
Сурет: aqtobegazeti.kz
Мұндай магистраль құрылысы өңірлердің қарқынды дамуына үлкен мүмкіндік туғызып, тың серпін беретін кешенді жоба болғалы тұр. Бұл жоба іске асырылса, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан,Қостанай облыстарындағы шалғай ауылдардың өсіп-өркендеуіне жол ашылады, жаңа өндіріс нысандары құрылып, тұрғындарды жұмыспен қамту жақсартылады. Түптеп келгенде, бұл халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс жағдайын түзеуге оң ықпалын тигізеді. Әсіресе туып-өскен жеріміз Торғай өңірінің екінші тынысы ашылары сөзсіз.
Осы жағымды жаңалықты торғайлықтар көптен күткен оң өзгерістердің жарқын да жасампаз бастамасы ретінде қабылдап, еңсесі көтеріліп, қуанышы қойнына сыймай жатыр. Ең бастысы, жол бар жерде даму бар, келешек бар. Мұны халық жақсы түсінеді. Үкімет Орталық – Батыс жол құрылысын тездетіп, қажетті іс-шараларды биыл бастауға міндеттеніп отыр. Міне, сол күнді жерлестеріміз тағатсыздана күтеді.
Біз ұлт тарихында ерекше орны бар Алаш көсемдерінің Отаны – Торғай өңірі тұрғындарының атынан Мемлекет басшысына Орталық – Батыс жол құрылысын бастау туралы тарихи шешім қабылдағаны үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Аталған магистраль тәуелсіз еліміздің тарихына алтын әріптермен жазылатынына, Президентіміздің сарабдал саясатының сәулетті ескерткіші болатынына сенімдіміз. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан орнату жолында алға қойып отырған ұлы мақсаттарына жетуіне тілектеспіз және жан-жүрегімізбен қолдау білдіреміз.
Абай МҰҚАНОВ,
Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы,
Жәнібек КЕНЖЕБАЕВ,
«Еуразия Инвест» ЖШС бас директоры,
Манат КАРБОЗОВ,
«Сыма-К» шаруа қожалығының басшысы,
тағы 10 адам қол қойған