
Сурет: inform.kz
АӨСШК алдын алу тәсілін басшылыққа алып, мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайту мен үздік тәжірибелерді алмасуға үлес қосып келеді. Ұйым ішіндегі жастар кеңесінің отырыстары – осы жұмыстың маңызды бөлігі. Жуырда Самарқандта өткен жиында жастарды радикалданудан қорғау мәселесі талқыланды. Сондай-ақ АӨСШК аясында жетекші университеттердің серіктестік желісі құрылғанын атап өткім келеді. Бұл платформа академиялық алмасуға, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске қосуға және жастардың өңірлік күн тәртібін қалыптастыруға белсенді қатысуына жағдай жасайды.
Бүгінде ядролық қару қаупі де қайта өзекті бола түсті. Алайда Орталық Азия ядролық қарудан азат аймақ мәртебесіне қол жеткізген кең ауқымды өңір екенін де атап өту керек. Алматылық акт ұйымның құрылтай құжаты ретінде ядролық қарусыздану, күш қолданудан және қолдану қаупінен бас тарту, сенімді диалог пен өзара іс-қимыл арқылы берік байланыстарды нығайту қағидаттарына берілгендікті білдіреді. Сол арқылы АӨСШК мүше мемлекеттерге әр салада сенім шараларын ұсына отырып, осы қағидаларға сүйенеді.
Әзербайжан өзін Орталық Азияның тарихи бір бөлшегі ретінде сезінеді. Өткен жылдан бастап бұл ел кеңеске төрағалық етіп келеді. Төрағалықтың ұраны – «Күшті АӨСШК: өзара байланыс, цифрландыру және тұрақты өсім». Осы арқылы Әзербайжан ұйым миссиясына адалдығын, әрі қарай дамытуға ұмтылысын және бұған дейінгі төраға-елдердің жетістіктеріне сүйенетінін көрсетті. Әзербайжанның басты мақсаты – ұйымның институционалдық негізін күшейте отырып, оның стратегиялық трансформациясын жүзеге асыру. Ол сондай-ақ әйелдердің шешім қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейту, тұрақты көлік және қаржылық байланысты дамыту, климаттық күн тәртібі аясындағы ынтымақтастықты арттыру сияқты халықаралық басымдықтарды алға тартып отыр.
Бұл бастамаларды тиімді ілгерілету ақпараттық қолдаусыз мүмкін емес. Сол себепті біз ұйымның ресми сайты мен әлеуметтік желілерін дамытып, тартымды әрі мазмұнды контент жасап, журналистермен белсенді жұмыс істеп келеміз. Журналистер пулын қалыптастырып, мүше мемлекеттердегі медиа өкілдерін түрлі конкурстар арқылы ынталандырамыз.
Осыған орай, Орталық Азия және жалпы Азия өңірінің медиасын АӨСШК күн тәртібін халыққа жақын әрі түсінікті етіп жеткізуге барынша атсалысуға шақырамын. Бұл – міндет қана емес, сонымен қатар ортақ мүмкіндік.
Қайрат САРЫБАЙ,
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бас хатшысы