Таным • 04 Сәуір, 2025

Ренессанс

43 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ренессанс туралы сөз көп болғанымен, ғылымда, әсіресе қоғамдық ғы­лым­да жүйелі қалыптасқан ұғым жоқ. Ренессанс табиғатын қандай ғылым немесе білім саласы арнайы зерттейтінін де айыру қиын.

Ренессанс

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Әзірше ренессанс өнерге қатысты мәнде молынан қолданылады. Ал мәселенің түп қазығына үңілсек, ренессанс дегеніміз өркениеттің айшықты бір заңдылығы, олай болса, ол алдымен фәлсапалық ұғым ретінде бетпердесін ашуы қажет. Олай дейтініміз, кеңес елінде тұңғыш рет жарық көр­ген айтулы философиялық эн­циклопедиялық сөздікте (Мәскеу, 1988 жыл) «Ренессанс» деген мақала жоқ. Демек ол фило­со­фиялық ұғымдар санатына енбеген деген сөз. «Ренессанс» деген мақала Үлкен Совет Энци­клопедиясында бар. Біздің ҚСЭ оны орысшадан тұп-тура қазақшаға тәржімалаған. ­«Ре­нессанс (франц. Renaissanse – қайта өркендеу дәуірі) – Батыс және Орталық Еуропаның бір­қатар елдерінде орта ға­сыр мәдениетінен жаңа заман мәдениетіне өтудің дамулы ке­зеңін сипаттайтын дәуір атауы» (БСЭ. Т.22., С.11.; ҚСЭ. 9-т., 467-б.).

Осы анықтама-сөздік маз­мұнына ой жіберейікші. Сонымен, ренессанс Батыс және Орталық Еуропаның бірқатар елінде ғана болған дәуірді анықтайтын ұғым болып шықты. Ренессансқа осындай өлшеммен келсек, ол тек әншейін бір аймақ­тық, қайталанбас құбылыс болып қана қалады. Біршама басылымда, мақала, зерттеу еңбектерінде ренессансты осылай түсініп жүр­гендер аз емес.

Ренессанс табиғатын тану мақсатында, оның синонимі ретінде қолданылып жүрген «қай­та өркендеу» («Возрождение») деген ұғымға назар аударған жөн. Жоғарыда айтылған энциклопедияларда оған мынандай түсініктеме берілген. «Қайта өркендеу дәуірі, ренессанс – Батыс және Орталық Еуропа елдері мәдениеті тарихындағы орта ғасырлық мәдениеттен жаңа заман мәдениетіне өту дәуірі (Италияда шамамен XIV-XVI ғасырлар, басқа елдерде XV-XVI ғасырлардың соңы). Қайта өрлеу дәуірі мәдениетінің негізгі ерекшеліктері – шынайылық, гуманистік дүниетаным, көне мәдени мұраларға ден қою, оны қайта «көркейту» (бұл термин байырғы итальян суретшісі әрі тарихшы Дж. Вазаридің «Өмір суреттерінде» (1550) айтылған), ол ғылымда XVIII ғасырдан бас­тап қалыптасты» (БСЭ. Т.5., С.271; ҚСЭ. Т.6., 404-б.).

Қайта өрлеу дәуірі мәде­ниетінің мәні феодализмнен жаңа заманға өтерде антикалық мәдениетке қайта оралуымен анықталып отыр. Бұл, әрине, антикалық мәдениетті тек қай­талап көшіру емес, оның өмір­шең гуманистік идеяларын жаңа жетіліп, өрбіп келе жатқан қоғамдық қатынасқа орай қолдану, антикалық гуманизмді феодализм идеологиясына қарсы қою. Сондықтан да бұл үдерісті жаңа қалыптасып келе жатқан буржуазияның қолдануы заңды еді. Бірақ буржуазия идеологтері ренессанс идеяларын феодализмге қарсы рухани күш ретінде пайдаланып қана қойған жоқ, олар өндіргіш күштер жетілуі қа­жеттілігіне сай үйлесімді келетін қоғамдық сана формасы ретінде қабылдады. Бұл жерде басын ашып айтатын жайт, ренессанстық сана екі қоғамдық сана, екі мәдени үрдістің сабақ­тастығынан, үйлесімдігінен туған. Олар антикалық дәуір санасы мен феодализмнен жаңа заманға бет бұрған дәуірдің санасы еді.

Ренессанс хақында сөздіктер мен энциклопедияларда беріл­меген тың мағлұматтарды философ әрі филолог А.Ф.Лосевтің «Эстетика Возрождения» деген еңбегінен кездестірдік. Ол «Ренессанс» термині нақты ма­ғынасында XV-XVI ғасырдағы Ита­лияға қатысты», дей келіп, бы­лай деген қорытынды жасайды:

«Шын мәнінде, «Қайта өрлеу дәуірінің» италиялықтары өздері өмір сүрген кезеңде осы дәуір деп атады. Бірақ олар басқа елдердегі осыған ұқсас кезеңдер туралы ештеңе білген жоқ. Тіпті оған дейінгі ежелгі мәдениеттен де хабарсыз болған секілді. Соған қарамастан ренессанс барлық елде әр түрлі мазмұнда дамыды. Де­генмен ол кезең өзінің түпкі мәдениетінен, дәлірек айтқанда, ортағасырлық және қайта өрлеу дәуіріндегі Италия мәдениетінен асқан жоқ.

Бұдан мынадай қорытынды шығады. Қысқасы, ренессанс қандай мазмұнда болса да, Батыстан басқа мәдениеттердегі ренессанс құбылыстарын бізге бәрібір ескеру қажет. Анығында, ежелгі Шығыс мәдениетіндегі барлық ренессанстың өзіндік ерекшелігі бар. Бірақ оны ға­лымдар толық тұжырымдаған жоқ. Қазіргі таңда осы бағытта не істелуі мүмкін. Біз Еуропа немесе Батыспен шектеліп қалмау үшін, оны аз уақыт ішінде картаға түсіруге тырысамыз» (А.Ф.Лосев. «Эстетика Возрождения»,  «Мысль», 1982. С.15-16).

Ренессанс мәселесі әлі даулы екенін жоғарыда айттық. Ал дау туғызбайтын жай – ренессанс тек Италия немесе Батыс Еуропа елдеріне ғана қатысты емес, ондай рухани құбылыс өзге аймақтарда, елдерде болатыны туралы пікір. Бірақ ренессанс тек антикалық өнерге немесе оның жаңа заманға сай қайта тыныс алып, өркендеуі деген сөз тек Италияға, басқа Батыс Еуропа елдеріне қатысты айтылатын мәселе болса керек.

Ренессансты Батысқа ғана тән құбылыс емес, ондай дәуірлер Шығыс елдерінде де болған деген концепция пионерлерінің бірі академик Н.И. Конрад. Енді осы кісінің пікіріне назар аударалық.

1963 жылы КСРО Ғылым академиясы баспасынан профессор В.К.Чалоянның «Армянский ренессанс» деген еңбегі жарық көрді. Осы кітаптың редакциясын басқарған, қорытынды сөзін жазған академик Н.И.Конрад болатын. Кітаптың қорытынды сөзінде ғалым өте құнды пікір­лерін ортаға салған.

«Шығыс әлеміндегі ренессанс туралы ой ең алдымен ке­ңестік Шығыс елдерінде пайда болды. Мәселен, 1947 жылы Ш.И.Нуцубидзе «Руставели және Шығыс ренессансы» атты еңбе­гінде грузиннің ұлы ақыны өмір сүрген кезеңді, яғни ХІІ-ХІІІ ғасырды Грузин ренессансы деп айтқан еді. Сондай-ақ 1948 жылы И.Джавахишвили «История Грузии» деген кітабында XII ғасырдағы Грузия тарихы туралы баяндайды. Сонда бұл кезеңді Еуропадағы қайта өрлеу дәуіріне ұқсас құбылыс ретінде бейнелейді.

«Осы жолдардың авторы Ита­лия тарихындағы «Қайта өрлеу» деп аталған дәуірге және Шығыстың кейбір халықтарының тарихына ұқсас кезеңді табу мүмкіндігі туралы баяндайды. Мәселен, VII-ХІІ ғасырдағы Қытай мен ІХ-ХІІ ғасырдағы Таяу Шығыста (Орта Азия, Иран, Солтүстік-Батыс Үн­дістан) осыған ұқсас дәуірлер бар екені жайында ой қозғаған. 1961 жылы В.М. Жирмунский «Әлішер Науаи және Шығыс әде­биетіндегі ренес­санс мәселесі» атты мақа­ласында осындай кезеңнің Орталық Шығыс халықтарының тарихына қатысы бар екені туралы жазған.

Шындығында, Шығыс халық­тарының тарихында Еуропадағы «Қайта өрлеу» деп аталған ке­зеңге мәдениеті мен тарихы ұқ­сас дәуірді табу туралы мә­селе сан мәрте көтерілген. Бір жа­ғынан, бұл өте түсінікті. Шын мәнінде, оны жеке ғалымдар емес, тарих­тың өзі орнына қойған (В.К.Ча­лоян. Армянский ренессанс. Мәскеу: КСРО Ғылым академиясының баспасы. 1963. 160 б. академик Н.И.Конрадтың қорытынды сөзі).

Н.И.Конрадтың тұжы­ры­мынша, ренессанс та­рихи-мә­дени заңдылық «...біз Италия тарихындағы «Қайта өрлеу» деп аталған кезеңді тек осы елге ғана емес, сондай-ақ мә­дени мазмұны бай кез келген ха­лықтың тарихына қатысы бар деген қорытындыға келеміз. Сон­дықтан «бұл ерекше жағдай» емес, тарихи заңдылық» (сонда, 63 б.).

Шығыс елдеріндегі қайта өрлеу заманы туралы ғалым Адам Мец «Мұсылман ренессансы» деген еңбегінде жан-жақты талдау жасаған.

Қайта өрлеу заманының бірден көзге түсетін, басты ерекшелігі – ол антикалық мәдениетке жаңа тарихи-әлеуметтік ортада қайта оралу. Антикалық мәдениет болса Батыс, Оңтүстік Еуропа елдеріне екі жолмен барды: бірі Византия арқылы болса, екіншісі арабтар арқылы. Сөйтіп, Батыс ренессансы жалғасы іспетті деуге әбден болады. Бұл жөнінде Н.И.Конрад нақтылап айтқан: «Ежелгі мәдениеттің өзгеруінен Шығыс ренессансы Батыс Еуропа елдеріне қарағанда ерте орнықты. Тіпті Батыс Еуропалық ренессанс Шығысқа қарыздар деп айтуға болады» (ол да сонда, 199 б.).

Себепсіз құбылыс жоқ, Н.И.Конрад пікірлерінің тарихи негіздері бар. Бір кезде адамзат баласының ақыл-ойының бесігі болған Рим, әсіресе, оның Шығыс бөлігі (Византия) өз мінезін өзгертті. Оның императоры Зенон 489 жылы Эдесса мектебін, Юстиниан 529 жылы Александрия мен Афина Академияларын жа­уып, ғалымдарды қуғынға салды. Сөйтіп, бұл өмірден бақ қайтты, құт қашты. Көршілес Парсы мемлекеті қуғынға түскен грек ғалымдарын құшақ жая қарсы алды. Парсы шахы Ануширван (531-573) Гундешапур қаласында таратылған Афина Академиясын қалпына келтірді. Бертін келе парсылар ислам дінін қабылдап, Бағдад халифатына бағынған кезде де осы дәстүрден айырылған жоқ. Оның үстіне Бағдад халифы әл-Мамун Бағдадта «аудармашылар» үйін құрып, оған жер-жерден оқымысты, ғалымдар жинап, араб тіліне Гален, Гиппократ, Евклид, Архимед, Птоломей т.б. еңбектерін аудара бастады. Халиф аудармашылар алдына негізгі мақсат етіп грек фило­софтарын аударуды қойған. Аудармашылар бұл жұмыстарды жоғарғы қарқынмен орындап шықты. Сөйтіп, арабтар Ренессанс дәуірін туғызды. Осы білім, сана бірте-бірте Еуропаға жайылды. Сөйтіп, Еуропа Аристотель философиясын әуел баста арабтар арқылы таныды. Арабтар Еуропаның жетілуіне тигізген шешуші әсері туралы кезінде И.Г.Гердер «Идеи к философии истории человечества» деген еңбегінде көптеген мағлұмат келтірген. Кейінгі кезде бұл мәселе туралы ашық айтқандардың бірі – Рене Генон. Ол өзінің «Влияние исламской цивилизации на Европу» атты еңбегінде ежелгі грек ғылымы мен философиясы еуропалықтарға мұсылмандар арқылы жеткенін анық көрсетті: «Басқаша айтқанда, эллиндердің рухани мұрасын Еуропа мұны Таяу Шығыс ғалымдары байыпты зерттегеннен кейін ғана қабылдады. Егер ислам ғалымдары мен философтары болмағанда, еуропалықтар мұндай бай мұраны ұзақ уақыт толық білмейтін еді. Тіпті онымен ешқашан таныс болмауы да мүмкін» («Вопросы философии», 1991. №4. 94 б.).

Рене Генон тым қаттырақ та айтып жібергенге ұқсайды. Бүкіл Еуропаның мәдени тағ­дыры жөнінде үзілді-кесілді пікір айтуға бола қоймас, бірақ Шығыс ренессансының Батысқа қарағанда бұрынырақ болғаны шындық. Еуропа тікелей эллиндермен байланысты емес, ортасында араб-парсы мәдениеті жатыр, оны Рене Генон бір сөзбен ислам мәдениеті деп атаған. Жоғарыда айтылған пікірлерді қысқаша қорытындыласақ, ренессанс дегеніміз тек Батыс Еуропа мәдениетіне, өнеріне, рухани өміріне ғана қатысты құбылыс емес, ол көптеген елдер мен халықтар тарихында кездесетін мәдени-тарихи жағдай. Сондықтан армян, грузин ренессансы, түрік ренессансы немесе оны Науаи, Абай есімдерімен атауға әбден орынды. Мен «Сана болмысының» бірінші кітабындағы «Абай және ренессанс» деген мақалада қазақ ренессансына қатысты ойларды білдіргенмін. Әрине, ренессанс туралы айта да, жаза да беруге болады, бірақ бұл жерде басы ашылмаған бір мәселе бар. Біз әлі ренессанс деген ұғымның мәдени-тарихи феномен ретінде мәнін аша алған жоқпыз. Оған кедергі болған екі нәрсе болды, бірі бүкіл адамзат мәдениетін қолдан «Батыс» және «Шығыс» деп бөлшектеп, оларды біріне-бірін қарсы қоюшылық болса, екіншіден, біз мәдениет тарихын зерттеуде методологиялық негіз етіп маркстік-лениндік қоғамдық, экономикалық формациялар ілімін алып, «базис» және «қондырма» деген жалаң түсініктер ырқында болдық. Бұл түсініктер шындықты перделеп, бар нәрсені объективті ғылыми негізінде тануға бөгет болды. Сірә, ренессанс мәселесін зерттеуде өркениеттік нышандарды негізге алған дұрысырақ болар. Бұл мәселенің бір жағы, екіншіден, өркениеттік мәселенің өзі көбінесе діни санаға қатысты, ол арнайы сөз болатын тақырып.

 

Ғарифолла ЕСІМ,

академик, жазушы