Саясат • 24 Сәуір, 2025

Хорватия – Еуроодақтағы еліміздің ірі сауда серіктесі

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Хорватия Республикасының Сыртқы және еуропалық істер министрі Гордан Грлич-Радманмен кездесті.

Хорватия – Еуроодақтағы еліміздің ірі сауда серіктесі

Сурет: dknews.kz

Келіссөздердің басты тақы­рыптары саяси, сауда-эконо­микалық және мәдени-гумани­тарлық салалардағы өзара іс-қи­мыл мәселелері болды. Ерекше назар Хорватия Премьер-ми­нистрі Андрей Пленковичтің Қа­зақстанға алдағы сапарына және оның Астана халықара­лық форумына қатысуына ауда­рыл­ды. Сонымен қатар та­рап­­тар 2024 жылғы қарашада М.Нұр­тілеу­­дің Загребке жасаған сапары барысында қол жеткізген уағдаластықтарды іске асырудың практикалық қырларын егжей-тегжейлі талқылады.

«Хорватия – Қазақстанның Балқан аймағындағы және Еу­ро­па­лық одақтағы негізгі серік­тес­терінің бірі. Экономикалық ын­тымақтастық – қарым-қатына­сымыздың басымдығы әрі оны ілгерілететін маңызды қозғаушы күш», деп атап өтті Қазақстан СІМ басшысы.

Былтыр өзара сауда көлемі 282 млн долларды құрап, Хорва­тияны Еуроодақ елдері арасында Қазақстанның ірі 15 сауда серіктесінің қатарына енді.

Өз кезегінде Г.Грлич-Рад­ман Хорватия Үкіметінің Қазақ­станмен өзара қызығушы­лық тудыратын барлық салада жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға берік ниетін растады. Басты басымдық берілген бағыттар ретінде энергетика, көлік және логистика, фармацевтика, туризм және ауыл шаруа­шылығы аталып өтті.

Министрлер сапар аясында ұйымдастырылған «Қазақстан-Хорватия» бизнес-форумы мен «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар паркіне жасалатын сапар екі елдің іскер топтары үшін байланыстарды кеңейтуге және қолайлы жағдай жасауға ықпал ететініне сенім білдірді.

ҚР СІМ басшысы бүгінгі іс-шараны Қазақстан мен Хорватия арасындағы экономикалық байла­ныстарды нығайтуға бағыт­талған саяси диалогті жандан­дырудың бастамасы болатынын баса айтты. Бұл кездесу дәстүрлі достық екіжақты қарым-қатынастардың дамуындағы өсіп келе жатқан динамиканы көрсететінін атап өтті.

Мәдени-гуманитарлық салада екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары студенттерге өзара стипендиялар беру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау барысында Қазақстан тарапы БҰҰ Жарғысының қағидаттарына және еліміздің жанжалдарды тек бейбіт жолмен шешуге бағытталған теңгерімді әрі прагматикалық сыртқы сая­сатына берік бейілділігін растады.

М.Нұртілеу Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығын Алматы қа­ласында құру үдерісінде көрсет­кен қолдауы үшін хорват тара­пына алғысын білдірді.

Келіссөздердің қорытын­дысы бойынша тараптар екі­жақты және көпжақты ынты­мақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған бірлескен күш-жігерді жалғастыруға уағда­ласты.

Ресми келіссөздермен қа­тар ми­нистрлер екі елдің іскер топтарының қатысуымен «Қа­зақстан-Хорватия» бизнес-форумын ашты. Іс-шара энергети­ка, құрылыс, ақпараттық техноло­гиялар, туризм және ауыл шаруа­шылығы сияқты сала­лардағы екіжақты ынты­мақ­­тастықтың келешегін талқы­лауға арналған алаңға айнал­ды. Қазақстан мен Хорва­тия кәсіпкерлері сауда-экономи­калық байланыс­тарды кеңейтуге, сондай-ақ тұрақты серіктестікті дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделілігін растады.