
Мәжілісте Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, себептері мен жағдайларын жоюға қатысты тапсырмаларын орындау мәселесі негізгі назарға алынды.
Ресми мәліметке сүйенсек, бірінші тоқсанда 67 талдау мен мониторинг жүргізіліп, 500-ден астам ұсыным әзірленді. Туризм және мектепке дейінгі білім беру салаларында анықталған жүйелі тәуекелдер бойынша халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, нақты шаралар ұсынылды.
Бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына бақылау нәтижесінде жыл басынан бері 21,2 млрд теңге көлеміндегі ұтымсыз шығынның алдын алынды. Оның ішінде 6,4 млрд теңге бюджетке қайтарылды. Мәселен, Жезқазған қаласында жолдарға артық бөлінген 350 млн теңге үнемделді, ал Қонаев қаласында жер учаскелерінің құнын арттыру фактілері тоқтатылды. Жамбыл облысында туризмді дамытуға бөлінген 208 млн теңге мақсатсыз жұмсалудан сақталды.
Алдын алу мақсатында әкімшілік тәжірибе де қолданылды: тоқсан ішінде 18 адам жауапкершілікке тартылып, 5 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Көбіне мүдделер қақтығысы және бизнеске заңсыз араласу фактілері тіркелген.
Агенттік басшылығы бизнес құқығын қорғау бағытындағы жұмыстарды да жалғастыруда. «Бизнеске жол» жобасы аясында 3 мыңға жуық кәсіпкердің құқығы қорғалып, 24 түйткілді іс шешімін тапты. Мәселен, Жетісу облысында су тарифтері қайта қаралып, кәсіпкерлерге 23 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік туды.
Сонымен бірге, қоғамда парасаттылық пен заңдылық қағидаттарын нығайтуға бағытталған ағартушылық жұмыстар жалғасып жатыр. Бірінші тоқсанда 450 мыңға жуық азаматты қамтыған 3 мыңнан астам іс-шара өткізілді.
Кеңес барысында өңірлік департаменттердің жедел және тергеу қызметі қорытындыланып, сыбайлас жемқорлық қылмыстарынан келген залалды өтеу бойынша атқарылған жұмыстардың тиімділігі бағаланды.