Ғылым • 14 Сәуір, 2025

Ғалым Шымкентті дотациядан шығарудың жолын ұсынды

0 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, экономика ғылымдарының докторы, профессор Оразалы Сәбден Жұмабек Тәшеневтің 110 жылдығына орай Шымкентте ұйымдастырылған республикалық конференцияда «Әлем, Абай және Қазақстанның сара жолы» атты тақырыпта баяндама жасаған еді. Өз сөзінде ғалым қазақтың сұлу жері Көкшенің Бурабайында өткен ІV Ұлттық құрылтайға байланысты өз пікірін білдірді, деп жазады Egemen.kz.

Ғалым Шымкентті дотациядан шығарудың жолын ұсынды

Оразалы Сәбденұлының айтуынша Қазақстан соңғы жылдары саяси-экономикалық бағытта қарқынды дамыды. Саяси бағытты алсақ, бүгінге дейін 45 әкім сайланды. Халық тікелей аудан, ауыл округі әкімдерін сайлауға қол жеткізді. Бұл саяси-демократиялық реформаның жарқын көрінісі. Қазақ тарихында мұндай өзгеріс бұрын-соңды болмаған.

Сондай-ақ ғалым Президент халықтың әлеуметтік жағдайына мән бергенін жеткізді. Рас бұл күнде бюджеттің әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындары 50% асып кеткен. Осыған байланысты Үкімет амалсыз қосымша құн салығын 16% көтеруге мәжбүр. Бірақ бұл орта және кіші бизнеске, халықтың қалтасына ауыр соғуы мүмкін. Сол үшін Оразалы Сәбденұлы экономиканы өсіру оны әртараптандыру керектігін мәлімдеді. Мұнай-газ бір уақыттарда бітер. Сондықтан қазба байлықсыз өмір сүретін жағдайға әлден бейімделе берген жөн.

Мемлекет басшысы аймақтарды дамыту қажеттігін баяндады деді ғалым. Бұл сөзбен ол толықтай келісіп отыр. Себебі өңірлер өркендесе республиканың экономикасы алға жылжиды. Республиканың қазынасын толтырып отырған төрт-ақ аймақ. Ол Астана мен Алматы қалалары, сосын Атырау мен Маңғыстау облыстары. Қалған аймақтар дотацияда. Қазақстанның оңтүстік өлкесі өзінің іскерлігімен танымал. Сол себепті дотациядан шығу үшін Шымкенттің арнайы 5 жылдық жоспары болуы тиіс. Осыны мегаполис әкімдігі басшылыққа алса деген ұсынысын білдірді.

Құрылтайда Президент руханиятқа, Абайға ерекше тоқталғанын атап өтті. Сонымен бірге Мемелкет басшысы ІТ технология, жасанды интеллект, цифрландыру салаларына да айрықша мән берді. Бұл ретте Оразалы Сәбденұлы жастарды жоғарыда аталған мамандықтар бойынша көбірек білім алуға шақырды.

Өз кезегінде ғалым әлем қайда барады, Абай жолымен Қазақстанды қалай ізгілендіре аламыз, Қазақстанның өз сара жолы қандай деген сауалдарға жауап тапсақ елімізді жарқын болашақ күтіп тұрғанын баян етті. Оның пікірінше ХІХ ғасырда әлемді өкпе ауруы мазалады, ХХ ғасырда қатерлі ісік жайлады, ХХІ ғасырда рух ауруы меңзеп тұр. Әлемде мисыздық, рухани дағдарыс белең алды. Қазақстан әлемнің бір бөлшегі болғандықтан бұл мәселе де біздің ел үшін өте өзекті.

Дүние жүзінде 2007 жылы экономикалық дағдарыс болды. 2020 жылы ол қайталанып, мемлекеттер содан әлі есін жиып үлгермеді. Яғни әлемнің қайда бара жатқаны белгісіз. Дегенмен әлемнен де алатын үлгілер баршылық. Ол жоғары технология. Ал руханият жағы сәл қиындау әрі күмәнділеу. Ғалымның пайымынша Президент ғылым қалашықтарын салу керек деген керемет бастама көтерді. Қазақстан университеттерінде әлемнің жетекші оқу орындары филиалдарының ашылу да құптарлық іс.

Оразалы Сәбденұлының мәлімдеуінше әлем жаңа өркениетке қадам басты. Ол империалдық қоғам деп аталады. Гуманистік ноосфералық өркениет деп атасақ да болады. Осыны жастар жақсы ұғынуы тиіс. Ғалым өз сөзінде құрылтайда екі мәселе көтергенін айтты. Біріншіден  рухани азық – Абай деді, екіншіден материалдық азық – кіші бизнес дегенге тоқталды. Осы ретте Көкшетаудан Абай резиденциясын салып, жастар сол жерде әрі демалып әрі Абай ілімімен рухтану керектігін мәлімдеді. Сондай-ақ ол өз сөзінде жастарға Абайдың «Толық адам ілімін» оқуға кеңес берді. Бұл еңбегінде хакім Абай адамдар дүниенің көрінген сырын және көрінбеген құпиясын игеру керектігін айтады. Көрінген сыры дегеніміз материалдық дүние, ғылым мен білім, экономикалық кемелділік. Ал көрінбеген құпиясы дегеніміз ол адамның рухани құндылығы, тарихы, мәдениеті, керек болса моралі. Оразалы Сәбденұлы қазіргі қоғамға дәл осы айтылған нәрселер жетпей жатқанын тілге тиек етті.

Бұдан бөлек ағамыз Ұлы жібек жолында орналасқан 6 түркі мемлекеттер бірігіп түркі тегі одағын құру идеясын алға тартты. Осы аталған елдер, Ресей құрамындағы түркі республикалары бір кездері үлкен біртұтас түркі жұртын құраған. Егер түркі мемлекеттері бір одаққа біріксе, 200 млн-нан астам халқы бар әлеуетті күшке айналар еді. Ғалым айтқандай, түркілер жоғары технологиясымен әлемді басып озып бірінші орынға шыға алмас, алайда руханиятымен, мәдениетімен алдыңғы тұғырға көтеріле алады. Белгілі американдық оқымысты Осборннан түркілер кім дегенде дария түбінде жатқан маржан. Егер ол жоғарыға көтерілсе, жарқырап айналасына нұрын шашпақ деп жауап берген екен. Жастардың арқасында келешекте сол деңгейге жетуіміз керек деді Оразалы Сәбденұлы.

Мемлекет бар, кәсіпкерлік саласы бар. Осы екеуі мемлекеттік-жекешелік әріптестік құрып қазіргі таңда жақсы жұмыс істеп жатыр. Ал бұл механизмді тиімді іске асыратын ол ғылым мен білім, жоғары технология. Өкінішке қарай осы мәселеде біздің елдің ақсап жатқан жайы бар. Президент ғылымды көтеру үшін үлкен іс тындырды. Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін биіктетті, арнайы министрлік ашты, Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік, ғылым мен жаңа технологиялар, адами капиталды бір бағытта дамытпай экономика алға қадам баспайды. Әлемде аламан бәйге жүріп жатыр. Жарыс жолында руханият пен жоғары технологиялар. Осы екеуін бәйгеге қосқан қай мемлекет мәреге бірінші келсе, соның келешегі кемел деген сөз. Сондықтан Қазақстан руханияттан ажырамау керек, сонымен бірге, жоғары технологияны да қаз-қатар дамыту қажет. Экономика ғылымының білікті маманы баяндамасының соңында осылай деп пікір білдірді.

Шымкент