Руханият • 18 Сәуір, 2025

Хакімді Науаи тілінде сөйлеткен

0 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Абайдың 200-дей өлеңі, 3 дастаны, 45 қарасөзі адамзатқа мұра болып қалды. Ұлы ақын Шығыс пен Батыс ойшылдарының бағыт-бағдарын темірқазық етіп қана қоймай, жұртына олардың ойы мен шығармаларын аударма арқылы жеткізген, айналасына насихаттаған. Оған Мұхтар Әуезов айтқан Абайдың үш қайнар көзден нәр алуы дәлел. Шығыстың жеті жұлдызы атанған шайырлардың «Йүзі раушан» өлеңінде аттарын атап, олардан медет сұрауы, жаңашыл дәстүрімен дастандар жазуы, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, И.С.Крылов секілді авторлардың елуден аса жыр маржанын талғампаздықпен таңдап аударуы – үлкен құбылыс.

Хакімді Науаи тілінде сөйлеткен

И.В.Гетенің 1780 жылы жаз­ған «Бақташының түнгі әнін» М.Ю.Лер­­­мон­тов 1892 жылы «Гор­ные вершины» деп аударса, Абай 1882 жылы «Қараңғы түнде тау қалғып» деп тәржімалайды. Ауда­рып қана қоймай, оған ән де шығарады. 1979 жылы жазушы Қалмұқан Исабаев Германияның Габельбахтағы Гете музейіне Абай аударған «Қараң­ғы түнде тау қал­­­ғып» өлеңі қашал­ған мәрмәр тақта мен әнші Мағауия Көшкінбаевтың домбырамен орын­даған әнінің магнит таспасын сыйға тартқан. Қаламгер Қ.Исабаев кейінгі бір жолжазбасында Абайдың Гете өлеңі­не шығарылған әнінің әуені музей­дің барар-қайтар жолында ойнап тұрады деген еді.

Абайдың өмірі мен шығарма­шы­лығын әлем елдеріне наси­хат­тау­дың басты жолы – сол елдер оқы­мыс­тыларының өз тілдеріне аударуы. Абай шығармашылығы қазақ тілінде жазылғанмен, маз­мұны жалпы адамзатқа ортақ. Абай – адамзаттың ақыны, сон­дықтан да оның шығармалары әлем халық­тарының 116 тіліне ауда­­рылған. Аударма – халы­қтар­дың елшісі. Аудар­ма арқылы ха­­лық­­тардың білім-ғылымы, өнері мен мә­дениеті бас­қа ха­лықтарға еркін таныс болады.

Абайдың шығармаларын үне­мі, үзбей оқып-үйреніп, зерделеп келе жатқан елдердің бірегейі – туысқан өзбек халқы. Ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздері кеңес заманынан өзбек тілінде дәстүрлі түрде жарыққа шығып тұрды. Бауырлас қазақ-өзбек халықтары арасындағы байланыс елдер тәуел­сіздік алғаннан кейін жаңа дең­гейге көтерілді. 2013 жылы Таш­кент қаласында Қазақстанның Өзбекс­тандағы елшілігі алдында Абай ескерткіші асқақтады. Келесі бір мемлекетаралық игі іс – Өзбекстан Республикасының Президенті Ш.Мирзиёевтің 2018 жылы 13 наурызда «Ұлы Абайдың мұрасын Өзбекстанда насихаттау мен кеңінен оқып-үйрену туралы» қаулы қабылдауы.

Мемлекеттік іс-шараның аясында бірнеше жылдан бері қазақ­шадан өз бекшеге аударылып, жарыққа шығуын күтіп жатқан Абайдың қара сөздері 2018, 2020 жылдары бас­па бетін көрді. «Қара сөздері» өзбек тіліне толық аударылды. 2020 жылғы басылымы Президент Қ.Тоқаевтың «Абай және Қазақстан ХХІ ғасырда» атты мақаласынан басталған еді. Аударғандар: Ибодулла Мирзаев пен Қозоқбай Юлдашев. Қазақ халқының ұлы перзентінің қара сөздерін өзбек тіліне тәржіма­ла­ған­дар – елінің көрнекті ғалым­дары.

Ибодулла Мирзаев – Шараф Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университеті өзбек тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылым­да­рының докторы, лингвист ғалым. 500-дей еңбектің авторы. Ол 1948 жылы Сұрхандария облысы Жарқорған ауданында туған. Қазақшаны қайдан, қалай үйренгендігі туралы Ибодулла ақсақал төмендегіше әңгімелейді: «Біздің қышлаққа көрші қазақ ауылы болды. Сол ауылдағы Бұхара мед­ре­сесін бітірген молда Әбдірайым деген ақсақалмен ата-анам жақын сыйлас еді. Ол кісі сондай ақылды, араб, парсы, өзбек тілдерін жетік білетін. Әбдірайым молда келгенде бір ерекше зия­лы­лардың жиыны болатын. Бұл кісі халықтардың тарихы туралы өте әсерлі әңгімелейтін. Осы әңгімелерден кейін мені қазақ халқының тілі, әдебиеті және тарихы қызықтыра түсті. Сөйтіп, зерттей бастадым, бүгінге дейін қазақ халқының озық дәстүрін, мәдениеті мен әдебиетін үнемі насихаттап жүремін. Бір күні Абайдың қара сөздерін өзбекшеге аудару туралы ойымды өзбектің танымал әдебиет­­­танушысы, профессор Қозоқбай Юлдашевпен бөлістім. Аудармамызды Қазақ­­стан­ның Өзбек­­­стандағы елшілігі қуаттады», деді Ибодулла мырза.

Қозоқбай Юлдашев – Ташкент қаласындағы Өзбекстан ұлттық университеті өзбек филологиясы кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы ғалым. 400-ден астам еңбектің авторы. Ол 1949 жылы Сырдария облысы Баймут ауданында дүниеге келген.

Ешқандай да тапсырыссыз, нұс­қаусыз, алдымен қазақ хал­қы­на құрмет, оның ұлы ойшылына қошемет белгісі ретінде, ұла­­ғатты ойларға толы ақынның қара сөздерін өзбек тіліне аударып, өз халқына Абайды тереңірек таныс­тыра түскен лингвист және әдебиет­танушы ғалымдарға, әріптес­те­рі­міз­ге мың алғыс айтамыз.

 

Шапағат ЖАЛМАХАНОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор