
Осы міндеттер аясында Әділет министрлігі «Digital Justice» жобалар портфелін іске асырып отыр. Бұл азаматтардың қаржылай шығынын, уақытын үнемдеп, қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану шаралары қамтылып отыр.
Қазіргі таңда заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі – «E-ZanKomegi» жұмыс істейді. Осы жүйе халыққа онлайн режімде заң көмегін көрсетуге арналған. Бұл азаматтардың білікті адвокаттар мен заң кеңесшілерінің қатысуымен заң көмегіне қолжетімділігін жеңілдетеді.
Былтыр Астана қаласында «E-ZanKomegi» жүйесіне 285 адвокат пен заң кеңесшісі тіркелді. Олар 18 991 істі қарады. Еліміз бойынша «E-ZanKomegi» жүйесіне кірген пайдаланушылар саны – 6 749.
Бүгінгі уақытта операторлар тәулік бойы кеңес беретін консультациялық қызмет іске қосылды. Кеңес алуға «Egov.kz» порталында тиісті бөлімді таңдап, қызмет көрсету үшін өтініш қалдыру қажет.
Сондай-ақ «Zan Komegi» ақпараттық жүйесі арқылы құқықтық кеңес беру мүмкіндігі қарастырылып отыр. Мұндай құқықтық кеңесті адвокаттар мен заң кеңесшілері ұсынады. Сонымен қатар құқықтық кеңес беруге арналған жасанды интеллект элементтері бар чат-бот әзірленіп, «Zan Komegi» мобильді қосымшасының тәжірибелік ортасында тестілеуден өту үстінде.
Жасанды интеллектіні енгізу мақсатында министрлік IT-ұйымдармен бірлесіп жұмыс тобын құрды. Оған «zan bar», «iprav», академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті және басқа да ұйымдар қатысады.
Әділет министрлігі Нотариаттық палатамен бірлесіп сенімхат, кеңес, ерлі-зайыптылардың келісімі және некенің жоқтығы туралы өтініш сияқты бірқатар нотариаттық қызметті онлайн форматқа ауыстырды.
Айталық 2023–2024 жылдары аралығында Астана қаласының азаматтары нотариусқа жүгінбей, 102 142 нотариалдық әрекетті куәландырды, олардың ішінде: сенімхат – 67 588; ерлі-зайыптылардың келісімі – 32 066; кеңес беру қызметі – 156; некенің жоқтығы туралы өтініш – 2 332.
Енді азаматтар осы қызметтерді нотариусқа бармай-ақ онлайн форматта бейнеқоңырау арқылы алады. Барлық дайын құжат «Egov.kz» порталындағы «Цифрлық құжаттар» сервисінде көрсетіледі. Клиентті сәйкестендіру биометриялық құралдарды пайдалану арқылы жүзеге асады. Бұл ұқсас сыртқы белгілері бар адамдарды қате сәйкестендіру тәуекелін болдырмауға мүмкіндік берді. Ақпараттық қауіпсіздік мақсатында қосымша екі факторлы аутентификация енгізілді – SMS-код пен ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) арқылы тексеру.
Президент тапсырмалары аясында Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа технологиялық құрылымға, толық цифрландыруға көшу қажеттілігі айқындалды. Былтыр тамыз айында Әділет министрлігі Жеке сот орындаушыларының (ЖСО) республикалық палатасымен бірлесіп «Сот орындаушысының роботы» атты қанатқақты жобасын іске қосты.
«Цифрлық сот орындаушысының» бірнеше артықшылығы бар. Енді соған тоқталайық. Біріншіден, азаматтар ЖСО қызметіне ақы төлеуден, оған бару шығынынан босатылады. Өйткені барлық әрекет автоматты жүзеге асады. Екіншіден, хабарламаның жіберілгені, оқылғаны туралы белгі түсіріледі. Іс жүргізу қозғалғаннан кейін робот борышкерге бірнеше арна (1. 1414 нөмірінен СМС хабарлама, 2. eGov Mobile қосымшасындағы push-хабарлама) арқылы оңайлатылған іс жүргізу туралы ақпараты бар хабарлама жібереді.Үшіншіден, роботтың ЖСО-дан айырмашылығы борышкердің сомасы шегінде тек 1 банктік шотқа тыйым салады, ал ЖСО барлық шоттарға тыйым салады. Төртіншіден, азаматтарға ыңғайлы болу үшін борышты онлайн төлеу мүмкіндігі бар. Бұл барлық қамтамасыз ету шарасын (тыйым салуды) автоматты түрде жоюды қамтиды. Осылайша, адам факторы толығымен жойылады. Бесіншіден, осы жоба сот орындаушыларымен өзара байланысқа шығуды қажет етпейді. Барлық әрекет онлайн режімінде жүзеге асырылады. Іс жүргізуді тоқтату, тыйым салуды жою үшін түбіртектер мен басқа да растайтын құжаттарды көрсету қажет емес. Атқарушылық іс жүргізу саласын цифрландырудан басқа, жоба азаматтарға жыл сайын шамамен 5 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді.
Бұрын берешекті уақытында өтемеген жағдайда азаматтар жеке сот орындаушысына оның қызметі үшін 25%-ға дейін ақы төлеуге мәжбүр болатын. «Цифрлық сот орындаушысы» іске қосылғаннан бастап, бүгінге дейін Астана қаласында сот қаулыларының негізінде 73 080 358 теңге сомасына 1 555 оңайлатылған іс жүргізу қозғалды. Жалпы алғанда, 539 219 455 теңге сомасына 25 335 оңайлатылған атқарушылық іс жүргізу қозғалып, 23 897 оңайлатылған атқарушылық іс жүргізу аяқталды.
Арман АҚЫЛБАЙ,
Астана қаласы Әділет департаментінің басшысы