Пікір • 25 Сәуір, 2025

Ынтымақ пен дәйекті еңбектің жемісі­

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблея­сының тарихи сессиясында Мемлекет басшысы Ассам­б­леяның 30 жыл­дық жолын қорытындылап, оның еліміз­дің табысты дамуындағы стратегиялық рөлін атап өтті.

Ынтымақ пен дәйекті еңбектің жемісі­

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы «біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» қағидасын іс жүзінде жүзеге асырған халқымыздың халықаралық бренді, бірегей қоғамдық келісім үлгісінің берік іргетасы болды. Президент бүгін Ассамблеяның қоғамды топтастырудағы және ұлттық бірегейлікті нығайтудағы рөлін толық ашып көрсете отырып, оны мемлекеттігіміздің институ­ционалдық тірегі, «бірлік пен теңдіктің, бейбітшілік пен келісімнің шынайы символы» деп атады. Бұл берілген бағамен барша отандасымыз келіседі деп ойлаймын.

Президент тағы да қоғамымыздың басты қағидаттары мен құндылықтарын айқын атап өтті. Ең алдымен, бұл – ешкімді ұлтына, тіліне немесе дініне қарап кемсітуге жол бермеу. Әрбір этнос өз ана тілін, мәдениеті мен дәстүрлерін еркін дамытуға құқылы. Бұл – Әділетті Қазақстанның негізі. Елімізде баршаға тең мүмкіндік берілген, онда табыс­ты болашақтың кепілі – әр азаматтың жауап­кершілігі мен ортақ бірлігі.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы ел ішіндегі келісім мен тыныш­тық­ты бұзуға бағытталған арандату­шы­­лық әрекет пен жалған ақпарат тарату, кон­фес­сияаралық қатынастар мен тіл мәселесін саясиландыруға жол беріл­мей­тіні жөнін­де қатаң әрі берік ұстаны­мын білдірді. Президент еліміздегі тұрақты­лық­ты шайқалтқысы келетін кез келген арандату­шылық әрекет, соның ішінде шетелден бас­қарылатын деструктивті әрекеттер заң аясында қатаң түрде тоқтатылатынын нақты айтты. Заң алдында бәрі тең. Қоғамда тәртіп пен заң үстемдігі қағидаты барлық мемлекеттік орган тарапынан мүлтіксіз орындалады. Бұл ұстаным Парламент депутаттары қабылдайтын заңдардың бәрінде айқын және нақты көрініс табады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның жасампаз қызметінің арқасында қазақстандық ұлттың көпэтносты­лығы сын-қатер емес, мықты бәсекелік артықшылыққа айналды. ҚХА 130-дан аса этностың мәдениеті, тілі, дәстүрі мен руханиятын сақтай отырып, оларды біртұтас, прогрессивті қоғамға біріктіре алды. Осындай мультимәдениеттi әртүр­лілік бүкіл халықтың рухани бай­лы­ғын арттырып, оларды татулықта, төзім­ділік пен достықта өмір сүруге үйретті. Прези­дент айтқандай, бұл – жай ғана ұран емес, бұл – ел азаматтарының күнделікті өмір салтының мәні.

Мемлекет басшысы бұл саясаттың өмір­де қалай іске асырылып жатқанын көр­се­те­тін бірқатар қарапайым мысал кел­тір­ді. Бұл – ұлттық театрлар, мұражайлар, БАҚ пен мәдени ұйымдардың жұмысы. Ел тұр­ғындарының Наурыз, Масленица, Сабантой сияқты мерекелерді бірге атап өтуі. Қазақстан азаматтарының түрлі саладағы – еңбек пен қоғамдық өмірдегі үлкен жетістіктері олардың ұлтына немесе діни сеніміне қарамастан жүзеге асып жатыр. Сондай-ақ жастардың, еріктілердің, медиация құрылымдарының белсенді қызметі де аталып өтті. Мұның барлығы бірігіп, еліміздің ынтымағы мен тұтастығын қамтамасыз ететін тиімді жүйені қалыптастырып отыр.

Бүгін Мемлекет басшысы еліміздегі түрлі этностың дәстүрі, тілі мен әдет-ғұрып­тарына деген шынайы құрмет пен Қазақ­станның халықаралық аренадағы, әсіресе көрші мемлекеттермен қарым-қатына­сын­дағы ұстанымдары арасында ұқсастық бар екенін атап өтті. Қазіргі геосаяси жағ­дай­ларды ескере отырып, Президенттің баян­дамасы мен Қазақстанның этносаралық келі­сім тәжірибесі шетелдік сарапшылар мен элита үшін бұрынғыдан да зор қызы­ғушылық тудыратыны анық деп ойлаймын.

Президент өз сөзінде Ассамблеяны одан әрі дамыту бойынша бірқатар міндет қойды. Бұл – Достық үйлерінің жұмысын күшейту, оларды азаматтар мен шетелдік қонақтарға танымал туристік бағыттар картасына енгізу; мәдени жұмысты жандандыру және театр өнерінің фестивалін өткізу; Ассамблея мүшелерінің «Таза Қазақстан» акциясына қатысуын кеңейту; Жұмысшы мамандықтары жылына арналған іс-шараларды жүзеге асыру. Мұның бәрі – қарапайым және баршаға түсінікті басымдықтар. ҚХА қоғамның дамуына үлес қосатын белсенді құрылым екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Бүгін Мемлекет басшысы «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының жұмысын да жоғары бағалады. Оның құрамына  Мәжілістің алты фракциясынан 20 депута­т кіреді. Олар Үкіметпен бірлесе отырып, заң шығару жұмыстары арқылы ұлт­ара­лық келісімді қамтамасыз ету жө­нін­дегі мемлекеттік саясатты жүзеге асырады.

Президент айтқандай, бейбітшілік пен тұрақтылық – ынтымақ пен дәйекті еңбектің жемісі. Енді көпэтносты ортақ шаңырағымызда келісім мен тәртіпті сақтау үшін мемлекет пен азаматтардың күш-жігерін біріктіруді жалғастыру маңызды. Бұл бағытта депутаттар еліміздің әл-ауқа­тын шынымен ойлайтын және оның дамуы­на нақты үлес қосуға ниетті барлық адаммен бірлесе жұмыс істеуге әзір.

 

Ерлан Қошанов,

Мәжіліс төрағасы