Өндіріс • Кеше

Металлургия – экономика тірегі

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұған дейін металл сынықтарын жинаумен айналысатын жеке тұлғалардың кірісіне 85% салық жеңілдігі берілген болса, енді аталған норма күшін жойған. Таяуда «Түсті металл және металл қалдықтарын жинаушылар қауымдастығы» Ұлттық экономика министрлігі мен Мәжіліске хат жолдап, мәселенің жай-жапсарын түсіндіруді сұрады.

Металлургия – экономика тірегі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

«Бұл қадам мемлекеттік саясат аясында салықтық жеңілдікті 20%-ға қысқарту мақсатында қабыл­данған. Десе де мұның салдарына үңіле білуіміз керек. Ел экономикасы мұнайдан ғана тұрмайды. Металлургия саласы экономикада стра­тегиялық маңызға ие, ал металл сынықтарын жинау мен қайта өңдеу – оның ажырамас бөлігі. Металлургиялық кәсіпорындар шикізат ретінде қайталама металдарды пайдаланады, бұл өн­дірістік шығынды азайтып, табиғи ресурсқа түсетін жүктемені жеңілдетеді. Әлемдік тәжіри­беге сүйен­сек, 1 тонна болатты қайта өңдеу 1,5 тонна темір кенін және 0,5 тонна көмірді үнемдеуге мүмкіндік бере­ді. Сондай-ақ металдарды қайта өңдеу экологиялық жүктемені азайтады, өйт­кені ол бастапқы кенді өндіру және өңдеуге кететін шығынды қысқартады», деді қауымдастық өз мәлім­демесінде.

Олардың айтуынша, қазір қара және түсті металдар­дың қалдығы мен сынығын қарапайым азаматтар жинайды. Олардың үлесі металл сынықтарын жинаудың жалпы көлемінің 80%-ын құрайды. Бірақ жаңа салықтық талаптар бұл азаматтардың табысынан айырылып, металл сынықтарын тапсыруға деген ынтасын кемітпек.

Бұл ретте қауымдастық метал­л сынықтарын жинаумен айналыса­тын жеке тұлға­лар үшін салық жеңіл­дік­терін қайтару; метал­л сынықтарды қайта өңдейтін кәсіп­орындарға салықтық демалыс­тар немесе субсидия беру; ли­цен­зиялау және бақылау жүйе­сін жетілдіру; металл сынықтарын жи­наушыларға арналған тіркеу рәсімдерін жеңілдету; жаңа салықтық талаптардың экономика мен металл нары­­ғына әсерін жан-жақты зерттеу сияқты ұсыныстар жолдайды.

«Үкіметтің бюджет тап­шылы­ғын қысқартуға тырысып жатқа­ны құптарлық шара, дегенмен қара және түсті металдардың қалдығын жинайтын азаматтар үшін жеңілдіктің жойылуы қиын­д­ық туғызайын деп тұр. Сондықтан салықтық өзгерістерді қайта қарап, балама шараларды қарас­тыру маңызды», дейді қауым­дастық өкілдері.

Экономист Алпамыс Сегіз­бай­ұлының сөзінше, қауымдас­тықтың көтеріп отырған мәселесі өте өзек­ті. Сарапшы мәселені «Атамекен» ҰКП-мен бір­ле­сіп шешуді ұсынады.

«Тиісті мекемелер мен Мә­жі­ліске хат жолда­мас бұрын мемлекеттік институттарға проб­леманы шешу жолдарын ұсынып, талқылатып алғаны дұрыс болар еді. Институттар мә­селені тереңі­рек зерделеп, уәждің орынды екенін көрсе­тіп береді. Меніңше, жалғыз қауымдастық емес, бір­неше қауымдастық бірлесе отырып хат жолдаса, министрлік пен Мә­жіліс құлақ асар еді», деген ойын жеткізді сарапшы.