
Фото: Ашық дереккөз
Ақ үй бұл мәселеге қатысты АҚШ-тың Салық қызметіне жүгініп, Гарвардты салықтық жеңілдіктен айыруды сұраған.
Наурыз айында Әділет министрлігі университеттің барлық федералды келісімшарттары мен үкімет қаржыландыратын гранттарына кешенді шолу бастаған. Ал өткен аптада Ішкі қауіпсіздік министрлігі Гарвардқа арналған $2,7 миллион доллар көлеміндегі гранттарды тоқтатқан.
Трамп бұл мәселеге байланысты өзінің Truth Social желісіндегі парақшасында мәлімдеме жасады.
«Гарвард бағытынан тайған, ол федералды қаржыландыруға лайық емес. Олар тек солшыл радикалды, ақылсыз және «босбелбеу» адамдарды жұмысқа алады. Бұл мекеме студенттер мен болашақ көшбасшыларға тек сәтсіздікті үйретеді. Гарвард – күлкіге қалған, жеккөрушілік пен ақымақтыққа тәрбиелейтін орын. Ол енді әлемнің үздік университеттерінің тізіміне кіруге тиіс емес», деді Трамп.
Университеттің мемлекеттік басқару саласы бойынша профессоры Райан Энос бұл пікірге қарсы шығып, Гарвардтың федералды үкіметке бағынбауын қолдайтынын айтқан.
«Үкіметтің жеке мекемеге ішкі істері бойынша не істеу керектігін айтуға құқығы жоқ. Адамдар өз пікірін білдіруге және кез келген нәрсеге қарсы шығуға құқылы. Егер бұл екеуін шатастырсақ, сөз бостандығына қауіп төндіреміз», деді профессор.
Айта кетейік, бұған дейін Гарвард федералды үкіметке бағынудан бас тартқан алғашқы университет болған. Енді оқу орнына бөлінетін $2,2 миллиард көлеміндегі гранттар тоқтатылуы мүмкін.