
Қаланың көрнекті жерінде орналасқан монументтің құрылысын «Темір-Байлық» ЖШС жүргізген. Нысанның құрылыс жұмысына 158 млн теңге шамасында қаражат жұмсалған. Ал монументтің архитектуралық шешімін сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тікелей өзі қадағалаған.
Тұғырлы ескерткіш «Арбат-1» аллеясымен қатар ашылды. Көне шаһардың жаңа келбетін көруге келген туристер де «Көне Тараз» тарихи этномәдени кешені бойымен жүріп, «Арбат-1» аллеясына барып аяқ суытады.
5 жыл бұрын бой көтерген нысан маңында адам қарасы үзілмейді. Түрлі іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Сондай-ақ 1 наурыз Алғыс айту күнінде қазақ халқына шынайы ризашылығын білдіргісі келген 90-ға жуық этнос өкілдері осында арнайы келіп, гүл шоқтарын қойып, тағзым етіп жатады. Олардың жүзінен, қиын-қыстау кезеңде тамырластығын байытып, бауырына басқан жергілікті халыққа деген риясыз алғысты аңғарғандай боламыз.