Салық • 01 Наурыз, 2025

Кәсіпкерлер салықтан жалтармаса игі

44 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринмен және Қаржы министрі Мәди Такиевпен жұмыс кеңесін өткізді. Онда салық-бюджет реформасы және салық түсімдерін бақылауды күшейту мәселелері қаралды.

Кәсіпкерлер салықтан жалтармаса игі

Фото: primeminister.kz

Қаржы министрі Мәди Такиев жүр­гізілген талдау шеңберінде жо­сықсыз салық төлеушілердің са­лық міндеттемелерін оңтай­лан­­дырудың құқықтық схемасы ре­тінде шағын кәсіпкерлікті қол­­дау және дамыту мақсатында бұ­рын енгізілген арнайы салық р­ежім­­дерін (СРП) пайдалану фак­ті­­лері анықталғанын баяндады.

Бүгінде елімізде 2,3 млн салық тө­леуші тіркелген. Оның 8%-ы немесе 137 мыңы ғана – ҚҚС төлеушілер. Жалпы, субъек­ті­лер санының 81%-ы оңайла­тылған декларацияны пайдалана отырып, арнайы салық режімінде жұмыс істейді, ал олар­дың 85%-ы 15 млн теңгеге дейінгі кірістерді көрсетеді.

«Біз арнайы салық режім­дерін қолданатын субъек­тілердің жалпыға бірдей белгіленген режімде жұмыс істейтін компаниялармен өзара есеп айырысуларына талдау жасадық. Талдау көрсеткендей, мұндай режімдер арасындағы өзара есеп айырысу өткен жылы екі есеге – 5 трлн-нан 10 трлн тең­геге дейін өсті. Бұл ретте арнайы салық режімдері бойынша 16 трлн теңгенің жалпы айналымынан жалпыға бірдей белгіленген режіммен өзара есеп айырысу 10 трлн теңгені құрайды. Яғни жүздеген миллиард теңге табыс тауып, салық төлеушілер аз ғана салық төлей­ді», деген М.Такиев бизнес пайдаланатын бірқатар бөлшектеу схемаларын айтты.

Салықтарды оңтайландыру және пайданы азайту үшін ком­па­ниялар «құжаттық» шығын­дарды арттыру қағидатын ұстанады. Бір компания тауарларды сатып алады және оны оңтайландырылған режімде жұмыс істейтін басқа заңды тұлғаға өзіндік құны бойынша қайта сатады. Нәтижесінде, бірінші компания шығынды көрсетсе, ал екіншісі жеңілдік шарттарын пайдалана отырып, ҚҚС төлеуден жалтарып отыр.

Сонымен қатар бизнесті бірнеше заңды тұлғаларға бөлу әдісі қолданылуда. Мысалы, бір мекемеде бар, асхана және караоке жеке компания ретінде тіркелген немесе қонақ үйдің әр қабаты әртүрлі жеке кәсіпкерге тиесілі. Олардың бірінің табысы 78 млн теңге шегіне жеткенде, қызметі тоқтатылады, ал оның орнына басқа заңды тұлға келіп, бұл ҚҚС төлеуден жалтаруға мүмкіндік береді.

«Еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайту үшін кәсіп­орын қызметкерлері штаттан шығарылып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бұрынғы жұмыс берушіге жұмысшы ретінде емес, жеке тұлға ретінде қызмет көрсетеді. Тиісінше, еңбекақы төлеу қорына түсетін салық төлемдері азайып, жұмыс берушіден әлеуметтік жауапкершілік алынып тасталады, одан әрі оны кәсіпкер өз мойнына алады», деді М.Такиев.

Осыған байланысты Қаржы министрлігі салықтық әкім­шілендіруді жетілдіру мақ­сатында бөлшектеуге қарсы күрес бойынша бірқатар шара ұсынады:

  • бизнестің бөлшектенуінің заңнамалық критерийін енгізу;
  • нысанның салық даулары мәнінен басым болу қағидатын енгізу;
  • мұндай фактілерді бақылау және дәлелдеу әдістерін енгізу;
  • жеке кәсіпкерлер үшін қызмет түрлерін шектеу.

«Қаржы министрінің ақпа­ра­тынан салық жүктемесін оңтайландырудың әртүрлі схемаларын қолдана отырып, міндетін адал атқармайтын кәсіпкерлер­дің барын көріп отырмыз. Миллиардтаған айна­лым­мен олар бюджетке өз­­дері­нің тапқан пайдасына мүл­дем сәйкес келмейтін сомалар­ды төлейді. Бізде осындай ірі ком­паниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде «BI Group», «BAZIS» және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниясы жүр. Экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және әртүрлі компаниялар бар.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен қазір салық жүк­темесін оңтайландырудың түрлі схемаларын қолданатын ірі компаниялардың иелері мен басшыларына қарата айтқым келеді. Бүгін-ертең сіздердің компанияларыңызға салық органдарынан қосымша салық сомаларын төлеу қажеттілігі туралы хабарламалар келіп түседі. Баршадан екі апта ішінде салық органдарына қосымша салық декларацияларын тапсыруды және әділетті салық сомасын төлеуді сұраймын. Егер бұл әрекеттер жасалмаса, онда мемлекет фискалдық және құқық қорғау органдарын қосқанда, мемлекет иелігіндегі барлық ресурстарды қолдану құқығын өзіне қалдырады. Талап қатаң болады, бірақ егер бизнес мемлекет алдындағы міндеттемесін әділетті түрде орындаса, біз диалог құруға дайынбыз», деп атап өтті О.Бектенов.