
Иә, сазсырнайдың қоңыр әуезі сызыла құлақтан кіріп, бойды алып, буын-буыныңды босатады. Бұл ғажайып күйді адам бірден сезінбеуі мүмкін. Сазсырнайдың терапиясын толық сезу үшін нәзік-қоңыр әуезді бірнеше минут терең тыныс алып есту абзал. Сонда бөтен бір кеңістікке еніп, қым-қуыт мынау өмірден тым жырақ, тып-тыныш мекенге тап болғандай күй кешесіз. Бойдағы бар уайым, ашу, өкпе, жаман энергияны алақандай сазсырнай сорып алғандай босап қаласыз. Жан сырыңды естіген сазсырнай қырық жамау көңілге жайлылық сыйлайды.
Бұрында қазақтар бұл аспапты уілдек деп, бесіктің басына да іліп қойған. Яғни жел соқса, дыбыс шығарып, баланы алдандырады. Емдік тұрғыдан келсек, шынында да сазсырнайдың дыбысы адамның жүйкесін тыныштандырып, жүрек ырғағының біркелкі болуына әсер етеді. Мәселен, еліміздегі демалыс орындары мен шипажайларда қобыз, сазсырнай, домбыраның күйлері сияқты халық аспаптарын музыка терапия ретінде қолданады.
Сазсырнайға ұқсас аспаптар көптеген халықта кездеседі. Атауы әр халықтың өз тілінде айтылатын аспаптың пішіні де әртүрлі. Оның пішінін шеберлер құсқа, балыққа, көп басты жылқыға, жұмыртқаға ұқсатып жасай берген. Сазсырнайдың дыбыс диапазоны терция, кейде октаваға дейін барады. 1971 жылы Отырарда жүргізілген қазба жұмысында саздан жасалған қаздың жұмыртқасындай музыкалық аспап табылғанын білеміз.
Оймақтай сазсырнайдың терапиясы мұншалықты пайдалы екенін білгенімізбен, одан дыбыс шығара алуымыз тым оңай жұмыс емес. Сазсырнайды ойнағанда алдымен өкпеге ауаны көбірек жинап, кейін ақырындап шығару керек. Бұл өкпе қабаттарындағы шырышты қабықты қатайтады. Тамырдың кішкентай капиллярларына, өкпе мен жүрекке дейін оттегіге толады. Ал оттегі аз болса, вирус еніп, өкпе суланып кетуі мүмкін екен.
Ғалымдардың айтуынша, көбінесе адамдар дұрыс дем ала алмайды. Терең тыныс алу технологиясының сыры да осы сазсырнайда жатыр. Мәселен, ауаны ішіңізге терең жинап алып ойнамасаңыз, әуезді музыка шықпайды. Тынысты терең алып ойнағанда адам демалмай тұрады. Сонда денеге оттегі, көмірқышқыл газы көп тұрақтайды.
Кез келген кәсіби маман сазсырнайды 50 секундта жасай алады. Ал жаңадан үйренсеңіз, 3 минут қана уақыт жұмсайсыз. Арнайы таңдалған сазды иі қанғанша илеп, қалыпқа салып кептіріп, кейін 1200 градуста күйдіреді. Жалпы, бұл аспапты дайындаудың өзі де бір терапиялық жұмыс. Қолыңды ептілікке үйретіп, ойыңды демалдырады. Адамның, баланың моторикасын дамытады. Яғни сөйлемей жүрген бала тілінің шығуына да пайдасы бар.
Жалпы, тілімізде қоңыр сөзі жанға жылылық сыйлап, жайлылық, тыныштық, тұрақтылық мағынасымен астасып жүреді. Қоңыр түстен көз демалады, қоңыр дауыс, қоңыр үн тулаған көңілдің толқынын басады. Қоңыр дала, қоңыр тіршілік – бәрі де әсіребояусыз, бір ағыспен өтіп жататын баяу күй. Сазсырнайдың үні де қоңыр, тыныш, жұмсақ. Аспаптан шыққан акустикалық тербеліс жан тереңіндегі кірбің, өкпе, наз атаулыны өзімен бірге ауаға шығарып, бір сәт тыныштық кеңістігіне сүңгіте жөнеледі. Музыканың құдіреті деген осы шығар.