Үкімет • 06 Наурыз, 2025

Бөгеттер нығайтылып, өзен арналары тазартылады

43 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қанат Бозымбаев Ақмола облысында болды. Вице-премьер аймақ басшысы Марат Ахметжановпен бірге Астрахан және Атбасар аудандарының, сондай-ақ Атбасар қаласының су тасқынына дайындығын тексерді. Елді мекендер тексерілді, қорғаныс гидротехникалық құрылыстары қаралды.

Бөгеттер нығайтылып, өзен арналары тазартылады

Сурет: primeminister.kz

Астрахан ауданында 12 елді мекенде су тасқынына қарсы кешенді шаралар жүзеге асырылды. Бөгеттер тұрғызылып, жол жиектері бекітілді, арналар тазартылып, тереңдетілді. Қазіргі таңда 175 маман, 134 техника бірлігі және 25 мотопомпа дайындыққа қойылған.

Ескі Колутон ауылында жыл са­йын Колутон өзеніндегі су деңгейінің көтерілуінен және дренаждық жүйелер­дің (нөсерге арналған арық) болмауы­на байланысты 52 тұрғын үй су басу қаупі бар аймаққа кіреді. Өткен жылы жол жиектерін бекіту және су шаю қаупі бар учаскелерде ұзындығы 1,1 шақырым болатын қорғаныс шаралары жүргізілді. «Демеу Қазақстан қоры» қорының қаржысы есебінен Колутон өзеніне 3,6 шақырымға тазарту және тереңдету жұмыстары жүргізілді.

Қанат Бозымбаев ауыл маңындағы өзен арнасын тазарту және тереңдету жұ­мыс­тарын жеделдетуді тапсырды. Соны­мен қатар «Қазақстан темір жолы» АҚ-ға теміржол көпірінің астындағы өзен арнасын тез арада тазарту жөнінде тапсырма берілді.

Су тасқыны қаупі жоғары 16 елді мекеннің қатарында Атбасар қаласы да бар. Мұнда да қауіптің алдын алу шаралары қолға алынды, өзен арналары мен су өткізу жүйелері тазартылып, бөгет­тер нығайтылды, 295 метр үйінді тұр­ғы­зылды. Сонымен қатар 12 су өткізу құры­лысы жөнделіп, тағы 40 нысан тазартылды.

Су тасқынына қарсы 396 адам, 138 техника бірлігі және 16 мотопомпа жұмыл­дырылған.

Халқы 30 мың адамды құрайтын қала­да жыл сайын Жабай өзенінің деңгейі көтерілген кезде 128 үйді су басу қаупі туын­­дайды. Бұл қауіптің алдын алу үшін өзен арнасының бір шақырымы құм­нан тазартылып, қорғаныс бөгет­тері ны­ғай­тылды, арна кеңейтіліп, тереңдетілді.

Қазірде Жабай өзенінің Атбасар қала­сы аумағындағы учаскесінде бір су өт­кізу құрылысы толықтай аяқталды, тағы екеуі пайдалануға беруге дайын. Вице-премьер олардың құрылысын 10 күн ішінде аяқтауды тапсырды.

Сонымен қатар Атбасарда Жабай өзенінің 7,2 шақырымдық арнасын түзу бағытқа келтіру және ені 120 метрге дейін кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстарға 36 техника жұмылдырылған.

Жалпы, биыл Ақмола облысында Колутон, Жабай және Шағалалы өзен­дерінің арналары кейінгі 30 жылда алғаш рет тазартылып, тереңдетіліп жатыр.