
Алла Гавринаның айтуынша, бүгінде «Ассамблея жастары» – құрамында он мыңнан астам патриот жасты біріктірген қуатты ұйым.
«Жылдар бойы Ассамблея біз үшін әлеуметтік лифт, елдің тыныс-тіршілігіне етене араласудың бірегей платформасы болды. 2021 жылы ҚР Президенті Қ.Тоқаев барлық жастар құрылымдарын бір арнаға тоғыстырып, «Ассамблея жастары» ұйымын құруға бастамашы болды. Қазір еліміздің барлық өңірінде филиалдар, 60-тан астам жетекші оқу орнында студенттік ассамблеялар жұмыс жүргізіп отыр», деді ол.
Сонымен қатар Алла Гаврина жастардың қазіргі таңда мәслихаттарда, қоғамдық кеңестерде, кеңесші құрылымдарда белсенділік танытып және мемлекеттік басқару ісіне тікелей араласып отырғанын айтты. Олардың назарындағы басты жобалар – «Таза Қазақстан», әлеуметтік кеселдермен күрес, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен мемлекеттік тілді меңгеру.
Ассамблея құрамындағы жастар қазақ тілін еркін меңгеріп, өзге этнос өкілдеріне де үйретіп жүр. Қазақ тілін насихаттауда ерекше авторлық әдістерімен танылған Владислав Тен, Ольга Спирина, Алина Кан, Александра Мыскина сияқты жастар – бүгінгі таңда қазақтілді фронтмендерге айналды.
Бірлік пен шығармашылықтың тағы бір көрінісі – «Ассамблея құрамасы» командасының жетістігі. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы қарсаңында «Жайдарман» Ұлттық лигасының жеңімпазы атанып, жастардың креативі мен бірлігін паш етті.
«Бүгінгі таңда тіліміз қазақстандық этностар арасында берік орнады деуге толық негіз бар. Қазақ тілінің этносаралық тілге айналуының ауылы алыс емес.10 жыл бұрын этностар арасында қазақ тілді спикерлер таңсық болса, бүгінде ол – қалыпты жағдай. Осылайша, қазақ тілін насихаттау менің де өмірлік миссияма айналды.Қазір біздің алдымызда қазақ тілін үйрену мәселесі тұрған жоқ. Меңгердік, ойымызды еркін жеткізе аламыз. Жоғарыда аты аталған әріптестерімнің мақсаты – өзгелерге тіл үйренуге ықпал ету», деді Алла Гаврина.
Оның айтуынша, бүгінгі жастар – ортақ құндылықтарды ұстанатын, тарихты құрметтейтін, білім мен еңбекке құштар, әділеттілік пен мейірімділікті темірқазық еткен ұрпақ. Осылайша, «Адал азамат» идеалы шын мәнінде жүзеге аса бастады.
Сонымен қатар Алла Гаврина Ассамблеяның 30 жылдығы аясында ұлттық бірлікті нығайту және жас буынның азаматтық санасын арттыру мақсатында «Мен қазақстандықпын» және «Менің көгілдір төлқұжатым» атты ірі жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол қазіргі күрделі геосаяси ахуалда ел ішіндегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтау аса маңызды екенін баса айтты.
«Жылдар бойы Ассамблеяның алдыңғы аға буын өкілдері елдің егемендігін, тұтастығы мен бірлігін сақтауда жанын аямады. Кезек бізде. Біз, Ассамблеяда орныққан тәжірибенің арқасында осы миссияны жалғастырамыз», деді ол.
Алла Гаврина сөзін қорытындылай келе, Ассамблеяның негізгі қызметі – тәуелсіздікті тұғырлы ету, елдің тұтастығы мен ішкі тұрақтылығын сақтау және бірлік пен келісімді нығайту болып қала беретінін атап өтті.