
Мұны Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған Қазақстан делегациясының қатысуымен Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен «Kazakhstan Investment Day 2025» ауқымды форумы да растады.
Іс-шараға ресми тұлғалар, іскерлік топтар мен сарапшылар қауымдастығының 200-ге жуық өкілі қатысты.
Форум аясында «Қазақстан – мүмкіндіктер нарығы: инвестициялар және қаржыландыру мүмкіндіктері» және «Шикізат жеткізу және жаңа нарықтарды игеру үшін логистика» тақырыптарында пікірталас өтті.
Спикерлер неміс бизнесінің Қазақстанмен іскерлік ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге жоғары қызығушылық танытып отырғанын және жергілікті нарыққа қатысуын арттыруға дайын екенін атап өтті.
Германияның Deutsche Bank, Commerzbank, KfW, Франкфурт қор биржасы сияқты жетекші қаржы институттары шоғырланған Гессен федералдық жері бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін әлеуетті серіктестер мен инвесторларды іздеуде маңызды алаң бола алады.
Франкфуртқа сапар барысында Роман Скляр Гессеннің Халықаралық ынтымақтастық, Еуропа және дебюрократизация істері жөніндегі министрі Манфред Пентцпен кездесу өткізді.
Әңгімелесу барысында М.Пентц Гессен үкіметінің таяу айларда елімізге экономикалық делегация жіберу туралы қабылдаған шешімі туралы баяндады. Сапардың мақсаты – келешегі бар және өзара тиімді жобаларға инвестиция салудағы нақты қадамдарды анықтау.
Тараптар Қазақстан мен Гессен арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы туралы пікір алмасып, оның әрі қарай даму перспективаларын талқылады.
Сонымен қатар Роман Скляр Қазақстан-Герман іскерлік кеңесінің тең төрағасы, Германия экономикасы шығыс комитетінің басқарушы директоры Михаэль Хармспен, сондай-ақ бірқатар неміс компанияларының өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді.