев комбатқа: «Мені өз жүрегім жұмсады» деп қысқа жауап қайырды. Осы Одер шайқасында Рақымжан Қош­қар­баев бастаған взводтағы 38 жауынгердің 8-і ғана тірі қалды.

16 сәуір күні І Беларусь майданы Берлин бағытына шабуылға шықты. Бұл кезде батальон Берлиннен небәрі 70 шақырым жерде орналасқан еді. Батальонға әйгілі Гросс танк бригадасымен тас-түйін болып бекінген Барним елді мекенін жедел басып алу бұйрығы бе­ріл­­­ді. Тікелей шабуылдауға жол жоқ. Рақымжан Қошқар­баев құрамында болған 4-рота қанатын кеңге жайып, дұшпан­ның назарын жан-жаққа аудару тәсі­ліне көшті. Әдіс сәтті болып шығып, Барним кеңес әскерінің қолына өтті. Осылайша, батальон Фриндландшторм кана­­лы­ның маңында орналасқан Кунерсдорф қаласына қарай бағыт алды. Бұл Одерден кейінгі Бер­линнің басты қорғаныс ше­бінде тұрған қала еді. Жау каналды әр 10-15 минут са­йын жарқырауық ракеталармен бомбы­лағанына қарамай, ба­­­та­­­льон су арнасынан өтіп, Кунерс­дорф қаласын да басып алды.

Бұл шайқас 150-дивизияға Бланкенбург қалашығы мен Рейникендорф әкімшілік округін алып, Берлин кана­­лы­ның шығыс жағына шығуға жол ашты. Осылайша, 674-полк теміржолды бойлай орналасты. Осы кезде кеңес әскері Берлинді толықтай қоршауға алғаны хабарланды.

 

Әділетсіздік һәм қиянат

1945 жылдың 28 сәуірінде Рейхстагқа жеңіс туын жел­бірету туралы бұйрық түсті. Бұл операцияға 150-атқыштар дивизиясына қарасты 674-полк­­­тің 1-батальонының құра­­мындағы лейтенант Рақымжан Қош­қар­баев та белсене қатысты. Ол 1944 жылдың 29 сәуірінде 674-атқыштар полкінің сапында фашисттік Германияның ішкі істер министрлігінің ғимаратын, атақты Гиммлердің үйін басып алуда да жанқиярлық ерлік көрсетті. Келесі күні қазақтың батыр ұлы Рейхстагқа жеңіс туын ілу тапсырмасын алып, жаудың бораған оғының астында 7 сағат бойы арпалысқа түсті. Жауынгер Григорий Булатов екеуі 360 қадам қашықтықты жер бауырлай жүріп, Рейхстагтің ортаңғы кіреберісіне қызыл әскердің алды болып жетті. «674-полк, Қошқарбаев, Булатов» деген жазуы бар туды іліп, миллиондарды жалмаған соғыстың соңғы нүктесін қойды. 1945 жылы 3 ма­мырда 150-дивизияның «Воин Родины» газеті бұл оқиғаны «Олар шайқаста ерлік көрсетті! Отан олардың есімін зор құрметпен атайды. Кеңес батырлары – халықтың ардақты ұлдары. Олардың ерен ерлігі туралы кітаптар жазылып, әндер шығарылады. Гитлер қорғанының үстіне олар жеңіс туын тікті. Ержүрек жауынгерлер – лейтенант Рахымжан Қошқарбаев пен қызыл әскер Григорий Булатов есімін мәңгі есте сақтаймыз. Олармен қатар шайқасқан басқа да даңқты жауынгерлер болды: Проваротов, Лысенко, Орешко, Почковский, Бреховский, Сорокин. Отан олардың ерлігін ешқашан ұмытпайды. Батырлардың даңқы арта берсін!» деп жазды.

Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың ерлігі туралы рапорт І Беларусь майданының басшы­­­­сы Григорий Жуковқа, одан кейін Иосиф Сталинге де жетті. Әйгілі диктор Ю.Левитан баяндама жасап, қос батырдың есімі бүкіл одаққа танымал болды. Бірақ арада көп уақыт өтпей 30 сәуірдегі Қошқарбаевтардың ерлігі белден сызылып, Рейхстагқа туды 1 мамыр күні сағат 3.00-де Мелитон Кантария мен Михаил Егоров тіккені туралы Сталиннің №20 жарлығы шықты. Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Қызыл Ту орденімен марапатталып, «алғашқылық» атағынан айырылды.

КСРО басшылығының бұл қиянатына кеңестік жазушы Василий Суботин алғаш болып наразылық туды­­рып, «Как кончаются войны» атты кітабында Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Була­товтың ерлігі туралы сөз қозғап, оқырманға кеңестік идеологияның көлеңкесінде қалған шындықты таныстырды. Тіпті бір сұхбатында «Эти пятнадцать лет я просто терзался, что тот подвиг был совершен молодым Рахимжаном и его мальчиком Булатовым, как бы забылся...», деп шырылдады.

Сол күндері жарық көрген «Нью-Йорк таймс» газеті: «Кеңес әскері кеше Берлиннің әр үйін ерекше жанкешті шабуылдармен ала отырып, әкімшілік орталығына жетіп, Рейхстагқа жеңіс туын тікті. Бұл Рейхстаг Гитлер Кеңес одағына лап қояр алдында әскери басшыларын жинап алып: «Германияның күш-қуатқа молыққаны сонша, енді оны ешқандай да мемлекеттер одағы тізе бүктіре алмайды» деп мақтанған еді. Енді міне, орыстардың Берлин қорғанысын құлатуы мен жалпы Германияны тізе бүктіруіне көп қалған жоқ. Бүгін Рейхстагта екі жеңіс туының желбірегені белгілі болды. Біріншісін 150-Идрицк дивизиясының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатов ­30 сәуір күні сағат 15.00 шамасында халық туын; екіншісін басқа бөлімнің барлаушылары Егоров пен Кантария 1 мамырда сәске түсте ставка туын тікті», деп жазады.

Қысқарта айтқанда, Рақым­жан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың ерлігін әйгілейтін мыңдаған жазба дерек бар. Кеңес одағы басшыларының бұл қиянатының астарында батыр­дың әкесі Қошқарбай Мусин­­нің «халық жауы» ретінде сотталғаны бар екені анық. Мұның сыртында сол тұстағы биліктегілердің «жеңіс жалауын міндетті түрде белгілі бір ұлт өкілі тігуі керек» деген сыңаржақ ойы да тарихқа қия­нат жасауға жол ашты. Бірақ қазір Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың көзсіз ерлігі Екінші дүниежүзілік соғысты мәңгілікке түйіндеп, Жеңістің таңын атырғанын әлем мойындайды.

 

Кендебай АДАМБЕК,

генерал-майор, ҰҚК құрметті қызметкері, Астана қалалық мәслихатының депутаты,

Бауыржан ЖЕКІБАЕВ,

полковник, ҰҚК құрметті ардагері