
Сурет: qazaqgeography.kz
Қазақ хандығы дүрілдеген заманда саяси ордаға айналған орын. Түркістанды әлем Қожа Ахмет Ясауи кесенесі арқылы таниды. Елдің даңқын ер шығарады деген осы шығар. Жаужүрек баһадүр Ақсақ Темір кесене салдыруы арқылы Түркістанның рухани деңгейін көтерді десек, әсте жаңылыспаймыз. Бұл кесенені кезінде зеңбірекпен атып құлата алмаған деседі. Тайқазанның да оңайлықпен жылжымағаны ел аузында жүр.
Түркістан облыс орталығы болғалы сәулеті мен сәні келіскен шаһарға айналып, шырайы кіріп келеді. Барлық аймақ асарлатып Түркістанды жаңаша тұрғызып берді. Ендігі міндет рухани астананы тарихи қалпынан айнытып алмай туристік орталыққа айналдыру керек.
Қызылорда облысының аудандары мен Кентау, Отырар тұрғындары қажеттіліктерін алу үшін Түркістанға келіп базарлайтын. Сауда-саттық басымдығын да сақтап қалу керек деп есептеймін. Ұлы Жібек жолын жалғайтын тауар айналымын жаңғырту қажет. Бірқатар кәсіпорын ашылып, қаланың тамырына қан жүгіре бастады. Жаңа оқу орындары да студенттерді тартып жатыр. Десе де шаһар тұрғындары аздық етеді. Түркістанды аяғына нық тұрғызу үшін тұтас облысты қарқынды дамыту қажет.
Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңға қол қойып, облыс жұртшылығын қуантты. Құжатта еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретінде Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілді. Онда тарихи-мәдени мұраны сақтау – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау қарастырылған. Енді кесене айналасына 100 метрге дейін құрылыс жүргізуге тыйым салынады. Себебі алып ғимараттың іргетасы үгітіліп, қауіп төніп тұр. Осыған байланысты заң аясында археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттелмек.
Тарихи-мәдени мұраны қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді дәріптеу мақсатында туристік сервистік қызмет қалыптасуға тиіс. Қолөнершілердің шығындарының бір бөлігі, яғни 10%-нан 25%-на дейінгі шығындары жергілікті бюджеттен өтеледі. Бұл мақсатқа жыл сайын 88 млн теңгеден аса қаржы бөлінбек.
Сол сияқты мәдени нысандарды қорғау аймағында биіктігі мен сәулеті үйлеспейтін ғимараттарды салмау талап етіледі. Археологиялық ескерткіштердің резерваты құрылмақшы. Бұл тарихи жәдігерлерді түгелдеуге мүмкіндік береді. Себебі Түркістан облысы еліміздің рухани өңірі ретінде руханиятқа еңбегі сіңген тарихи тұлғаларға бай. Олардың тарихын тірілту де бір үлкен іс болғалы тұр. Өйткені Қожа Ахмет Ясауиді Арыстан бапсыз елестету мүмкін емес. Сол сияқты Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелеріне зиярат ететін туристер өте көп. Сондықтан рухани орындардың маршрутын сызып қою керек.
Заңда мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді инфрақұрылым және инклюзивті туризм құру арқылы қалада жайлы орта қалыптастыру қарастырылған. Шаһардың бірыңғай келбетін – сәулет ерекшелігін сақтау үшін дизайн код енгізу кезегін күтеді.
Мемлекет тарапынан қолөнер шеберлерін қолдаумен қатар көлік транзитін реттеу көзделген. Мысалы, қай елге барсаңыз да сол жердің шежіресінен сыр шертетін кәдесый алуға құштар боласың. Тура сол сияқты Тұран даласын танытатын таңбалар жасау қажет. Атақты ақын Мағжан Жұмабаев жырлаған екі дүние есігі әлемнің туристеріне айқара ашық болатын күннің ауылы жақындады.
Ал тиімді басқару мен бақылауда әкімдік пен мәслихат өкілеттігін кеңейту үшін қала әкімдігіне – 27, мәслихатқа 7 өкілеттік беріліп отыр.
«Күріштің арқасында күрмек су ішеді» дегендей, туризмді дамыту және тұрмыс сапасын арттырумен қатар қаланың тарихи ерекшелігін сақтау жаңа заңда қарастырылған. Қазақтың хандары мен билеріне мәңгілік мекен болған құтты шаһар өсіп-өркендеген жерге айналсын.
Қайрат БАЛАБИЕВ,
Мәжіліс депутаты