
Әулие Түменбай
Кеш бата аудан әкімдігіне келдік. Мұндағылар Мұхаңды құшақ жая қарсы алды. Бүгін әулие Түменбай бұлағындағы осы аттас ауылда демалатынымызды айтты. Аудан басшысы Нұрбатыр Орынбаев бізбен бірге жүрді.
Қой сойылыпты, қадірлі қонаққа бас тартылды. Түскен үйімізде әр жылдары шыққан Мұхаңның біраз кітаптары бар екен. Қолтаңба жаздырып алып жатты. Қазақтың әр үйінде тарихи кітаптары тізіліп тұратын Мұхаң – халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленген қаламгер.
Отырыс барысында Саурық батырдың атасы Түменбайдың әулиелік қасиеті жөнінде, атақты Алпар, Тұлпар туралы әңгіме өрбіді. Мұхаң ынта қоя тыңдады. «Мені мұнда әулие аруағы айдап келген екен ғой», деді бір кезде. Әулиелер ғана емес, мені қазақтың күллі хандары мен батырларының аруағы жетелеп жүреді және жаздырады деді соңында. Күй талғамай малшы үйіне қонған Мұхаңның қарапайымдылығы мен сабырлылығы тәнті етті.
Үйсінтау – Қарқара – Шырғанақ
Табиғаты тамылжыған Кеген өңірі таңғажайып тау тізбектерінен тұрады. Мұхаң қонған жер Үйсінтау сілемдерінің бірі – Сарытаудың бөктері. Қарқара өңіріне келген жиһангез Шоқан Уәлиханов Үйсінтауды Кеусентау деп жаңылыс жазады. Басы Сарытаудан басталып, соңы сонау Құлжаға дейін созылып жатқан тау Қытай мен Қазақстаның ортасында жатыр. Ежелгі Үйсін мемлекетінің атын күні бүгінге жаңғыртып тұрған бір ғажап тарихи тау.
Оңтүстігінде Сарытау, шығысында Мыңжылқы, батысында Қулық тауы қоршап жатқан кең жазық ежелден Қарқара аталады. Бұл Шоқан сызған картада айна қатесіз тұр. Ұлы жазық кейін қоныстануға байланысты жайлау, қыстау болып әртүрлі аталып кетті. Мыңжылқы етегіндегі жазықтың атауы қазір де Қарқара. Қырғыздың екі мыңжылдық тарихы бар Манас жырында Қарқара жиі айтылады. Аңыз бойынша Қарқара жер бетінен жойылып кеткен қасиетті құстың аты.
Осындай таңғажайып табиғат, қарлы шың, көк жайлау, мөлдір сулы өлкеге алғаш келген Мұхаң қатты әсерленді. Ұланғайыр қазақ жерін түгін қалдырмай аралаған Абылай хан Қарқара өңіріне де келіп, Көктөбенің басына шығып, батырлармен кеңескен екен. Бұл деректі тұңғыш естіген мен Мұхаңның қазақ тарихында теңдесі жоқ сұңғыла екеніне көзім жетті. Абылай ханнан кейін атақтылардың арасында Көктөбеге көзі тірі Мұхаңның өзі шықты бұдан ширек ғасыр бұрын. Шырғанақ ауылындағы кездесуден кейін Мұхаң сол маңайдағы тарихи өңір Көктөбеге келді. Биік төбенің басына шықты. Көкке қарап, тауларға тәнті болып, күбірлеп бір тылсым әлемде жүрді. Абылай хан туралы толғанды. Бұхар жыраудың Абылай хан туралы жырын жатқа айтты. Әсіресе, Үш Қарқара, Көктөбеден қалмақтардың қалай қуылғаны жөніндегі жыр шумақтарын табан астында жаттап алдым. Мұхаңда аруақтармен ой арқылы үнсіз тілдесетін қасиет болды. Көктөбеде Көк Тәңір нұрын жұтып, Құдай қуат берген жазушы ерекше күйге шомды. Есім хан жөнінде біз бұрын-соңды естімеген түпсіз тарихты қозғады.
Көктөбеге көлбеу қарсы жатқан биік қырқаның аржағында Есім хан қалмақтарды қынадай қырған Сантас асуы бар. Қырғыздың Түп ауданына қарайды. Мұхаңның о бастағы жоспары ерекше қанды шайқас болған Сантасты көру еді. Сол кездегі жол қатынасы үзілгендіктен онда бара алмадық. Көктөбенің басында тұрып Сантас жақтың тау қырқаларын көзбен шолды. Тарих оқиғалары өткен жерлерді көзбен көріп, топырағын басып, ақылымен зерделегендей еді.
Шоқан – Тоқан – Шырғанақ
Қарқара қазір Кеген өңірі аталады. Емдік қасиеті әлемге әйгілі шырғанақ өсімдігі өседі. Сондықтан бұрын өңір Шырғанақты атанған. Шоқанның 1856 жылғы Ыстықкөл сапары күнделігінде табиғаты, жер-су ерекшелігі айтылады. Шырғанақ өзені бойында түнедік деген жолдар бар жазбасында.
Шырғанақ, Талды, Үш Меркіде Шоқанның табан ізі сайрап жатыр. Әлмерекұлы Тоқан ата ұрпақтарының ежелгі атажұрты. Ұлы ғалым 1865 жылы осы өңірде бірер күн демалады, аң атады. Ең ғажайыбы сол Үш Меркінің айнытпай суретін салады. Таңдамалы жинағында бар. Тоқан ата ұрпақтарымен кездескен де болар. Өйткені Шоқанға жол көрсеткен Абайдың әкесі Құнанбаймен 1846 жылы Жетісуда билер кеңесінде кездескен Қашаған би Тоқандарға туыс болып келеді. Екеуі де Әлмеректің ұрпағы.
Шырғанақ ауылындағы мектеп ұстаздары жазушы Мұхтар Мағауин келеді деп дайындалған екен. Мектепте кездесу өтті. Баспасөзге жазылу науқаны болатын. Мұхаң «Жұлдыз» журналы жөнінде сөйледі. Мектептегі тың деректерге толы музейді аралап, ел мен жер тарихымен танысты. Бұл өңірге он алтыншы жылғы Албан көтерілісін жазу үшін 1927 жылдары М.Әуезов, содан соң Ілияс Жансүгіров, тағы да басқа жақсы-жайсаңдар келген. Музейде осы тарих жөнінде деректер жеткілікті еді. Қаламгер бұған қуанды.
Қарқара және Сақ обалары
1988 жылы Қулық тауының етегіндегі Жалаулы ауылынан Сақ дәуірінде жасалған алтын әшекей, аң-құс мүсіндері кездейсоқ табылып, тарихи олжа жөнінде хабар әлемге тарады. Мұхаң бұл тарихи құнды жәдігерлер жөнінде естіген. Уақыттың тығыздығына байланысты Жалаулыға бара алмады. Сақтардың нағыз патшалары жатқан Қарқарадағы оба тізбектерін көрді. Көктүріктер дәуіріндегі ойма жазуы бар балбал тасты ұстап, тізерлеп отырып тағзым етті. О баста Айттөбе, кейін Ереуілтөбе атанған оба-қорғанды айналып, төңірегін түгел көріп, тұңғиық ойға кетті. 1916 жылғы Албан көтерілісі басталып, халық алдымен ереуілге шыққан жер кейін Ереуілтөбе аталып кеткен еді. Айтпақшы, әйгілі Қарқара жәрмеңкесі де осы маңда болған. Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» кітабын оқыған Мұхаң осынау Ұлт-азаттық көтерілісі туралы терең біледі екен. Сөз арасында мұны айтып жүрді.
Қарқараға келіп, ел мен жерді көрген, шежіре шертіп, батырлар мен хандардың аруағын аунатқан абыз ғұламаны ел-жұрт ерекше сыйлады. Қарқара жазығындағы бір үйде қонақасы дәмін татты. Үйде «Жұлдыз» журналы бар екен. Кітаптары да тұр. Сары қымызын қанғанша ішті. Балбырап піскен қойдың етін жақсы жеді. Бас ұстап, бата берді.
Жуантөбедегі Тәңір тылсымы
Мұхаң еңбектерінде ежелгі тәңірілік танымның қасиеттері жөнінде жиі айтылады. Атам қазақ ежелден «Көкте Құдай, Тәңір жарылқасын, Жаратқан ие жар болсын» деп қатар айтады. Құранда да, Інжілде де бір Құдайға мінажат ету парыз етіледі.
Қарқара өңірінде ежелгі Тәңірге табынудың белгілері мен нышандары күні бүгінге дейін көзге ұрып тұр. Әлемге әйгілі Хантәңірі осы өлкеде. Қазақ жерінің тау-тасының, өзен-көлінің қасиетіне қанық қаламгердің бір тылсым тебіреністе табиғат аясында қыдырғаны ғажап болды.
«Күннен туған, ғұннан туған пайғамбар» деп Мұхаң сүйетін Мағжан айтқандай, күн еңкейген бесін кезінде «Манас» жырында аты басқаша айтылатын, жергілікті халық Жуантөбе дейтін дөңге көтерілдік. Жазушы мөлдір көк аспанға қарап тебірене сөйледі. Бұл оба-қорған атақты Сақ патшаларының бірі жерленген жер екенін айтты. «Кезінде бұдан да биік болған. Уақыт өте шөккен. Отаршылар моланы тонап, алтын-күмістерін алып кеткен. Өздерін саяхатшымыз деп алдап, алтын іздейтін арнайы топтар болған Ресейдің кезінде» деп Мұхаң мұңайғандай болды. Төбенің төменгі жағындағы бір ойықты нұсқап, «міне, мынау соның белгісі» деді.
Төбе басында Мұхаң тәңір иемен бір тылсым байланысқа түскендей болды. Әлмерек абызша өткеннің шындығын айтқаны өз алдына, шашылып жатқан майда тастарды теріп, алақанына салып, күбірлеп сөйлеп, бізден оңаша кетті.
Кеш бата Кегенге келдік. Кеген деген сөз – түркі-моңғол тілінде әулие мағынасын береді. Мұнда да оба, қорғандар болған. Құрылыс жүруіне байланысты жермен-жексен болып кеткен. Ертеректе бір обаны қазғанда біраз алтын-күміс шыққан. Өкініштісі, қазынаның табылғаны жөнінде тиісті орындарға айтылмай қолды болған. Мұхаңа жол-жөнекей мұны да айттым. «Асты алтын, үсті күміс, қазақ даласындай мекен жер бетінде жоқ қой», деді ол.
Кешкі ас-дәм Кегендегі бір ұстаздың үйінде жалғасты. Мұхаңның алдынан шығармалары шықты. «Аласапыран», «Қобыз сарыны», «Көк мұнар» атты кітаптарын сөреден алған үй иесіне автор қолтаңба жазып беріп жатты. Берген батасы өз алдына.
Алты сағат ақтарылды
Кеш қарая Кегеннен Алматыға қарай беталдық. Мұхаң тоқтаусыз шежіре шертіп, қазақ тарихын түп қопарып, тоқтаусыз айтып келеді. Кеген мен Алматының арасы бес-алты сағаттық жол. Бір тынбай сөйлеп, алты сағат аңыз-әңгіме, хикая, өнеге-өсиет, ақыл-кеңес айтқан мұндай ғұлама қазір жоқ шығар. Қарқара-Сантас-Көктөбе сапары қаламгердің есінде ерекше сақталып қалған екен. Мұны бір көңілді отырыста айтты.
Пәлен мың жыл бұрын адамзаттың шыққан жері Алтайдан ауып Американы атажұрт еткен үндіс-түркілердің тарихын Мұхаң жақсы білді. Теңдесі жоқ Тәңіртау-Хантәңірі, Үйсінтау өңірінде болған жазушы араға біраз жыл салып, алғаш үндістер қоныс тепкен Америкаға ат басын бұрды. Осында әйгілі Шыңғысхан туралы еңбегі жазылды. Топырақ та сол жерден бұйырды.
Ораз ҚАУҒАБАЙ