
Сурет: baq.kz
Бір-бірімен тығыз байланысты болса да, үлкен ғалым атану – бір басқа да, ғылымды басқару бөлек әлем. Ғылымды қара нардай жүгін арқалаған, қыр-сырын білетін, ерекшеліктерін терең ұғатын талғампаз тұлға ғана басқара алады. Осындай үлгідегі сирек таланттың бірі – Ұлттық ғылым академиясының академигі Сейіт аға Қасқабасов еді.
Сейіт Асқарұлы Астанаға алғаш қоныс аударған 1997 жылдан бері Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғылымды басқарудың қалыптасқан жүйесін сапаландыруға елеулі үлес қосты.
Азаматтың өмірлік ұстанымы болады. Сейіт ағаның жақсы ғалымдығына қоса, іскер ұйымдастырушы да болуы оның туабітті алғырлығынан, еңбекқорлығынан деп білемін.
Қазақ КСР Ғылым академиясы Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің ғалым-хатшысы, содан соң Қазақстан компартиясы орталық комитеті мен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жауапты қызметкері, кейін Жоғары аттестаттау комиссиясының төрағасы лауазымында жүргенде ғылыми жұмыстарын, соның ішінде фольклортану мен өнертануды назарынан қағыс қалдырып көрмеген біртуар тұлға болды.
Тарих ақтаңдақтарын қалпына келтіруге атсалысуды абыройлы парыз деп санаған Сейіт Асқарұлын тарих, әдебиет, мәдениет саласындағы әріптестерімен бірге күллі зиялы қауым жақсы білді.
Алматыдағы Әдебиет институты басшылығына шақырылып, он жыл сонда табысты еңбек еткен соң, қара шаңырағым деп университетімізге қайта оралған Сейіт Асқарұлы қазақ әдебиеті кафедрасының тізгінін ұстады. Ол бір кезде өзі ашқан «Еуразия» ғылыми зерттеу орталығы, Шығыстану факультеті жұмысына ақыл-кеңесін беріп жүрді.
Сейіт Қасқабасовтың азаматтық, ғалымдық келбеті дегенде, ол гуманитарлық ғылым әлеміне еселі еңбек етті.
Сондай-ақ қазақ фольклортану ғылымында өз мектебін қалыптастырды. Сейіт Қасқабасовтың есімі мен еңбегі Қазақстанда ғана емес, шетелде де зор ілтипатпен аталады.
Азаматтық айқын ұстанымымен, қажырлы еңбегімен тарих, фольклор, әдебиет, мәдениет пен руханият салаларының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан академик ел-жұрттың құрметіне бөленді. Соңына том-том ғылыми еңбегі мен лайықты шәкірттерін қалдырды.
Сейіт Қасқабасовтың ғибратты ғұмыры мен жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталады деп сенемін.
Ерлан Сыдықов,
академик