
Оны аталған жоғары оқу орнындағы Биоценология және экологиялық зерттеулер ғылыми орталығының директоры, профессор Бибігүл Жұмабекова бастаған ғалымдар тобы жүргізді. Олар Баянауыл ұлттық паркінің табиғи жағдайында өсетін жебірдің екі түріне жататын 26 популяциясын зерттеген. Елімізде бұл өсімдікті осындай ауқымда зерттеу алғаш рет жүргізіліп отыр.
Б.Жұмабекованың айтуынша, ғалымдар зерттеу кезінде кейбір жебір өсімдігі популяцияларының генетикалық ұқсастығын, ал басқаларының айтарлықтай айырмашылығын анықтаған.
Бұл өсімдік әр жерде өседі. Оны жол бойынан да, егіс алқабынан да көруге болады. Бір жағынан, жебірдің емдік қасиеті де жоғары. Ғалымдар ДНҚ талдауында молекулалық маркерлерді пайдаланып, жебірдің экожүйедегі өзгерістерге қалай жауап беретінін зерттеген. Мұндай зерттеулер өсімдіктің әлсіз популяцияларын анықтап, оларды жойылып кетуден сақтайды. Сонымен қатар жебірдің генетикасын зерттеу – оны қорғауға ғана емес, климаттық өзгерістерге төзімді жаңа сорттарды шығаруға мүмкіндік береді.
«Зерттеу нәтижесінде жебір өсімдігінің антропогендік факторларға қалай бейімделетінін анықтадық. Біз осы жаңалықтың арқасында биоалуантүрлілікті сақтап, экожүйелерді қорғауға арналған маңызды құралдарға қол жеткіздік», деді Б.Жұмабекова.
Енді ғалымдар зерттеу аясын кеңейтіп, генетиканы спектралды талдаумен байланыстыруды, сондай-ақ экологиялық факторлардың әсерін зерттеуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бұл жоба Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүргізілді. Сондай-ақ жебір өсімдігін зерттеу мен оны шай саңырауқұлағы негізіндегі сусын құрамына қосу – коммерцияландырудың негізгі бағыты болмақ. Бұл өсімдіктің бірегей емдік және дәмдік қасиеттері тамақ өнеркәсібінде жоғары функционалды өнім жасауға болатынын аңғартады.
Қайсар ҚҰСАЙЫН