
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Шерубай Құрманбайұлы:
Ғылым тілін дамыту негіздері
Ғылымды ұлт тілінде дамыту ұлттың өркендеуіне, тілінің кемелденуіне, тілге деген шынайы сұраныстың қалыптасуына негіз қалайды.
Сол себепті ұлттық ғылым тілін дамыту – мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі. Біріншіден, қазақтілді ұлттық ғылыми кадрлар қауымын қалыптастыруға басымдық беру керек. Бізде білікті ғалымдар, тәжірибелі салалық мамандар бар. Алайда жаратылыстану ғылымдары мен техника, энергетика, медицина сияқты көптеген салада қазақ тілін жетік меңгерген ғалымдар мен жоғары білікті мамандар үлесі өте төмен. Олардың көбі орыс тілінде білім алғандықтан ғылыми қызметінде, кәсіби міндетін атқаруда қазақ тілін еркін қолдана алмайды. Тіпті қазақ тілін мүлде білмейтін, ешқашан пайдаланбайтын ғалымдар да бар. Қазақ тілінің ғылым тілі ретінде өркен жайып, дамуына бұл фактор үлкен кедергі келтіріп отыр. Олар термин шығармашылығында ұлт тілін пайдаланып төл термин жасамайды. Қазақша оқулық, оқу құралдарын, ғылыми мақалалар мен монографиялар жазбайды. Яғни ұлт тіліндегі ғылыми контент жасауға қатыспайды. Қазақ бөлімінің студенттеріне практикалық сабақ жүргізіп, дәріс оқымайды. Магистрлер мен докторанттарға (PhD) қазақша тақырып беріп, ғылыми жетекшілік етіп, кеңес бермейді. Дәлірек айтқанда, ғалымдардың бұл бөлігі қазақтілді ғылыми кадрлар даярлауға да тікелей қатыспайды деген сөз. Осы кедергі еңсеріліп, мәселе шешімін тапса, ғылым тілін дамытуға кадрлық негіз қаланады. Екіншіден, біріздендірілген, стандартталған ұлттық терминқор, жетілдірілген терминжүйе – ғылым тілінің өзегі.
Ғылым тілінің негізін ғылыми терминдер құрайды. Барлық негізгі ғылым салаларының терминдер қоры жасалып, ғылыми сараптан өтіп, біріздендіріліп, стандартталмайынша ұлттық ғылым тілі толық іске қосылып, өзінің қызметін мүлтіксіз атқара алмайды. Салалық терминжүйелер сапалы жасалмаса, ғалымдардың, мамандардың бірін-бірі қиындықсыз түсініп, ғылыми коммуникацияны жүзеге асыруы мүмкін емес. Орныққан ұлттық терминқор болмайынша ғылыми білімді сақтау, тарату мен ғылыми ақпарат алмасу тиісті деңгейде жүзеге асырылмайды. Сол себепті жалпыға ортақ, орныққан сапалы терминқорды қалыптастыру, әр термин туралы толық мәлімет алуға болатын автоматтандырылған электрондық терминдер базасын жасау аса маңызды. Үшіншіден, қазақ тілінде сапалы ғылыми контент жасау – ғылым тілінің өркен жаюының кепілі. 1) Балаларға арналған ғылыми контентті көбейту. Мектепке дейінгі 3-6 жастағы, мектеп жасындағы 7-11 жастағы балалар мен 12-17 жастағы жасөспірімдер мен жеткіншектерге арналған қазақ тіліндегі ғылыми контент жетіспейді. Олар: қағаз түріндегі шағын кітапшалар, әр пән бойынша бала жасына лайықталып дайындалған танымдық, ғылыми-танымдық, ғылыми журналдар мен кітаптар, анықтамалықтар, энциклопедиялар. Фантастикалық, ғылыми-танымдық мультфильмдер, ғылыми-танымдық бағдарламалар мен тележурналдар, арнаулы бағдарламалар, интеллектулдық-ғылыми хабарлар, алуан түрлі ғылыми ақпарат алуға болатын арнаулы сайттар мен порталдар және т.б. Болашақ ғылыми қауымды қалыптастырудың іргетасы бала жастан, мектептен бастап қаланатынын ескермеске болмайды. 2) ЖОО кітапханаларындағы қазақша кітаптар қорын молайту. Еліміздің жоғары оқу орындарының кітапхана қорындағы қазақ тіліндегі оқулық, оқу құралдары, әдістемелік құралдар, ғылыми журналдар, ғылыми кітаптар, салалық терминологиялық, энциклопедиялық сөздіктер, дәрістер курсы мен монографиялар, диссертациялар, жеке ғалымдар мен ғылымның түрлі мәселелеріне арналған деректі ғылыми фильмдер үлесі өте төмен. Бакалавриат студенттері мен магистранттар қажетті кітаптар мен ғылыми еңбектерді негізінен орыс тіліндегі, ал тағы бір санаулы бөлігі ағылшын тіліндегі еңбектерден іздейді. Университеттер кітапханаларындағы қазақ тіліндегі ғылыми журналдар мен оқулықтардың, ғылыми кітаптардың қоры өте мол болуы керек. 3) Ғылыми кітапханалар қорын байыту. Республиканың ғылыми кітапханалары мен ғылыми зерттеу институттарының кітапханалары да қазақ тіліндегі ғылыми кітаптар мен диссертацияларға бай емес. Әсіресе жаратылыстану ғылымдары мен инженерлік-техникалық кадрлар даярлайтын ғылыми мекемелердегі жағдай сын көтермейді. 4) Ғылыми аударманы жолға қою. Отандық ғылым әлемдік ғылымның алдыңғы легінде келе жатпағандықтан бізге ғылымы дамыған елдердің тіліндегі жаңалығы мол, ең озық ғылыми еңбектерді қазақ тіліне жедел аударып отыру қажет. Бұл ғылыми контенттің сапасын арттырады әрі ғылым тілі мен терминдер қорының толығып, жаңаруына жол ашады. 5) Қазақ тілінде шығатын ғылыми журналдар санын арттыру. Ғылымның барлық саласы бойынша «Scopus» базасына енетін, ҚР ҒЖМ Білім беру және ғылым саласын бақылау комитеті ұсынған қазақ тіліндегі ғылыми журналдардың санын артырып, сапасын көтеру – отандық ғылымды өркендету мен қазақтың ғылым тілін дамытудың негізгі шарттарының бірі. Отандық ғылыми журналдар саны артса, ол сөзсіз қазақ тілінің ғылым саласындағы қызметінің кеңеюіне негіз қалайды. 6) Жалпы, көпшілік қауымға да, түрлі сала мамандарына да арналған ғылыми-танымдық, ғылыми ақпарат алатын, халықтың ғылыми танымы мен ғылыми санасын көтерін «Discovery science» сияқты телеарналар мен арнаулы бағдарламалар іске қосылса, олар да отандық ғылымның, ғылым тілінің дауына оң ықпал етері сөзсіз. 7) Цифрландыру дәуірінде тілдің, оның ішінде ғылым тілінің дамуына цифрлық технологиялардың әсері өте күшті.
Анар Мұхтарова:
Әр азамат үлес қосқаны жөн
Қазақ тілінің ғылым тіліне толыққанды айналуы бірден жүзеге асатын немесе шешілетін мәселе емес. Себебі атаған мәселенің бүгінгідей болуы бірқатар тарихи, саяси және экономикалық факторлармен тығыз байланысты. Мәселен, кеңес дәуірінде басты тіл – орыс тілі болғандықтан ғылым мен білімнің көзі де осы тілде болды. Керісінше қазақ мектептері жабылып, ана тіліміздің дамуына зор кедергісін тигізді.
Бүгін ана тіліміз едәуір даму үстінде, алайда әлі де кешенді түрде қолдау мен дамыту жұмысын жүргізу керектігі анық. Мысалы, қазақ тіліндегі ғылыми терминология мәселесі. Шетелде докторантурада оқып жүргенде Дүниежүзілік жас педагог ғалымдар платформасы мен Ұлыбританиядағы Қазақстан PhD білім алушылары атынан Білім және ғылым министрлігіне 2021 жылы «Ғылым салалары бойынша теориялардың 30 томын жасақтау» аударма жобасын ұсынған болатынбыз. Өкінішке қарай, ол ұсыныс жүзеге асырылмай қалды. Бұл жобанының маңыздылығын еліміздің ғалымдары сапалы ғылыми мазмұн мен сапалы зерттеулерді әлемдік ғылыми-теориялық базаның негізінде жүзеге асатындығымен дәлелдеп едік. Себебі бүгінде ғылыми пәрменді теориялардың дені ағылшынтілді елдерде, Еуропада дамыған. Сондай-ақ сала бойынша ашық онлайн қор қалыптастырып, оқушылар мен студенттер арасында қолданысын кеңейту қажет. Сол себепті осы мәселе қайтадан қолға алынуы керек. Қазақ тілінің ғылыми терминологиясы мен зерттеулері жөнге қойылған кезде ғана сапалы мақалалар мен жариялынымдар, яғни академиялық жазылым деңгейі де көтеріледі. Бұл дегеніміз қазақ тілін негізгі ғылыми басылым тілі ретінде дамытып, болашақта зерттеулердің халықаралық дерекқорларда көрінуін арттырады.
Сонымен қатар қазақ тілін цифрлық және AI технологияларымен біріктіру арқылы мемлекеттік тілдегі зерттеу орталықтарын құру, әлемдегі үздік тәжірибелерді енгізу, отандық ғалымдар зерттеулерінің нәтижелерін тіл саясатында шешім қабылдауда ескеру – қазақ тілінінің ғылыми тілге айналуын тездетеді деп сенемін. Өз тарапымыздан Академия ғылымды қазақ тілінде насихаттау, яғни қолданыс аясын кеңейту және қоғамға таныту бойынша жұмысына көп көңіл бөледі. Осы арқылы қазақтілді ғылыми контентті байытып, ғылымға деген қоғамның қызығушылығын арттыруға болады.
Қазақ тілін ғылыми тілге айналдыруда балабақшадан бастап ЖОО-ға дейінгі жүйенің үлесі аса зор. Білім берудің әрбір деңгейіне сәйкес балаларды, оқушыларды және студенттерді STEM пәндері бойынша қазақ тілінде сапалы оқыту және қазақ тіліндегі PhD бағдарламаларының сапасын арттыру маңызды.
Данияр Ерланұлы:
Ғалымдар қазақша зерттеу жүргізуге тиіс
Қазақ тілінің ғылым тіліне айналуы – жиі талқыланатын, бірақ нақты жауабы айтылмаған сұрақтардың бірі. Біреулер «қазақ тілі ғылымға дайын емес» десе, енді бірі «тіл дайын, тек мүмкіндік жоқ» дейді. Ал шын мәнінде, мәселе тілде емес, сол тілді қолданатын ортаның қалыптасуында болмақ. Бүгінде әлемдегі кез келген дамыған тіл ғылыми ортада сұранысқа ие болғандықтан ғана ғылым тіліне айналған. Қазақ тілі де солай. Егер біздің ғалымдар зерттеулерін мемлекеттік тілде жазып, ғылыми еңбектерін жариялап, жаңа терминдер жасап, оны күнделікті қолданысқа енгізсе, қазақ тілі де толыққанды ғылым тіліне айналады. Алайда бұл үдеріске сырттан қарап отырсақ, өзгеріс бола қоймайды. Ғылыммен айналысатындар қазақ тілінде жазуға, сөйлеуге, зерттеу жүргізуге ниетті болуы керек. Оны халық тұтынбаса, ғылым тілі болудың да мәні жоқ. Бүгінде қазақ тілінде жазылған ғылыми жұмыстардың аз болуы – сұраныстың төмендігінен.
Мектептен бастап, жоғары білім беру жүйесіне дейін қазақша ғылыми контентті қалыптастыру маңызды. Қазақша оқулықтар, зерттеулер, деректер базасы көбейген сайын, ғылым тілі ретінде дамуға жол ашылады. Цифрлық технологияларды пайдаланып, қазақ тілінде ғылыми платформалар жасау да үлкен рөл атқарады. Бүгінде өз тарапымнан жастар көп шоғырланған әлеуметтік желілерде «Хеклер» ғылыми-танымдық жобасын жүргізудемін. Жобаның басты мақсаттарының бірі де бірегейі ана тіліміздің ғылым саласында кеңінен қолданылуы. Жаратылыстану және қолданбалы ғылым саласындағы әлем жаңалықтарымен таныстырып, көкейінде жарығы бар дарынды жастардың қызығушылығын арттыра түсіп, болашақта білікті техникалық мамандар мен ғалымдарды көргім келеді. Белгілі ғалым Асқар Жұмаділдаев айтқандай, қазақ тілін ғылым мен техника тіліне бейімдеуіміз керек. Демек, ең бастысы – ғылымды қазақ тілінде оқыту, жазу, насихаттау, қоғамның оған қызығушылығын арттырады. Егер бүгіннен бастап күнделікті өмірімізде ғылыми терминдерді қазақ тілінде қолдансақ, ғылыми еңбектерді мемлекеттік тілде жазсақ, онда қазақ тілі де ғылым тіліне айналады. Ғылым – ұлттың болашағы. Егер біз қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруға күш салмасақ, оны ешкім сырттан келіп жасап бермейді.
Мәдина Шенгелбай:
Форумда мемлекеттік тіл төрге озған жоқ
Ғылым – бұл адамзат үшін жасалатын игілік. Әрбір мемлекетте ғылымның дамуы үшін көлемді жұмыс атқарылады. Ғылым мен мәдениет ошағы саналатын Алматы шаһарында жыл басында үлкен халықаралық форум өткізілді. Бұл – «Digital Almaty 2025» форумы. Мұндай ауқымды жиын ғылымға бет бұрғандар үшін өте маңызды екені айтпаса да түсінікті. Бірақ бұл форумда не нәрсеге көңілім толмады?
Басты назарымды аударған – панельдік сессияның бәрі – орыс тілінде өтті. Модератор орысша таныстырады, орысша сөйлейді, спикерлер орысша баяндамасын жасайды. Сонда халықаралық конференцияда мемлекеттік тілде сөйлемеуге не кедергі? Ресми тіл деп бәрі орысша сөйлей бере ме? Қай секция мемлекеттік тілде өтіп жатыр екен деп барлық 4 залға бардым, өкінішке қарай, барлығы орыс тілінде сайрап тұр. Қазақ тілінің мәртебесі қайда қалды? Ғылым қашан қазақша сөйлемек? Бұл іс-шараның басты тақырыбы – жасанды интеллект дамуы, оның болашағы туралы. Ал енді осы жолда қазақ тіліндегі қосымшалар қандай деңгейде жасалып жатыр? Технологияның дамуы керек. Сол технологияның мемлекеттік тілде дамуы – жетістік. Ғылымның қазақ тілінде дамуы – абырой! Бір ғана KAZLLM-нің дамуы қазақ тілін цифрландыруда жеткілікті ме? Қазақ тілінің интеграциясы қалай жүзеге аспақ? Мемлекеттік тілдің заңдылықтары сақтала ма? Жасанды интеллект платформаларын неге қазақ тілінде жасамасқа? Жалпы, бұл форум – озық үлгідегі іс-шара. Цифрландырудың, ғылыми жетістіктің насихатталуы көңіл қуантады, стартаптардың болашағына жол ашқан іргелі форум болды. Тек осы сынды форумның алдағы уақытта қазақша өткізілуі маңызды. Екінші маңызды нәрсе – ғылыми деректердің ғаламторда аздығы. Кез келген ғылыми мақаланы шетелдік журналдан табамыз, әрі кетсе орыс тіліндегі ақпаратты аламыз. Оны аударып, қазақ тіліне икемдеймін дегенде мәні жоғалады. Қазақ тілінде жазылатын сауатты ғылыми мақаланы көбейту үшін тәжірибе, мол зерттеулер қажет болатыны анық. Қорыта айтқанда, ел үшін жасалатын игілік ғылым деп танылса, сол ғылым қазақ тілінде, ана тілімізде жасалынуға тиіс.
Дайындаған –
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
«Egemen Qazaqstan»