
Жоғары білікті дәрігер бар саналы ғұмырын отандық балалар хирургиясын қалыптастырып дамытуға арнады. Осы саланы жоғары деңгейге көтерді. Елеулі ғылыми жаңалық ашты. Айталық, балалардың бассүйегі мен миы зақымданғанда қолданылатын емдеу әдісін жетілдіріп, оның патогенезін анықтауда кешенді нәтижеге қол жеткізді. Бассүйек пен миға жасалатын операцияның жаңа 5 әдісін тәжірибеге енгізді. Химиялық жолмен болатын өңеш күйігін зерттеп, оны емдеудің 6 әдісін тапты. Іріңді перитонит пен жедел гематогенді остеомиелит болған жағдайда іріңді іш қуысынан түтік арқылы шығарудың бірнеше тәсілін ұсынды. Сондай-ақ Камал Ормантаев еліміздегі анестезиолог-реаниматологтерінің, ортопед-травматологтерінің ғылыми мектебінің негізін қалады. Бірегей хирург балалардың көкірек қуысы, өкпе, өңеш, құрсақ қуысы, бассүйек пен бүйрек мүшелеріне, бас-аяғы 24 мыңға жуық күрделі ота жасаған. Қысқасы, қаншама баланы ажалдан арашалап қалған.
Сонымен қатар Камал Сәруәрұлы Қазақ ұлттық медицина университетінде 1968 жылдан 2012 жылға дейін балалар хирургиясы кафедрасын басқарды. Академик ғылым жолында жүздеген шәкірт тәрбиелеп, отандық медицинаның дамуына зор үлес қосты. Ғалым – 320-дан аса ғылыми мақаланың, 9 монографияның авторы. Ел алдындағы еңбегі үшін мемлекеттік бірнеше орден-медальмен марапатталды.
Шын мәнінде, Камал Ормантаев тек ғалым, дәрігер ғана емес, қоғам қайраткері еді. Ол медицинаның абыз ақсақалы деңгейіне көтерілді. Тәуелсіздік жылдары ұлт мүддесі жолында басын бәйгеге тігіп, қаншама батыл бастамаларды іске асырды. Мұндай айтулы тұлғаның есімі ешқашан ұмытылмайды. Бақұл болыңыз, біртуар хирург!