Театр • 13 Ақпан, 2025

Киелі орданың хас шебері

71 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Өнер жолын М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында 1990 жылы, студент кезінде бастаған Бекжан Тұрыс содан бері үзіліссіз осы сахнада өнер көрсетіп келеді. Ол содан бергі отыз бес жылда үлкен жолдан өтіп, тұлғалық деңгейге көтерілген актер, мәдениет қайраткері.

Киелі орданың хас шебері

Қай актердің де шығармашы­лығы туралы ой бөлісер әр адам ең алдымен көрермендік тәжіри­бесіне сүйеніп, көрермендік жа­дын жаңғыртуға ұмтылады. Осы пі­кірді актер Бекжан Тұрыс шығар­машылығына орайластыра тар­қат­сақ, оның отыз жасқа толмай тұрып Т.Нұрмағанбетовтің режиссер Ә.Рахимов қойған «Бес бой­даққа бір той» комедиясындағы бас кейіпкер, атақты Қырманбай шал рөлін орындауының, әрине, жөні бөлек. Дей тұрғанда актердің алғашқы кезең рөлдерінен – түп-тегі, діл-болмысы бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Диуана (Ә.Кекілбаев. «Абылай хан», режиссері Б.Атабаев) және А.Чеховтың «Шағаласында» (реж.Б.Атабаев) өнердегі өзін сүйе­тін актриса Аркадина үйінің қыз­мет­шісі Яков бейнелері көз ал­дыңызға келіп, Диуананың күңі­ренген, Яковтың «тамағына бұл­бұл қондырып» ән салған даусы құлақта жаңғырады. Мұндай сезім-ретроспекция актердің әу бастан-ақ қандай рөл орындасын мейлі, сахнаға өзімен ерекше бір аура, көңіл күй алып шығуға ұмтылуынан, осы жолдағы тынымсыз ізденісінен туындайтын болса керек. Театрда алғашқы жылдары эпизодтық болсын, мейлі, «өзіне өзі рөл жасап алып, көзге түскен», рухани ізденісі биікке жеткізген актер Бекжан Тұрыс бүгінде қазақ өнерінің үлкен тұлғасы, болмысымен де, өнерімен де ұлттық театр іргетасын қалаған алыптардың лайықты жалғасы.

Күні бүгінге дейін үлкенді-кі­шілі жетпіске тарта рөл орын­даған Бекжан Тұрыс кең планды актер және трагедия, драма, комедия жанр­ларының қай-қайсысының да шебері. Кейіпкерлерінің тек өзін­дік жеке өмірбаянын жүлгелейді, характерлік өсуі жолында даралық сипат дарытады. Ең алдымен, әдеби түпнұсқамен жақсылап таны­сып-талдап, шығарманың руха­ни кеңістігін игеріп, бойға сіңіре­ді де, әр кейіпкерінің болмы­сын, күрделі табиғатын зерттей-зер­делей отырып, толыққанды сом­дап шығады. Бұл тұста Бек­жан­ның төл әдебиетімізді, тари­хымыздың өткені мен бүгінін, салт-дәстүрімізді жақсы білетінін және оның озығын ұстанатын, тағы да қайталасақ, ұлттық топыра­ғы құнарлы актер екенін қадап айтқымыз келеді.

Қазақы парасат-пайымы, өрісі кең актер шығармашылығында ұлттық характерлердің орны бөлек. М.Әуезовтің «Абайында» Көкбай, Сырттан, Баймағамбет (реж. Ә.Мәмбетов), «Айман-Шол­па­нында» Жарас, «Абайында» шоқ­тықты кейіпкер Жиренше (реж.Е.Обаев), «Қилы заманында» Жәмеңке, Т.Мәмесейіттің «Бәкей қызында» Шұбараяқ Ораз, А.Сүлейменовтің «Кегінде» Сері (реж.Ә.Рахимов), Қ.Ысқақтың «Жан қи­мағында» Жүсіп (реж. Б.Ата­баев), Шахимарден, Қ.Ысқақ­тың «Қазақтарында» Әдік (реж. Т.Әл-Тарази), И.Оразбайдың «Қор­­­қыт» драмасында Әке (реж. Й.Вайт­кус), бұл тізімді жал­ғас­ты­ра беруге болады. Соңғы он шақ­ты жыл көлемінде рухани ізде­ніс аясы кеңи түскен, толысқан актер­дің «Шәкәрім» спектакліндегі (автор және режиссер Ә.Рахимов) ақын, философ, тақуа Шәкәрім бейнесі – сахналық қана емес, рухани да үлкен жеңісі. Тарихи кейіпкерлерді сахналар алдында, өзінің айтуынша, тарихты көп қаузап, тарихи шығармалар оқып, фильмдер көретін актердің дайындық барысында Шәкәрім философиясын зерттегені, болмыс-сабырлығының бастау көзін тануға ұмтылғаны көрініп тұрады. Осы сипаттас тағы бір рөлі «Ақтастағы Ахико» (М.Омарова, реж.А.Маемиров) драмасындағы Ақайдың Қасенінің бейнесі.

Жалпы актердің кейіпкер­лерінің жан дүниесіне ену, болмысын игеру тәжірибелері қызғы­лықты. Атап айтарлығы – ол де­таль­дарға ерекше мән бере­ді. Сондықтан да оның екінші план­дағы, тіпті эпизодтық кейіпкер­лерінің өзі толыққанды, жанды шығып, көрермен көкейінде жатталып қалады. Мысалы, «Абайдың» кейінгі қойылымында (режиссер Е.Обаев) Жиреншенің Айдар мен Ажар арасындағы сүйіспеншілікке байланысты дауға билік айтатын сахнасын еске түсірелік. Қазақта би біткен шешен. Дегенмен де Бекжан-Жиреншенің дестелетіп сөйлеуі, сөз саптауы қандай! Қолындағы күміс шақшадан сыз­дықтатып насыбай атуы ше! Өзі сыр бермегенсігенімен, әбден қансорпасы шыққанын етектей қол орамалымен бет-мойнының терін бипаздап сүрте бергенінен, ең соңында орамалды желкесіне салып алғанынан сезесіз. Бітіспес жаулыққа бет алған Оразбайлар тобының белді өкілі Жиренше осал жау емес, өз уақытының, ортасының мықтыларының бірі. Актер ойыны осыны танытады.

Кең ұғымнан алғанда актер атау­лы өз уақытының идеялары, идеалдарын қоғамға жеткізетін, керек десеңіз, насихаттайтын коммуникатор. Осы реттен келгенде, актер Бекжан Тұрыс Т.Нұрмағанбетовтің «Бес бойдаққа бір тойында» Қыр­манбай (реж.Ә.Рахимов) Б.Мұ­қайдың «Өмірзаясында» Цезарь (реж. Қ.Сүгірбеков), «Сергел­дең болған серілерінде» Нұрбай, М.Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншегінде» Таубай, Қ.Мұ­хамед­жанов, Ш. Айтматовтың «Көк­тө­бедегі кездесуінде» Исабек (реж.О.Кенебай), Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпайында» Қария (реж. Е.Обаев) сынды замандастар, сондай-ақ Т.Нұр­мағанбетовтің «Қожанасыр тірі екенінде» (реж.О.Кенебай) жи­нақтық бейне Қожанасыр арқылы сахнадан ұлттық мүдделер туралы толғайды, заманға әр қырынан үн қосады. Бекжанның алғашқы үлкен рөлдерінің бірі Қырманбай шал мен кейінгі Қожанасырда үндестік бар. Спектакльдер барысында комедиялық қимыл-қарекеттері көрерменін қыран-топан күлкіге қалдыратын Қыр­манбай – әулетінің ертеңін, ал, Қожанасыр – халқының, жалпы түркі жұртының болашағын ойлап алаңдайды. Екеуінің де түйіні – «Кімге күлеміз, мырзалар?!.». Айтпақшы, 2002 жылы сахналанған «Бес бойдаққа бір той» репертуарда отыз жылдай үлкен табыспен жүріп жатыр. Жас буын актерлермен 2019 жылы қайтадан сахналанған қойылымның діңгегі, әрине, Қырманбай – Б.Тұрыс.

Комедиялық шығармалар дегенде актердің әлемдік классикадан Мольердің «Ақымақ болған ба­сым-ай!» комедиясында Колен, Ф.Дюмануар мен А.Д.Эннеридің «Дон Сезар де Базан» комедия­сында (реж. Ә.Рахимов) корольдік құсхананың бас күтушісі маркиз де Монтефиоре рөлдерінің де өзіндік шешімдері қызғылықты. Бұл қатарда Шекспирдің «Асауға – тұсауындағы» Слай, Педант (реж. Ә.Мәмбетов), Гогольдің «Ревизорында» Шпекин («Пара», реж. Е.Обаев) бейнелерін де атауға болады.

Актердің күрделі бейнелерінің бірі – Р.Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» (реж.Ю.Ханинга-Бекназар) тарихи драмасындағы Хуан уәзір. Бұл – актерді мүлдем жаңа қырынан танытқан рөл. Қулығына құрық бойламайтын, тұла бойына кек тұнған, жауыз, аяр уәзір сырт көзге мәйін, ал шындығында өте қорқынышты. Атақты француз жазушысы В.Гю­гоның «Париж Құдай-Ана соборы» романындағы Квазимододай бүкір, дыбыссыз жүріп, дыбыссыз күлетін оның шын серігі – кеудесін өртеген кегі мен қызғанышы және ділінен хабар берер флейтасы (сыбызғысы). Түр-тұлғасы, жүріс-тұрысы, отырысы, жалпы плас­тикасы, тіпті даусына дейін сыр бүккен Хуан уәзірдің шын бет-бейнесін актер біртіндеп ашады. Оның мың құбылатын даусы көп жайттан хабар береді. Жалпы, Бекжан Тұрыс кейіпкерлерінің жан дүниесін, мінез ерекшеліктерін беруге, тартыстың шиеленісті сипатын жеткізуге сөз драматургиясын, яғни сөз «әрекетін» мейлінше меңгерген өнер иесі. Сөз құдіреті ата қаны, ана сүтімен сіңген актердің даусы қазақы мақамды, соншалықты табиғи және жүректен шығатындықтан да қай кейіпкерінің болсын сөз саптауы тыңдаушының құлақ құрышын қандырады.

Бекжанның шоқтығы биік рөлде­рінің тағы бірі һәм бірегейі – Біржан сал. А.Сүлейменовтің «Адасқақ» циклі бойынша режиссер Ә.Рахимов қойған спектакльдегі басты кейіпкер. Өмірбаяндық емес, өнербаяндық көркем қойылым оқиғалары бір күн ішінде, өң мен түс арасында өтеді. Дерт меңдеген Біржан сал. Өмір-өнер елес­тері. Құмсағаты түгесіле бастап, жаны шырқыраған Біржанның Абаймен, Ақанмен, Ұлы даланың басқа да ой ұстар, сөз ұстар, ел ұстарларымен кездесулері, рух түлетер қауышу һәм кетісулері... «...Өтерінде, кетерінде шыр айналды...» пәни дүниедегі өксік-өкініштер... Өнердегі ұстаным, өмірлік қағидаларға байланысты қақтығыстар... Жан дүниесіндегі арпалыс, астан-кестен, ар алдындағы арылу... Өте тығыз-нығыз жазатын суреткер А.Сүлейменовтің қай сөйлеміне де актер жан бітіреді.

Қойылымның шырқау шегі – «Теміртас». Ән һәм зар-мінә­жат. Қазақта теңдесі жоқ музы­калық жоқтау. Реквием... Актер Б.Тұрыс бір жарым сағат бойы сах­на­дан бір кетпей, осы ахуал, осы философияның барлығы өзі­нің жан дүниесіне, өмірлік-өнер­лік ұс­танымдарына үндес болған­дықтан да ерекше бір шабытпен, қуат-қажырмен алып шығады. «Те­міртасты», қойылымдағы басқа да әндерді актердің өзі орындайды. Әншілік – Бекжан талантының құрамдас бір бөлігі және қаза­қы мақам, дауыс оның әншілік өнерінің де мәйегі. Әннің бәсі мен бабын білетін актердің тұтас бір мини-спектакльге айналатын тәж-әндері спектакльдердің көркі. Бұл тұста біз – «Үкілі Ыбырай» (Ш.Құсайынов, реж. Б.Атабаев) спектаклінде Ақан рөліндегі Бек­жан орындаған «Шырмауық», «Ақын. Періште. Махаббаттағы» (Ә.Тарази, реж.Ә.Рахимов) Шәмші – Бекжанның «Сыған серенадасы», сондай-ақ осы қойылымдағы Естайдың «Қорлан» әндері тура­лы айтып отырмыз. Ал жеке орындауындағы «Алдай-ау» (Есен­құл Жақыпбек), тағы да басқа көптеген әні тыңдарман жүре­гінен әлдеқашан орын алған.

Бүгінде рухани да, шеберлік жағынан да әбден шыңдалған актердің бейнелер галереясы шоқ­тығы биік рөлдермен толығып келеді. Олардың қатарында «Қыз Жібектегі» (реж.Е.Нұрсұлтан) Базарбай мен «Қозы Көрпеш-Баян сұлудағы» (реж.Ә.Рахимов) Қарабай бар. Талантты жас режиссер Ә.Өмірбекұлының бітімі бөлек «Құйын» спектакліндегі «бітімі бөлек» патшайым Анна Иоанновна. Актер өрнегінде сим­волдық-гротескілік бейне. Астам­шылық, жымысқы саясаттың символы. Өз-өзінен ісініп-кебінген, өктем патшайымның түр-тұрпаты, барлық қимыл-қарекетінде мыс­қыл тұнып тұр.

Актер Б.Тұрыстың кино мен телевидение әлемінде жасаған жұмысы баршылық. Оның бәрін санамалап жатпаймыз. Бекжан Тұрыс үшін театр – киелі орда. Мұны хас шебердің сахналық шы­ғармашылығы өз алдына, театрға, өз талантына деген адалдығынан, жауапкершілігінен бағамдаймыз. Өнері мен тұлғалық қасиеттері мемлекет тарапынан да жоғары ба­ғаланды. Ол Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, Мемлекет­тік «Дарын» жастар сыйлығының, «Құрмет» орденінің, М.Мақатаев атындағы, Б.Момышұлы атындағы және сахна әлемінің мәртебелі «Еңлікгүл» сыйлықтарының лауреаты.

Жалпы актерге, өнер адамына жалт-жұлт көз алдар, уақыт ұрлар қызық көп. Осындайға бой алдырмай, жарнамаларда «жалтылдамай», бет-бейнесін сатпай жүрген азын-аулақ санаулының бірі – осы Бекжан. Жалтылдақ өнер жалпылдақ та болып бара жатқандай көрінетін кезеңде ұлы мәртебелі көрерменіне, қалың жұртшылыққа көркем образдары өз алдына, қоғам үшін өзекті пікірлері, ойлы толғамдарымен, кей-кейде нақты жасампаз қаре­кет­терімен олжа салып жүрген санаулының бірі де осы Бекжан. Қалың әлеумет оның әніне ғана емес, ойлы үніне де құлақ түретін шақ қазір. Бүгінде алпыстың асқарына шығып отырған актер, өнер тұлғасы, халықтың сүйіктісі Бекжанға өзіңдей қатар­ластарыңның қарасы мол болсын, «алмасқа ұқсас асыл өнерің» жарқырай берсін деген тілек білдіреміз.

 

Әлия БӨПЕЖАНОВА 

Соңғы жаңалықтар

Олжас!.. (Эссе)

Тұлға • Кеше

Ерім дейтін ел қайда?

Өшпес даңқ • Кеше

Күтумен өткен ғұмыр

Өшпес даңқ • Кеше

Смағұл сапасы

Тұлға • Кеше

Мұстахара

Жәдігер • Кеше

Керек дерек

Digital • Кеше

«Түркістан сақшылары» – ЖИ жемісі

Жасанды интеллект • Кеше