Республика күні • Бүгін, 08:50

Егемендіктің басты мұраты

20 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Республика күні – тарихымыздың алтын әріппен жазылған парағы, қайсар халқымыздың ерік-жігерінің арқасында қол жеткізген ұлы мерекесі. Егемендік – үлкен күреспен, қайсар рухпен, ұлттың ұйытқысы болған береке-бірлікпен келген құтымыз. 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация» ғасырлар бойғы арманымыз бен мұратымызды жүзеге асыруға бағытталған тарихи құжат болды.

Егемендіктің басты мұраты

Егемендікті нақты іспен бекітер кезде Конституциямызды, Елтаңбамызды, Туымыз бен Әнұранымызды қабылда­дық. Ұлттық валютамыз айналымға енгенде, рухымыз биіктей түсті. Мемлекет­тік шекарамыз шегенделіп, оны қорғау үшін ел қорғанысы мен қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру міндеті тұрды. Сол тарихи кезеңде мен де өз қызметімді абыроймен атқарып, еліміздің қорғаныс саласын нығайту жолында еңбек еткенімді үлкен мақтанышпен еске аламын.

Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданған кезде Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша басқар­масының бас­тығы қызметін атқарып жүрген едім. Тәуелсіздік алған соң бұрын­ғы ко­митеттің орнына өз халқын қас­тер­лейтін, қадірлейтін, елін, жерін, Отанын қорғайтын, заңды бұл­жыт­пай орындайтын Қазақстан Республика­сының Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылып, мен төрағаның бірінші орынбасары болып тағайындалдым.

Бұл жерде «қайта құрылдық» деген сөз айтуға ғана жеңіл. Негізі бұрынғыдай болғанымен, көптеген шарты, жүйесі, қызметтік базасы мүлдем жаңадан құрылған коми­теттің ең әуелі қызметтік ережесін бекітіп алу керек болды. Жаңадан ереже жаздық. Ол құжатты көп­те­ген заңгермен, лауазым иелері­мен ақыл­дасып, заңдылық жағын, Консти­туцияға сай баптарын түгел­дей жаңа­дан құрдық. Көп ұзамай комитеттің қызметтік ережесі дайын болды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі реформа мұнымен ғана тынбады. Президент аппаратымен келісіп, мамандарды іріктеу әрі облыстық басқармаларға басшы дайындау ісі өте күрделі әрі аса қиын шаруа еді. Күні-түні уақытпен санаспай, жұмыс орнымызда тапжылмай отыруға тура келді.

Кешікпей Президенттің ар­найы Жарлығымен Ұлттық қауіпсіз­дік комитетінің төрағасы болып таға­йын­далдым. Кадр мәселесі қиын­­дап кеткені шындық еді. Көп қызмет­керлер тарихи отаны Ресейге кетіп қалды. Өзіміздің мамандар әлі ысылып, қалыпқа түскен жоқ. Енді не істеу керек? Ойланып-толғанып тап­қанымыз – білікті маман даярлайтын оқу орнын ашу болды.

Сонымен өзім бастап, жоғарғы лауазымда отырған кісілер қолдап, ҰҚК академиясын құрдық. Бірақ оған білікті оқытушылар жетіспеді. Дегенмен «көш жүре түзеледі» демекші, ақырындап бәрі орнына келе бастады. Келешекте оның керемет оқу орны болатынына нық сендім. Бүгінде сол академия Ұлттық қауіпсіздік ко­­митетінің белді оқу ордасына айналды.

1995 жылдың аяғында Президент Жарлығымен Ұлан әскери жасағының қол­басшысы қызме­тіне ауыстым. Бұл жасақ – алыс-жа­қын шетелден келген мәртебелі қо­нақтарды қарсы алып, сап түзеп алды­нан өтіп, құрмет көрсетіп, халық ілтипатын білдіретін әрі Қарулы күштеріміздің салтанаты қандай екенін көрсететін жасақ. Ұланға қарап еліміздің қауіп­­сіз­дігін қорғайтын әске­ріміздің қуат-күшін, айбынын бай­қайды, бағам­­­­дайды, бағдарлайды.

Алғашқыда Пре­зи­денттің күзет қызметі мен Респуб­­ликалық ұланды қоса басқарып жү­руі­­ме тура келді. Пре­­зиденттің арна­­­йы Жарлығы­мен 1997 жылдың наурызынан Ұлан әскери жасағының қолбасшысы мін­детіне басыбайлы орнықтым. Яғни бұрынғы екі қызметті қатар алып жүргенді қойып, енді тек Ұлан қолбасшысы деген лауазымды иелендім. Ерекше назар аударар­лық жайт – Ұлттық ұланымыз жеке ұсыныспен және ТМД-да бірінші болып біздің елде құрылды. Осы жағдай көңілімді қуанышқа бөлейді.

Одан кейінгі қолға алған істің бірі – тіл мәселесі еді. Ұсынысым бойынша Ұланда мемлекеттік тілді қолдануды қолға алуды күшейтуге тура келді. Әйтпесе, іс-қағаздарының бәрі орысша болатын. Тіпті пәрмен беру, рапорт берудің өзі орыс тілінде. Оларды қазақшалау міндеті алдыңғы меже етіп қойылды. Мамандардан арнайы топ құрдық, әрқайсысы өздеріне жүктелген тапсырманы өте жақсы орындап шықты. Әскери сөздер мен терминдерді, пәрмен берудегі, рапорт дайындаудағы арнайы сөз­дерді қазақшалап, терминология комиссиясына жіберіп, баспасөз арқылы жұртшылықтың тал­қысына салдық. Әу баста қарсылық таныт­қандар табылып жатты. Не терминге көңілі толмай, не дыбысталуы күрделі деп қиындық туғызған азаматтар да кездесті. Ал қазір Ұлан­ның сарбаздары қазақ тілінде сайрап жүр. Қазақша рапорт береді, сәлемдеседі. Оның үстіне ең басты мәселе – іс-қағаздарын түгелдей дер­­­лік мемлекеттік тілге көшірдік. Осылайша, әскери жасақ екенімізге қарамастан бар қазақтың жүрегіне жол табуға тырыстық, назарын ауда­руға күш салдық.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін­гі алдымыздағы мақсат сталиндік зұл­маттың қанды қылышына ұшы­рап, опат болып кеткен аяулы азаматтарымызды архив деректерінен іздеп табу еді. МҚК мұрағатынан олар­дың іс-қағаздарын көтеру, жазық­сыз жапа шеккен, сотталған, атылған кісі­лердің атын қайтадан жарыққа шы­ғарып, ақтап алу науқаны бастал­ды. Бұл науқанға өз басым белсене араластым. Сол кезде елімізде жала­ға ұшыраған азаматтарды ақтап ала­тын «Әділет» қоғамы құрылды. Оның же­тек­шісі Тарих және этноло­гия институтының директоры, академик Манаш Қозыбаев еді. Өзім облыс­тық МҚК басқармасында қызметте жүрген уақытта саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның төрағасы болдым.

Біріншіден, аталған азаматтар­дың құжаттарын зерттеп, бас-аяғын жинақтап, ақтап шығу керек болса, екіншіден, қай жерде атылғанын білу қажет еді. Өкінішке қарай, архивтен бұл сұрақтарға толық жа­уап беретін құжаттар табылған жоқ. Жойып жіберген сыңайлы. Содан бірнеше топ құрдым. Бір топ 30-жылдары маңызды орындарда жұмыс істеген адамды іздеді. Екін­ші топ ел аузында жүрген деректер бойынша жұмыс істеді. Газет, жур­налдарға шыққан ақпаратты егжей-тегжейлі зерттейтін тағы бір топ құрылды. Тікелей архив материалдарын тексеретін өз алдына жеке бір топ болды. Осындай жұмыс күні-түні жүргізілді. Еңбегіміз еш кеткен жоқ. Біраз мәселенің беті ашыла бастады.

Содан 1999 жылы мен Қорғаныс министрі болып тағайындалдым. Ол уақытта еліміздің экономикасы, тұрмыс жағдайы, әл-ауқаты мәз емес болатын. Халық жағдайы қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда ауыр еді. Тіпті жарық, азық-түлік тапшылығы да кейбір өңірлерде кездесіп жататын. Қорғаныс саласына барған кезде де осындай тапшылыққа көзім жетті.

Есімде, қараша айында Қауіп­сіздік Кеңесінде Қарулы күштер­ді реформалау мәселесін тыңдайтын болды. Сол тыңдау басталғанға дейін қарап отырған жоқпын. Барлық гарнизонға тағы да барып жағдайларын пысық­тадым. Сарбаздардың жалақысы төмен, оқ-дәрі мүлде жоқ, тіпті киімдері де ескі-құсқы, әбден тозған. Оған себеп – алатын қаражат жоқ. Кем-кетіктің орнын толықтыруға ұйым­­дасқан түрде бар күшімізді жұмсадық. Нәтижесінде, бірінші Доктринаны қабылдадық. Ондағы заңдарды өзгертуді қолға ал­дық. Әскерлер жайындағы қара­жат­­тың жетіспеушілігін жою жөнін­дегі бұрыннан мазалап келе жатқан с­ұ­рақ­­­­­тардың шешімін таптық.

Қорғаныс саласын реформалау мәселесі күн тәртібінен түспеді. Себебі әскерлер солтүстік-шығыста ғана орналасқан. Ал басқа өңірлер бос. Сондықтан да басқа өңірлерді әскер құрамымен толықтырып, төрт округ құрдық.

Біз ол жылдары жаңа мемлекет мүддесіне қызмет етудің қан­ша­лықты жауапты іс екенін терең сезіндік. Әскердің беделін көтеру, офицерлер корпусын қалыптастыру, жас сарбаздарды Отанға адал болуға тәрбиелеу бас­ты мақсатымыздың бірі болды. Тәртіп пен ерлік, елге деген сүйіс­пеншілік әр әскери қыз­метшінің бойында болуға тиіс қасиеттерді ел қорғайтын ұлан­дар­дың бойынан көргіміз келді. Сол үшін патриоттық тәрбиеге аса мән бердік. Іргетасы мықты болған соң, бүгінде тыныштық күзетінде қызмет етіп жүрген азаматтарымыз ел егемендігінің тірегіне айнала білді деп сенемін. Қиын-қыстау кезде елдің тыныштығын күзетіп, қоғамдық тәртіпті сақтап, азаматтардың қауіпсіздігін қамта­масыз етумен айналысатын құры­лымдар бүгінгі таңда заман талабына сай жаңарып, кәсіби деңгейі жоғары, ел сенімін ақтап жүрген мықты күшке айналғаны қуантады.

Мемлекет­тілікті нығайту жолында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отыр­ған саясаттың тарихи маңызы зор. Мем­лекет басшысы елдің тұрақ­ты­лығын, халықтың әл-ауқатын арт­тыруды, әділдік пен заң үстемдігін ор­натуды басты бағыт етіп отыр. Биылғы Жол­дауында: «Біздің бас­ты мақсатымыз – Әді­летті Қазақстанды орнық­тыру. Ол үшін елдің тұтас­тығын, қоғам­ның тұрақтылығын және азаматтардың әл-ауқатын қамта­масыз етуі­­міз қажет», деп атап өткен еді. Шын мәнінде, қазіргі ­саяси және әлеу­меттік реформалар қоғам­ды жаңғыртып қана қой­май, халқы­мыздың мемлекетке деген сені­­­мін күшейтіп отыр. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына негізделген жаңа басқару жүйесі ел дамуының стратегиялық бағытына айналды.

Әсіресе ұлттық қауіпсіздік пен қор­ғаныс саласын дамытуға, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінуі – ел қауіпсіздігінің нақ­ты кепілі. Мұны Президенттің: «Мемлекеттіліктің берік қалқаны – бұл қауіпсіздік жүйесі. Біз өз әскери қуатымызды арттырумен қатар, қоғам­дағы тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін де нығайтуымыз керек», деген сөзінен де айқын аңғарамыз.

Ел мен жердің қауіпсіздігі – егемен еліміздің ең басты қауіпсіздігі. Қорғанысы мықты елдің іргесі бекем. Еліміз бейбіт, халқымыз тыныш, шекарамыз берік болсын!

 

Сәт ТОҚПАҚБАЕВ,

Халық қаһарманы, запастағы генерал-полковник