Бизнес • 08 Сәуір, 2025

Білікті бизнесменнің өрлеу жолы

113 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «жасыл» экономиканы дамыту мәселелеріне тоқталып, оған ерекше ден қоюды тапсырған еді. «Біз «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз», деді Мемлекет басшысы.

Білікті бизнесменнің өрлеу жолы

Суреттерді түсірген – Мұрат Рахымжанов

Жуырда АҚШ-тың Сан-Диего қала­сында күн энергетикасына арналған «Inter­solar North America 2025» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтті. Іс-шараға күн энергетикасы жабдықтары, шикізат пен материалдардың жетекші өндірушілері, дистрибьюторлар, күн энергиясын өндірушілер, фотоэлемент, күн модулі, күн энергетикасы жүйелерін жеткізушілер, энергетикалық жобаларды әзірлеушілер, қызмет көрсететін компания­лар, қаржы және банк қауымдастықтары, мемлекеттік қызметкерлер қатысты.

Көрмеге қатысушылардың бірі – Мұрат Рахымжанов жетекшілік ететін «Майами Solar» компаниясы. Компания құрамына бірнеше серіктестік кіреді. Соның бірі – «DOC Co.LTD» ЖШС ел экономика­сына нәр беріп отырған табысты ұжым­дар­дың бірі. Қайбір жылы «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша лауреат атанып, «Алтын сапа» сыйлығын жеңіп алды. Аумағы 3 400 шаршы метр болатын картридж өндіретін зауыт Алматы индустриялық аймағы аумағында орналасқан. Пайдалануға берілгені күні кеше ғана еді, айналасы үш-төрт жылда білікті кәсіпкер шаруа­ны дөңгелетіп әкетті. Отандық өнімді шығарудағы өндірістік қызметі өз алдына, кәсіпорын басшылығы ә дегеннен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қағидатының мүлтіксіз орындалуына ерекше маңыз берді. Олар үнемі қайырымдылық іс-шараларымен айналысады, сондай-ақ балалар алаңдарына спорттық жабдықтар сатып алып, қала әкімдігіне үнемі қолдау көрсетіп келеді.

ап

Жыл сайын Мұрат Құсманұлы басқа­ратын кәсіпорын республикалық деңгей­де жағдайы төмен отбасыларға материал­дық көмек көрсетеді, қайырымдылық акцияларына қатысып, түрлі әлеуметтік жобаға демеушілік жасайды. Кейіпкеріміз ішкі нарықта ғана емес, жақын және алыс шетелдерде де қазақ өндірісінің абыройын көтеруді мақсат тұтады. Жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз етіп, өндіріске жергілікті жастар арасы­нан білікті мамандарды тартады. Ол басқаратын ұжым жергілікті бюджетке салық, басқа да міндетті төлемдер құйып, елдің экономикалық әлеуетін арттырудың доноры болып отыр. Бүгінде «Alatau» брендімен өндірілетін картридждер бізде ғана емес, сонымен қатар Ресей және Беларусь елдерінде де үлкен сұранысқа ие. Істің көзін таба білетін, үнемі адамдарды тұрақты жұмыспен қамтуға ұмтылатын іскер азаматтың жетістігінің сыры неде?

Бизнесмен оқуды инженер-жүйе технигі мамандығы бойынша тәмам­даған. Кейін ғылыммен айналысып, ком­пьютерлік бағдарламалар жасауға қызы­ғушылығы ауды.

«1991 жылы шағын кәсіпкерлікпен айналысып, компьютер сата бастадым. Өңірлерге ыңғайластырылған компью­терлік желілер қондырдық. Қызылорда облысы бойынша ғана 100-ге жуық компьютер орнатқанбыз. Осы өңірдің мамандарына жаңа технологияның қыр-сырын үйретіп, тәлім берумен де айналыстық. Әуелде кәсібіміз дөңгелеп жүре берді. Бірақ бәрі ойлағаныңдай бола бермейді екен. Бізге қызмет көрсететін банктің бірі аяқасты жабылып, өзімізге тиесілі ақшаны ала алмай қалған кездер де болды. Өзімізге тиесілі қаржыға бір жылдан кейін ғана қолымыз жетті», дейді Мұрат Құсманұлы.

Кәсіпкерліктің қыр-сырына терең­деу үшін шетелге барып жұмыс істе­ді. 2010–2011 жылдары Қытайдың ең үздік инновациялық зауытында қарапайым жұмыс­шыдан бастап, картридж өндірісінің технологіне дейін көтерілген. Бертін келе Қытайдың Шанхай қаласында өткен XI «SNEC – 2017» қалыпқа келтіруші энергия көрмесіне қатысты. Сол жылы қазақ студенттерінің волонтерлік қозғалысын ұйымдастырды. Астана қаласындағы ЭКСПО көрмесіне Қытай және басқа да қалалардан мыңдаған туристің келуіне ұйытқы болды. Аталған іс-шаралардың бәрі «DOC Co.LTD» ЖШС ұйымдастыруымен жүзеге асқан еді.

«Біздің компания үшін ең басты құндылық – ұйымшылдық, ұжымдық тұтастық, ұлттық рух. Әр қызметкердің өзіндік орны, икемі бар. Басшы ретінде қызметкерлерімнің проблемасын біліп, оны уақтылы шешуді әдетке айналдырғанмын. Үнемі өз білімімді шыңдап жүремін. Әртүрлі конференция, семинар, тренингтерге қатысудың берер пайдасы мол», дейді Мұрат.

«DOC Co.LTD» ЖШС 2012 жылы принтер, көшіргіштерге арналған картридж өндірісінің толық циклді зауытын іске қосты. Айта кету керек, мұндай өндірістің аналогі Қазақстанда ғана емес, посткеңестік елдердің ешбірінде жоқ. Осылайша, Қазақстанда IT-индустрияның жоғары технологиялық өндірісінің жаңа кластері пайда болды, ол 35-тен астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. 2015 жылы «Талант» құрылыс фирмасы» жарық диод­ты көше шамдарын өндірудің толық циклді зауытын ашты. 2018 жыл «DOC Co.LTD» пластмасса және жеңіл түсті металдар үшін болат пресс-форма (матрицаларды) өндірудің толық циклді цехын іске қосты. 2023 жылы «Майами Solar» ЖШС күн панельдерін шығаратын зауытты нарыққа шығарды. Ал келесі жылы кәсіпкер 4 зауыттан тұратын комбинат салуды жоспарлап отыр, ол өндірістердің бағыты мынадай: кен өндіру (кварц), металлургиялық кремний өндіру (SiO2), поликристалды кремний (Si 99,9999%) өндіру, фотоэлектрлік плас­ти­налар (Wafer) жасау, фотоэлектрлік ұяшықтар (Cells) жасау және жаңа буын күн панельдерін (Solar panels) өндіру. Қазір «Майами Solar» күн панельдері АҚШ, Өзбекстан және Беларусь елдеріне экспортталады.

М.Рақымжанов күн энергетикасын дамытуға сіңірген еңбегі елеусіз қалмай, «Ерен еңбегі үшін», руханият жанашыры ретінде –  «Кітап мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін», сондай-ақ «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

 

Ғалымжан МЕЛДЕШОВ