
Сурет: primeminister.kz
Басқосуда өңірлік саясатты іске асырудың жаңа тәсілдері жан-жақты қарастырылды. Орталық тарапынан әлеуметтік және басқа инфрақұрылымды басым түрде қаржыландыру неғұрлым дамыған облыстармен алшақтықты қысқарту үшін артта қалған өңірлерге бағытталатыны атап өтілді. Сондай-ақ бизнесті дамыту үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы желісі бойынша қаржыландыру өңірлерге қосылған құн тізбегіне қатысатын және қажетті шикізат әлеуеті мен өткізу нарықтары бар нақты жобаларға беріледі.
2028 жылға дейін аталған үш өңірде агроөнеркәсіп кешені, тау-кен металлургия саласы, туризм және қайта өңдеу бағытында 6,5 трлн теңгеге 102 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Қайта өңдеу өндірістерін, ШОБ кластерлерін және Катонқарағай, Баянауыл, Зайсан, Алакөл, Шүлбі су қоймасы сияқты туристік аймақтарды дамыту қажеттігі аталды.
Сонымен қатар трансшекаралық ағындарды ескере отырып, Ресей мен Қытай нарығына шығу мүмкіндігі бар өңірлердің көлік-логистикалық әлеуетін пайдалану маңызды.
Ауылдар мен моноқалаларды қолдау мәселесіне ерекше назар аударылды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Amanat» партиясы мен өңір әкімдіктері ауылдарды саралап, олардың мамандануын айқындады. Вице-премьер ауылшаруашылық кооперативтерін құруды және скрининг нәтижесіне сай ауылдарда шағын өнеркәсіптік аймақтар қалыптастыруды тапсырды.
Кеңес барысында Абай облысының әкімі Берік Уәли, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов және Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов есеп берді. Отырыс қорытындысы бойынша өңір әкімдіктері мен салалық министрліктерге бірқатар тапсырма берілді.