Руханият • 04 Наурыз, 2025

Бекзат болмыс

413 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазіргі Шәкәрім университетінің іргетасы Семей педагогикалық институты – айтулы ғалымдарымен, елеулі шәкірттерімен мақтануға құқы бар тарихы терең білім ордасы. Осы алтын ұяның тіл-әдебиет бағытында маманданғандар үшін Қайым Мұхаметханұлы, Қуандық Мәшһүр-Жүсіп, Қинаят Шаяхметов, Арап Еспенбетов сынды ұстаз-профессорлардың орны ерекше. Бұл майталмандардың ішінде астана мен өңірді, аға буын мен орта буынды үйлесімділікте сабақтастырған және өзі де талай жыл жауапты басшылық қызмет атқарған тұлға – Арап Сләмұлы.

Бекзат болмыс

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, Абай облысының құрметті азаматы, «Парасат» орденінің иегері, абыз жасына көтерілген Арап Еспенбетов – әде­биеттану саласының ғана емес, жо­ғары мектептің беткеұстары. Өңірдегі әр­бір келелі жиын бұл кісінің сөз бастауын­сыз өтпейді. «Арап аға не айтар екен?» деп жұрт елеңдесіп тосады. Топ баста­ған көсемдігі мен сөз бастаған шешен­дігі қайдан келді десеңіз, қара сөздің майын тамызған өңірлік ұстазы Бәтташ Сыдықұлы мен өрісті ұстазы Зейнолла Қабдоловтың тәлімі екенін аңғара­сыз. Студенттік шақта жол сілтеп, бағдар түзген Қайым Мұхамедханұлының, бас­тапқы ғылыми жетекшісі Бейсенбай Кенжебаевтың, әдебиеттанудың мінбері сынды Рымғали Нұрғалидың орны бөлек. Бәрі-бәрі маңдайтүзер темірқазығына айналды.

Алдыңғы толқын ағалардың өсиеті Арап Сләмұлына ғалымдық жолда аз сын жүктемегені ақиқат. Ағалар амана­тын ғалымдық мұратының арқауы еткен ол әлі де зерттеу нысаны­на ай­нал­маған тақырыптарды шұқшия қа­рас­тырды. Кеңес кезеңінде ұстазы Б.Кен­жебаев айта алмай кеткен С.Торай­ғыров шығармашылығын зерттеуде тың да батыл ізденістерге барды. Сұлтанмахмұттануды жаңа биікке кө­терді. Алаштың дарынды ақыны туралы деректерді архив қойнаулары­нан сарыла іздеп, тұтас тұжырымдама қалыптастырды.

Ғалымның абайтану, шәкәрімтану, жалпы әдебиет тарихына қатысты зерт­теулері – халқымыздың қазынасына қо­сылған рухани олжа. А.Еспенбетов – «Сұлтанмахмұт Торайғыров», «Уақыт өрнегі», «Ақындары Алаштың», «Абай әлемі», «Абайтану әлемінен», «Абай әле­мі», «Абайды оқы, таңырқан» зерттеу­ ең­бек­терінің авторы, сондай-ақ «Алаш» сериясымен жарық көрген ­4 том­­­дық­тың, 7 кітаптан тұратын Шәкәрім Құ­дай­­бердіұлы шығармаларының фак­симилдік басылымының жоба же­тек­шісі. Зерттеу тақырып ауаны да әр алуан. Автор көзі қарақты, есті ұр­пақ­қа түрлі ой салады, ізденіс әлеміне жетелейді. Осы сәтте ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деген ұлағатты сөзі еріксіз есіңізге оралады.

«Арап – орнықты азамат. Оны Алматы мен Астананың жоғары оқу орын­­­да­ры, ғылыми мекемелері қаншама рет қызметке шақырды. Бірақ Семей пед­институтына, Алаштың тарихи қа­ла­сы­­­на адалдығын жоғары қойды. Осы ар­­қы­лы Семей мен елорда зиялылары­­ның ­байланысын жақындата түсті. Әлем­­дік дана Абайдың кейінгі барлық мерей­то­йын ұйымдастырудың жуан ортасында жүрді. Біздің Әдебиет және өнер институты өтінішімен С.Торайғырұлының екі томдық академиялық жинағын даярлап берді. Тіпті облыс жабылып, өңір басынан қиын жағдай өткенде Арап бауырымыз Семейдің ғылым, жоғары білім туын биікке көтере түсті», деген акаде­мик Сейіт Қасқабасовтың толғанысы Арап Сләмұлының дара болмысын биіктете түседі.

Арап Еспенбетов – текті жердің тумасы. Тектілік – қазақ халқында кие­лі ұғым. Нақылмен өрілетін халық дана­лығындағы «тегінде бар тектілік», «тегі мықты», «тегіне тартқан» деген ертеден келе жатқан аталы сөздер – соның айқын дәлелі. Атақ қумады, мансап іздемеді Арап аға. Туған жері алдындағы перзенттік мол жауапкершілікті сезін­ді. Киелі Семейінен кетпеді. Қайым сал­ған сүрлеу жолды жалғастырды. Әде­биет ғылымын көзінің қарашығын­дай қастерлеген ел ағасына туған халқы­ның алғысынан артық мәртебе жоқ шығар бүгінде.

Ғалымның жетекшілігімен 20-дан аса ғылым докторы мен кандидаты, 3 PhD (философия докторы) ғылым әлеміне сәтті жолдама алды. Бұл да – ұстаз еңбе­гінің ақталғандығының бір көрінісі.

«Семейдегі Арап Еспенбетовтің ғы­лыми мектебі елеулі. Ар-ағамыз да­йын­даған дәрежелі ғалымдар – ірі күш. Бұл – Абайдың, Әуезовтің, Төребаев­тың, Мұхамедхановтың, Жүсіповтің көркем сыни ойлау жүйесі мен әдеби мек­­тебі өзінің Семейде өмір сүруін одан әрі жалғастырды деген сөз. Мұның қа­тары­на, әрине, Бейсенбай Кенжебаевты қос­сақ, Абайдан басқа­ның барлығы білетін ұстазға, ешкім де қарсы болмас. Оның үстіне, сонау алпысыншы жылдары Сұлтанмахмұтты зерттетіп, оның «Алаш ақыны мен ауыл ақынының айтысы» поэ­масын тапқы­зып, «Алаштың ұранын» көшірткен, сол арқылы Алаш идеясының үзілме­уін тілеген Бейсекеңнің атының аталуы тіптен орынды деп есептеймін», деген мұхтартанушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың тебіренісі – тарихи Семей пединститутының бүгін­гі филологиялық әлеуетіне дәлел. Арап Сләмұлының маңдай тері арқасында Ә.Тәңірбергенов, К.Жанатайұлы, Ш.Әбенов, Н.Баймұратов, Т.Әміренов, У.Шондыбайұлы, Ә.Найманбаев, Т.Жомартбаев, Қ.Алтынбаев сынды әдебиет өкілдерінің мұралары оқырманмен қайта қауышты, ғылыми тұрғыдан жан-жақты байыпталды. Әдеби өлкетануға жаңа леп келді. Бұл - Арап Сләмұлы түрен салған арлы жол еді.

Алматы мен Астананың Диссерта­циялық кеңесіне барғанда «Арекең жетекшілік еткен жұмыстардың бар­лы­ғы тыңғылықты жазылған» деген ға­лымдардың жылы лебіздерін де естіді шәкірттері. Бұл, ең бірінші, жетекшіміздің абыройы мен беделі болса, екіншіден, әрбір зерттеу жұмысын «Еспенбетов мектебінен» талқылаудан өткізу үдерісінің нәтижесі еді. Екіұшты, дүдәмал сөздерді жаны ұнатпайтын ғалым бәрімізді Еспенбетовке тән нақтылыққа үйретті. Еспенбетов мектебінің айнымас қағидаларынан өткен шәкірттері – қазіргі әдебиеттануда өзіндік орны бар сүбелі зерттеулердің авторлары.

А.Еспенбетов – ұстаздық тағылым мен ғалымдық зердені ұштастыра біл­ген жан. Арап Сләмұлы ұзақ жыл «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінен» дәріс берді. Ұстазымыздың әрбір сөзін нақты деректермен дәлелдей түсуі бізді әдебиет тарихына еріксіз қызықты­ра түсетін. Бір сұрақ қойылса, «солай ғой деймін» деген шала-жансар жа­уап еш уақытта айтылмайтын. Келесі сабақтарда архив мате­риалдарын көте­ре келіп жауап беруі де студенттерге талай нәрсені үйретті, ғылым әлеміне жетеледі. Ал ұстазымыздың емтихан алуы да ешкімге ұқсамайтын. Қандай сұрақ келер екен деп қамкөңіл болып отырған бізге «Сендер бәрін білесіңдер ғой» деп ынталандырып, абыройымыз­ды асқақтатып жіберетін. Ұстаз ешкімге үш деген бағаны да қоймайтын. Үздік бағаны жетесіне жеткізіп қоятын. Түсінер сана болса, ақыл безбеніне салып қабылдай алсаңдар болғаны деген мән жатар еді мұның астарында. Дарқан көңіл ұстаз жастарды тарам-тарам өмір жолында адаспай сара жолдың сүрлеуіне түсуге жәрдем беретін.

«Асылы, ұстаздық – кәсіп емес, жұлдызды жаратылыс болса керек», деп тебіреніпті Арап Сләмұлы ұс­таздары жайында сөз қозғағанда. Шә­кірт­тері ардақ тұтқан ол – шын мә­нінде, нағыз бақытты ұстаз. Ұстаздық абы­ро­йымен талайға үлгі бола білді, талап­ты­ларға білім-білік, ғылым-даналық шам­шырағын нұсқады.

Арап-ұстаз – ешкімге ұқсамайтын бекзада болмыс, нағыз парасатты жан. Даңғазалықты, атаққұмарлықты жа­ны қаламайды. Жағымпаздықты, мәй­мөңкелеуді суқаны сүймейді. Тіптен кө­ңілі толмағанда өңменіңнен өтер өткір көзі, намысыңды қайрай түсетін уытты сөзі де табиғи қасиетімен жара­сым тапқандай.

Ұстазың туралы ой жауапты да ма­ңызды. Өйткені ұстаздық – даналық­тың сипаты. Мұны дәлелмен айтқан абзал. Арап Сләмұлының алпыс жылға жуық тәжірибесі, адамшылық және кәсіби мектебі – соның дәлелі. Биылғы биік белесі Семей ғалымдары мен сұлтан­махмұттанушыларды жаңа ғылыми табысқа жұмылдырады деп сенеміз.

 

Ақмарал Смағұлова,

Шәкәрім университеті «Абай және ұлттық руханият» ҒЗО жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты