
Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Ес білген шақтардан есімде қалғаны – марқұм анам Алмагүл Маханова әкесінің майданға аттанғаннан ұшты-күйлі жоғалып, сол күйі хабарсыз кеткенін айтып, бір көрсем деп аңсап отыратын. Сол кездері бала қиялға беріліп: «Сиқыршы болсам, нағашы атамды тауып әкеліп, анамды бір қуантсам ғой» деп армандаушы едім. Сөйтіп жүріп ер жетіп, есейдік. Оқу оқып, қызметке тұрдық. Анам 2000 жылы өмірден озды. Арада қанша жыл өтсе де, «Отанын қорғау үшін қан майдан кешкен атамыз іздеу-сұраусыз қалмауға тиіс, оны бір күні табамын» деген ой жүрегімнің түбінде жатты. Анамның інісі Совет Маханов кезінде әкесін іздеп көріпті. Бірақ одан нәтиже шықпаса керек.
Осыдан 10 жылдай бұрын соғыс ардагерлеріне қатысты деректерді табуға болатын түрлі интернет-ресурстар бар екенін біліп, өз бетімше нағашы атамды іздеуді бастадым. Бірақ қолымда ол кісі туралы мәлімет тым мардымсыз еді. Анамның айтуынша, нағашы атам 1904 жылы туған, соғыс басталған жылдары шамамен 37-38 жасында майданға аттанған. Одан арғы өмірі жайында ешқандай дерек жоқ. Қай жерде соғысқанын, қандай әскери құрылым қатарында болғанын ешкім білмейді. Соғыстан бұрын қазақ әліпбиі алдымен теріс жазудан латыншаға, одан 1940 жылы қазіргі кириллицаға ауысқандықтан, ол уақытта сауаты бар адамдар некен-саяқ еді. Содан да шығар, нағашы атам үйге бірде-бір хат жазбаған, оның артынан «қаза тапты» деген қара қағаз да келмеген.
Алдымен интернет арқылы іздеп көріп, нәтиже шықпаған соң, Ресей Қорғаныс министрлігінің өңірлердегі әскери комиссариаттарына, сол елдегі түрлі ақпараттық-іздестіру орталықтарына хат жаздым. Соғысқа нағашы атаммен бірге оның туған інісі Ахмет Бейсенбиев та бірге алынған екен. Бірақ оның да қай жерде соғысып, сүйегі қайда қалғанын ешкім білмейтін. Нағашы атамды іздеуді бастаған соң, Ресейге жазған хаттарымда бірден екеуінің аты-жөнін көрсетіп сұрау салдым.
Алдымен Курск облысының Әскери комиссариатына жазған хатыма: «Мұндай адамдар туралы мәлімет табылған жоқ» деген жауап келді. Сондай-ақ хатта 1954 жылы Курск облысының кейбір аудандары Орел, Липецк, Белгород облыстарына берілгенін, сол жақтан да сұратып көру туралы ұсыныс айтыпты. Аталған облыстардың әскери комиссариаттарына, одан соң Ресейдегі Аймақаралық ақпараттық-іздестіру орталығына, Қызыл Крест іздестіру және ақпарат орталығына да хат жіберіп көрдім. Бірақ бәрінен «Сіздің өтінішіңіз қарастырылды. Мұндай адамдар табылған жоқ» деген екі ауыз сөз жауап қана алдым.
Осылай хат алмасумен жүргенде арада 2-3 жыл уақыт сырғып өтті. Өз күшіммен іздеуден нәтиже шықпайтынын білген соң, бір кісілер осы саладан хабары бар маманға жүгінуге кеңес берді. Сөйтіп, саналы ғұмырында еліміздің Қорғаныс министрлігінде қызмет істеп, запасқа шыққан полковник Мағжан Қаһарманов есімді адаммен танысып, көмегіне жүгіндім.
Ол маған Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты архивтік құжаттардың бәрі Мәскеу түбіндегі Подольск қаласында орналасқан РФ Қорғаныс министрлігінің орталық архивінде сақтаулы екенін айтты. Содан 2018 жылы жол шығынын өзім көтеріп, Мағжан Ғадылшинұлын Подольскіге жібердім. Мұрағат саласының қыр-сырын жетік білетін тәжірибелі маман орталық архивте екі-үш апта тапжылмай отырып ізденіп, ақыры нағашы атам Махан мен оның інісі Ахмет Бейсенбиевтер туралы деректерді таптым деп хабарласқанда, төбем көкке жеткендей қуандым. Осылайша төрт жыл дегенде аталарымның қай майданда соғысқаны мен қай жерде қаза тауып, жерленгені туралы деректерге алғаш рет қол жеткізіп, бала күнгі арманым орындалды.
Кейін білгенімдей, аталарымыз жайында мәліметтердің табылмауының себебі – фамилиялары әр жерде әртүрлі жазылып кеткен екен. Біз тапқан архивтік құжаттарда бір жерде Бисенбаев, екінші жерде Бесинбаев, Биеисенбаев, т.б. деп жазылған болып шықты. Полковник Мағжан Ғадылшинұлының осындай бірнеше нұсқа бойынша іздеуі нәтижесін берді.
Сонымен, табылған мәліметтерге қысқаша тоқталсам, қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданында 1904 жылы өмір есігін ашқан нағашы атам соғыс басталған кезде жасы 37-де болыпты. Алғашқыда 1905 жылдан кейін дүниеге келгендерді майданға алғандықтан, ол бірінші мобилизацияға ілікпеген. Алайда Қызыл армия орасан зор адам шығынына ұшырап, қосымша күш керек болғаннан кейін 45 жасқа дейінгі ер азаматтарды да соғысқа шақырып, нағашы атам шамамен 1942 жылдың жазында Арыс аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға алынады. Алдымен бұларды Семейдегі 125-қосалқы атқыштар полкінде жеделдетілген әскери оқу-жаттығудан өткізіп, мылтық ұстап, атуды үйреткен соң, құрамында нағашы атам бар марш ротасы Сталинград майданында ұрыс салып жатқан 96-атқыштар дивизиясының 1 384-атқыштар полкінің қатарын толықтырыпты. Қызыләскер М.Бейсенбиев шайқасқан полктің тарихи формулярында: «1942 жылдың 12 тамызынан бастап 1943 жылдың 31 қаңтарына дейін 96-атқыштар дивизиясының 1 384-атқыштар полкі Дон майданының 21-армиясы құрамында үздіксіз шабуыл ұрысына қатысты», деп көрсетілген. Осы аралықта дивизия Серафимович қаласы мен Бобровский-2, Базковский, Мариновка, Карповка, Жирноклеевка, Новый Рогачик, Госпитомник, Гумрак секілді 15 елді мекенді жаудан азат етеді.
1943 жылдың 31 қаңтарынан бастап 2 ақпанға дейін полк жауынгерлері Сталинградтың Дзержинский ауданы аумағында қиян-кескі ұрыс сала жүріп, қаланың батыс бөлігін жаудан тазартады. Тарихи формулярда бұл туралы: «...Полк 300 шақырымға созылған жедел маршпен Калач қаласының түбінен шығып, жаудың Сталинград маңындағы тобын толықтай қоршауға қатысты», деп жазылған.
Өкінішке қарай, дәл осы күндері нағашы атам М.Бейсенбиев ауыр жараланып, шайқас бітетін күні, яғни 1943 жылдың 2 ақпанында майдан даласында ес-түссіз жатқан жерінен табылып, Калач-на-Дону қаласының Голубинская стансасында жаңадан тігілген №503 далалық көшпелі госпитальға жеткізіліпті. Сол жерде жаралыларды тасып жүрген адамдардың ауызша айтуымен фамилиясы Бесимбаев деп жазып алынған. Дәрігерлер оның жарақатын тексеріп, ота жасамаса болмайтынын түсінеді. Алайда жақын маңда әлі де шайқас жүріп жатқандықтан, далалық жағдайда ота жасауға мүмкіндік те, дереу арада ең жақын ауруханаға апаруға уақыт та болмаса керек. Келесі күні, 3 ақпанда қызыләскер М.Бейсенбиев есін жимаған күйі өмірден озып, Калач-на-Дону қаласының зиратындағы №10 қабірге көмілген. Соғыстан кейін қала орталығындағы Бауырластар зиратына қайта жерленеді.
Ал нағашы атамның інісі Ахмет Бейсенбиевтің жауынгерлік жолына келсек, ағасымен бірге Семейдегі 125-қосалқы атқыштар полкінде жеделдетілген әскери оқу-жаттығудан өткен соң оны Ленинград түбіндегі Солтүстік-Батыс майданға аттандырыпты. 1942 жылы 34-армияның 241-атқыштар дивизиясының 332-атқыштар полкі қатарында Ленинград облысындағы Демянск маңына шоғырланған жау тобын қоршау операциясына тұңғыш рет қатысқан.
Ленинград облысынан кейін 5 шілдеден 23 тамызға дейін Воронеж майданындағы Курск және Белгород-Харьков стратегиялық шабуылдау операцияларына қатысып, талай кескілескен шайқастан аман шығып, 1945 жылдың мамырына дейін Ресей, Украина, Польша, Чехословакия жерлеріндегі жүздеген елді мекенді азат етуге бір кісідей атсалысады.
Архивтік құжаттарға жүгінсек, Ахмет атамыз ең соңғы рет Чехословакияның Моравско-Острава қаласын жаудан азат етуге қатысады. 15 сәуірде артиллерия қаруымен дүркіндетіп атудан басталған қиян-кескі ұрыстар 30 сәуірге дейін үздіксіз жалғасып, кеңес әскерлері Моравско-Острава қаласын жаудан толықтай босатады. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстағы фашистердің ең ақырғы қарсылық көрсеткен жері болатын. Қала алынған соң, соғыс іс-қимылдары біртіндеп саябырсып, көп өтпей Жеңіс күні де келгені белгілі.
Өкініштісі сол, атамыз А.Бейсенбиев қанша жыл аңсап күткен Жеңіске санаулы күн ғана қалғанда Моравско-Острава ауданының Поруба ауылы түбіндегі ауыр шайқаста ерлікпен қаза тауыпты. 1946 жылы Чех Республикасының Моравия-Силезия өлкесіндегі Глучин қаласында кеңес әскерлері жатқан Бауырластар зиратына қайта жерленген.
Полковник М.Қаһармановтың көмегімен осы архивтік құжаттардың бәрін тауып, діттеген мақсатыма жеткен соң, 2018 жылы нағашы атамның тікелей ұрпақтары, Есенбай Бейсенбиев пен Самат Маханов атты екі нағашымды ертіп алдымен Махан атамыздың соғысып, қаза тапқан жері Волгоград қаласына арнайы бардық. Біздің Ресейдегі елшілік арқылы алдын ала сөйлесіп қойған едік. Волгоград қаласы әкімшілігінің ұйтқы болуымен «Отанымызды қорғаған сарбаздардың ұрпақтары келді» деп бізді сән-салтанатпен күтіп алып, аяғымызды жерге тигізбей үш күн қонақ қылды. Жергілікті музейлерді аралатып, атамыздың шайқасқан жерлері мен жерленген Бауырластар зиратына зиярат қылып, басына құран бағыштап, туған жерден апарған топырақты салдық. Жергілікті тарихшылар бұл өлкеде сол 1942–1943 жылдардағы ауыр шайқастар қалай өткенін көз алдымызға келтірердей қылып тәптіштей әңгімелеп, біз білмейтін көп жайға қанық қылды.
Ал келесі жылы жолдасым Жұмабек Сәдуақасов екеуміз Чехияға сапарлап, А.Бейсенбиев атамыздың жерленген жерін де арнайы көріп, тағзым етіп қайттық. Осылайша 70 жылдан аса сүйектері қайда қалғаны белгісіз болып келген аталарымыздың майдандағы ғұмыр тарихы мен жер қойнына табысталған орны түгелдей анықталып, төрт жылға созылған іздеу жұмыстарым ойдағыдай сәтті аяқталды.
Менің бұл мақаланы жазудағы мақсатым – біріншіден, осы қуанышымды көппен бөлісіп, ел қорғаған ер аталарымыздың болғанын халыққа таныстыру болса, екіншіден, мен секілді соғыста аталары мен әкелерін жоғалтқан өзге де отандастарымызға ой салу, бәлкім іздейміз десе, бағыт-бағдар беру еді. Тарихшылардың айтуынша, Қазақстаннан майданға аттанған азаматтардың кемінде 250-300 мыңдайы хабар-ошарсыз кеткен болып есептеледі. Бірақ олар туралы деректер архивтерде бар болуы мүмкін.
Иә, майданға аттанған әрбір жауынгер елі үшін күресті, жері үшін жанын қиды. Олар іздеусіз-сұраусыз қалу үшін туған жерден жыраққа кеткен жоқ. Сіз бен біздің болашағымыз үшін сұрапыл күндерді бастан өткерді. Сертіне берік болды. Отан үшін от кешкен әрбір жан құрметке бөленіп, есімі тағзым тұғырына жазылуға лайық.
Серік ТӘУКЕБАЕВ
Астана