Аймақтар • 01 Наурыз, 2025

Кәрістердің құрметі

132 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2022 жылдың 1 наурызында Ақтөбеде Тұңғыш Президент саябағында «Ақтөбе облысы кәрістерінің қазақ халқына алғысы» мүсіндік композициясы ашылды.

Кәрістердің құрметі

Тұтас сәулет композициясы 30-жылдардың ортасында Қиыр Шығыстан күшпен жер аударылған корей ұлтының өкілдеріне көмек қолын созған қазақ халқының мейірбандығын бейнелеген.

Биіктігі – 4,7 метр, ені 4,5 метр болатын сәулет өнері ақ құстың айшықты қанат­тарымен көмкерілген дөңгелекпен өрнектелген. Төбесін киіз үйдің шаңырағы жапқан. Жер шары бейнесіндегі дөңгелектің ортасында қазақ әйелі баласын арқасына таңып алған кәріс әйеліне қымыз құйылған тостаған ұсынып тұр. Екі әйел де – ұлттық киімде. Мүсіндік композицияның түсі – күріш дәні тәріздес ақшыл-сұрғылт.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында 90-нан аса этнос өкілдері тұрады. Сондай-ақ өңірде ҚХА 115 мүшесі бар. Облыстық ҚХА құрамындағы 17 этномәдени бірлестік өкілдері қоғамдағы мәселелерге белсене араласады. Олар отбасы құндылығы жөнінде білім беру ұйымдарында кездесулер өткізіп, қиын жағдайда қалған жас отбасыларға жиі көмектеседі.