
Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен қойылған монумент биіктігі 14 метрге тартады. Оның басты элементі – қолына нан ұстап тұрған әйел мүсіні. Тарихқа көз жүгіртсек, 1930–1952 жылдары қазақ жеріне түрлі этнос өкілдері күштеп жер аударылды. Қилы кезеңде миллиондаған адамға жаңа ортаға бейімделу қиынға соқты. Алайда қазақ халқы жатсынбай, қолындағы барымен бөлісіп, қамқорлық жасап, үйіне паналатты. Монументтегі бейне сол қазақ халқының кеңпейілділігін, қонақжайлығын және қиын-қыстау кезеңде депортацияланған өзге этнос өкілдеріне көрсеткен жанашырлығын білдіреді. Ал ескерткіштің негізгі бөлігінде шаңырақ бейнеленген. Бұл – Қазақстан сан этностың ортақ шаңырағына айналып, бүгінде ел халқы бейбітшілікте, бірлікте, ынтымақтастықта өмір сүріп жатыр дегенді айғақтайды. Төменгі жақтауына латын тілінде «Qazaq eline myń alġys» деп жазылған.