
Киелі қазақ шаңырағына уық болып қағылған өзге этнос өкілдері тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бері қарай Қазақстан – достық пен татулықтың шынайы мекені деген ұстанымды ұранға айналдырып келеді. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының басты міндеті достықты, татулық пен бірлікті нығайтып қана қоймай, әр этностың тілі мен тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтап, еліміздегі тұрақтылықты нығайта түсу бағытында түрлі іс-шара ұйымдастыру болып табылады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың толеранттылық, қазақша мақамға салсақ, төзімділік ұстанымына сәйкес, өзге этнос өкілдерінің де қазақ тілін, мәдениеті мен тарихын жақсы білуге ұмтылғандары абзал. Өйткені халқымызда «Сыйға – сый, сыраға – бал» деген тамаша тәмсіл бар. Тағдыр талайымен жерімізге келген этностарды өзі қиналса да бауырына басып, бір үзім нанын бөліп берген ұлтқа сәйкесінше құрмет осылайша көрсетілуге тиіс деп білемін және еліміздегі мемлекет құраушы ұлт – қазақ ұлты екені тарихи факт екені еш этностың жадынан шықпағаны жөн.
Ата-аналарымыз кезінде еліміздегі өзге этностардың қазақша майын тамызып сөйлеп қана қоймай, өзара сыйластық рәуішінде салт-дәстүрімізге үлкен құрметпен қарайтынын айтып отыратын. Солақай саясаттың салдарынан өз жерімізде азшылыққа айналғанда, бұл үрдістен айырылып қалуымыз заңдылық еді. Алланың қалауымен қазір қайтадан көпшілікке айналдық, тәубе дейік және бірлігімізді бағалай жүріп, тек алға ұмтылайық. Еліміз аталы, дастарқанымыз баталы болсын!
Үміт ДҮЙСЕНБАЕВА,
84 жастағы кейуана
АСТАНА
Салаға түбегейлі өзгеріс керек
Жақында жұбайымыз екеуміз Өзбекстандағы бір шипажайда демалып, ем-дом қабылдап қайттық. Жарнамалап жатқандай болмайын деп қай жердегі қай шипажай екенін нақтыламағанды жөн көрдім. Бірақ «Ел құлағы – елу» дегендей, Қазақстандағы халықтың бәрі дерлік көрші елдегі емдеу-сауықтыру орындарының арзандығы мен артықшылықтары туралы естіп, біліп отырғандары күмәнсіз. Оның үстіне, ұялы телефондарда сол елдегі шипажайларға қызықтыра шақырған хабарландырулардан көз тұнады.
Үйге оралған соң сұраған көршілерімізге көзбен көргендерімізді еш боямасыз айтып бердік. Сонда біреуі: «Біздегілер неге солай жасамайды, ақша да толықтай өз елімізде қалар еді», деп орынды мәселе көтерді. Шынында да, бізде бәрі бар-ау, бірақ ниет жоқ екені анық. Еліміздің біраз жерінде демалдық. «Сарыағаш», «Меркі», «Манкент», Алматыдағы «Көктем», «Жетісу», Көкшедегі «Оқжетпес» деген сияқты. Қай жеріне барсаң да ем алушыларға жүрдім-бардым қарайды, жасыратыны жоқ, қолдарына тиын-тебен қыстырмасаң, жәутеңдеген жетім баланың күйін кешесің.
Көбіне қалталылар мен депутаттар демалып, денсаулықтарын түзейтін Бурабай курорттық аймағындағы «Оқжетпес» шипажайындағы әңгіме барысында халық қалаулыларының бірі бізге: «Осы ақшаға неге Түркияға бармайсыздар, біз тегін болған соң келеміз», дегенде не айтарымызды білмей қалдық. Ал өзбектер болса, «иіліп төсек, жайылып жастық» болады. Мүмкін емдері ерекше емес шығар, бірақ жылы сөзге жан семіреді, жазылып қайтқандай боласың. Бізге жетпейтіні жан жылуы, көңіл тазалығы, өзгенікіне өзіңдікіндей қарай білу ғой деп ойлаймын. Айтарлықтай арзандығы тағы бар. Міне, осы себепті де болар, бүгінде Өзбекстандағы шипажайларға ағылған қазақ көп.
Осының алдында вегетариандық шипажайда демалғанымыз бар, ұжымы түгел дінге сенетіндер екен, адамға деген ақжарма көңілдері мен алғаусыз қарым-қатынасынан кейін өз басым солардың дініне өтіп кетуге шақ қалдым. Не деген тәртіп, жан тазалығы, адамға деген құрмет, міне, осындай-ақ болсын. Алла қаласа, алдағы наурыз айында тағы барамыз ба деп отырмыз. Ал біздегілердің қызметіне көңілің толмаған соң ескерту жасасаң, сенен жаман адам жоқ. Өкінішті-ақ!
Ляззат ЕСБОТАНОВА,
еңбек ардагері, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері
ТАЛДЫҚОРҒАН
Ұлттық қалпымызды қастерлейік
Жаңа туған нәрестенің кіндігін кескен жанды «Кіндік шеше» атайтынын білмейтін адам жоқ болар, сірә. Әңгіме – сол ұғымның кейінгі кездері ұмытылып, ауызға жиі алына бермейтіндігінде болып отыр. Өткенде бір ағайынның үйіне дүниеге келген немересіне «Бауы берік болсын!» айта барып, қазақы қалыппен қызығушылық танытып, шақалақтың кіндік шешесі туралы сұрағанбыз. Мұндай тосын сауалды күтпей, тосылып қалған үй иелері келіні мен баласын шақырып сұрап еді, олар да оны есіне түсіре алмады. Иә, ойланатын-ақ шаруа. Осы жайт көпке дейін ойымнан шықпай қойса бола ма!
Есіме бір кездері өзім туған тау баурайындағы 22-бекет аталатын аядай ғана ауыл мен ондағы пейілі дарқан, бауырмал жандар түсті. Екінің бірі үйінде босанып жататын кез еді ғой ол. Мен туғанда да солай болыпты. Анамның айтуынша, кіндігімді көршіміз Шекер апам кескен көрінеді. Оны есіміз кіргенде бір-ақ білдік қой. Әңгімешіл, қазақы салт-дәстүрге жетік, еңбекқор кісі еді, жарықтық. Жас кезімде тентектеу болсам керек, әке-шешеме: «Менің балама ұрса бермеңдер, өсе келе өзі-ақ еркелігін қойып кетеді», дейді екен.
Шалы Қозыбақ атам да шежіре, ескіше сауаты бар, қисса-дастандарды жатқа айтатын еді. Жалғыз ұлы Іңкәрбек аға да құймақұлақ, тауып сөйлейтін, бауырмал болатын. Мына сәйкестікке қараңыз: сол шаңыраққа келін болып түскен бойжеткеннің есімі де Шекер болғанын көрмейсіз бе. Келе шаңырақты ұршықша үйіріп, Шекер апамның өнегесін бойына сіңіріп, ауыл-аймақтың сыйлы келініне айналды.
Әңгіме кіндік шеше туралы еді-ау. Ауылдағы туыстарымызды айтпағанның өзінде, қаладағы бауырларымыз осы бір қасиетті де қастерлі ұғымның мәніне терең бойлай бермейтін секілді. Себебі «менің кіндік шешем еді» деген сөзді өте сирек естиміз десек, өтірікші болмаспыз.
Атам қазақ «кіндігінен байланған» дегенді текке айтты дейсіз бе? Демек кіндіктің киелі ұғым болғаны ғой. «Туған ұясымен мәңгі бірге» дегенге бұдан артық қандай теңеу табу мүмкін? Ойланып қараған адамға жоғарыдағы сөздің астарында үлкен пәлсапалық астар жатқан жоқ па?
Әдетте, қазақы қалыпқа салып айтсақ, «Нәресте кіндік шешеге тартады» деп жатады. Кім білсін, рас та шығар. Қалай болғанда да, табиғаттың біз білмейтін тылсымы аз дейсіз бе? Бала көңілімде әдемі де сәулелі сәт болып қалып қойған кейбір жайлар есіме түскенде кіндік шешем Шекер апам да ойыма оралады.
Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,
зейнеткер
Түркістан облысы