
Сурет: rus.baq.kz
Штаб бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастыруға, креативті индустрияны дамытуға, IT-стартаптар мен жоғары оқу орындарын қолдауға бағытталған бірқатар шешім қабылдады. Осыған орай бірқатар мемлекеттік органға тапсырма жүктелді.
Яғни Қаржы, Ұлттық экономика, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктері жергілікті атқарушы органдармен бірге, «Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі» корпоративтік қорын өңірлік инновациялар және кәсіпкерлік орталығы ретінде нығайту үшін осы жылғы 10 қарашаға дейін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы басым қызмет түрлерінің тізбесі кеңейтіледі.
Азаматтар үшін қолайлы әрі қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру мақсатында мемлекеттік органдар мен оларға ведомстволық бағынысты ұйымдар жеке мобильді қосымшаларды әзірлеуге тыйым салуы және олардың тек eGov және Aitu платформаларында жүзеге асырылуы қамтамасыз етіледі.
«Alem.cloud» ұлттық суперкомпьютер орталығында есептеу ресурстарын бөлу қағидалары бекітіліп, содан кейін тиісті нормативтік құқықтық акт әзірленеді. Ғылым және жоғары білім министрлігі қолданыстағы тетіктер шеңберінде ЖОО-ларға қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді.
Цифрлық штабтың шешімімен мемлекеттік органдарға Astana Hub IT-стартаптар технопаркі қызметінің басым түрлерінің тізбесіне мультимедиа, ойындардың дизайнын жасау мен басып шығару, бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу, сүйемелдеу мен түрлендіру, киберспорт саласындағы қызметтер сияқты танымал бағыттарды қосу тапсырылды. Бұдан басқа, аталған тізбе ҚР резиденті еместерге бағдарламалық қамтуды пайдалана отырып, бизнес-процестер аутсорсингі, ағылшын тілін оқыту сияқты қызметтермен толықтырылды. Қызметтер аясын кеңейту Astana Hub-тың жаһандық технологиялық қоғамдастықты тарту орталығы ретіндегі ұстанымын күшейте түседі.
Ыңғайлы әрі қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастыру мақсатында барлық мемлекеттік мобильді сервистер SuperApp қағидаты бойынша eGov және Aitu экожүйелеріне кезең-кезеңімен біріктірілмек. Интеграция мобильді қосымшалардың бытыраңқылық мәселесін жояды, үдерістерді жеделдетеді әрі халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттырады.
«Alem.cloud» суперкомпьютерлік орталығының есептеу ресурстарын бөлу ережелерін бекіту Astana Hub стартаптары, ғылыми ұйымдар мен университеттер, мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары, сондай-ақ шетелдік компанияларды қоса алғанда, жеке сектор жобалары үшін жоғары өнімді қуаттарға қол жеткізудің нақты әрі айқын тетігін қалыптастырады.
«Alem.cloud» қуатын пайдалануға берудің басым бағыттары жасанды интеллектінің ұлттық даму міндеттерін ескере отырып анықталады әрі білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, сумен жабдықтау, мемлекеттік басқару, мұнай-газ саласы, тау-кен металлургия кешені, энергетика, геологиялық барлау, көлік және логистика, өнеркәсіп, құрылыс, роботтехника мен тағы да басқа салаларды қамтиды.