Аймақтар • 13 Ақпан, 2025

Онлайн қызмет оңтайлы

114 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әділет саласының сандық жүйеге көшуі азаматтардың құқық­тық қызмет алуын оңтайландырды. Мәселен, сала министрлігі «DigitalJustice» жобалар портфелін іске қосқалы Қостанай облыстық Әділет департаменті қаржы және уақыт шығынын үнемдеп, қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ жасанды интеллектіні пайдалануға қол жеткізіп отыр.

Онлайн қызмет оңтайлы

Департамент басшысы Әлия Аманжолованың айтуынша, бүгінде өңір тұрғындарына онлайн режімде құқықтық көмек көрсететін «E-ZanKomegi» бірыңғай құқықтық көмек ақпарат жүйесі қызмет көрсетеді. Аталған жүйеге 2 мыңға жуық заң кеңесшісі мен қорғаушы тіркелген. Мысалы, кейінгі екі жыл ішінде 7 мыңға жуық тұрғын осы порталға кіріп, білікті заң мамандарының көмегін алған. Сондай-ақ ақпараттық жүйе арқылы 88 738 іс қаралған.

Таяуда құқықтық ақпарат қыз­меті операторлары «Бейне­қо­ңырау» қызметін іске қосты. Бұл аза­мат­тарға тәулік бойы құқық­тық кеңес алуға мүмкіндік береді. Қазір­гі таңда жасанды интеллект эле­менттері бар тағы бір құқық­тық кеңес беретін чат-бот әзірленіп, «Zan Komegi» мобильді қо­сым­шасында сынақтан өткізіліп жатыр.

«Жасанды интеллектіні енгізу мақсатында министрлік заң қызметтерін ұсынатын платформаларды әзірлеуге бағытталған IT ұйымдарынан жұмыс тобын құрды. Біз кепілдендірілген мемлекеттік заң көмегін «E-ZanKomegi» жүйесі арқылы ұсыну үшін 131 адвокатпен, 27 заң кеңесшісімен келісімшартқа отырдық. Былтыр департаментке республикалық бюджеттен 150 млн теңге бөлінген. Бұл қаржы цифр­лық қызмет көр­сетуді жетілдіруге жұмсалды. Нәти­жесінде, 17 630 азаматқа 13 360 қыл­мыстық іс, 19 азаматтық іс, 206 әкімшілік ісі бо­йынша сапалы құ­қықтық көмек көрсетілді. Соны­мен қатар 4 мыңнан аса адамға құ­қық­тық кеңес берілді», дейді Ә.Аман­жолова.

Өңірде «Цифрлық сот орындаушысы» жобасы да оңтайлы жүзеге асырылып жатыр. Бұған дейін ақылы қызмет көрсететін жеке сот орындаушыларына жүгініп келген азаматтар аталған тегін қызметтің көмегімен 4 ай ішінде 550 млн теңге үнемдеген. Әділет министрлігінің бастамасымен жеңілдетілген өндірістің жаңа институты аясында жұмыс істеп жатқан жобаның артықшылығы көп. Мысалы, бұрын несие қары­зын уақтылы өтей алмағаны үшін жеке сот орындаушының қызме­тіне айыппұлдың сыртында қосым­ша 25% қаражат төлеуге міндетті болған. Азаматтар осы шығын­дар­дан және жеке сот орындаушыларға жүгінуден босатылып отыр.

«Мәселен, 20 АЕК-ке дейінгі сома­дағы оңайлатылған өндіріс бойынша азаматтар еGov Mobile қосым­шасы арқылы іс туралы егжей-тегжей ақпараты бар sms хабар­ламалар мен push-хабарла­малар алатын болды. Халыққа ың­ғай­лы болу үшін қазір борыш­кер­дің есепшотын бұрынғыдай бұ­ғат­­тап тастамайды. Берешекті онлайн төлеу қолжетімді. Осылайша, адами фактор толығымен алынып тасталды», дейді ол.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде жоғарыдағыдай жеңілдетілген өндіріс тәртібімен көлемі 211 396 214 теңге қаржыға атқарушылық өндіріс қозғалған. Бұл облыс тұрғындарына 6,5 млн теңгеден аса қаражатын үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр.

Бүгінде өңір тұрғындарының дені жылжымайтын мүлікті онлайн тіркеуді де үйреніп алды. Яғни құны 50 млн теңгеге дейінгі жылжымайтын мүлік иелері нотариуспен бейнеқоңырау арқылы байланысып, келісімшарт жасай береді. Шарт жасау барысында биометриялық сәйкестендіру және электрондық цифрлық қолтаңба пайдаланылады.

 

Қостанай облысы

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше