
Коллаждарды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Әу бастан бізді тынымсыз алға жүргізген Мағауиндік ізденіс соқпағы еді. Сол Мағауин «Шипалы арасанда» отызға жаңа толған Гетенің Мәдениет министрлігінде қызмет етіп, тулай келген шабытты қағазға төгуге мұршасы болмай жылағанын жазады. Иә, сөйткен Гете тұтас ғұмырында өзін еңбекке жекті. «Мені әрқашан тағдырының еркесі деп атайды, – деді Гете күнделігінде, – шынында, мұның бәрі талмас жігер мен ауыр еңбектің жемісі. Міне, қазір жетпіс бес жасқа келдім, алайда жеке бас қызығына арнаған бір ай уақытым да есімде жоқ...» Тағы бірде ақын: «Біз өзімізге керексізді біліп, керектіні білмейміз. Көп білген адам білімді емес, өзін білген адам білімді» дейді. «Эгмонт», «Герман мен Доротея», «Батыс-Шығыс диваны», «Фауст», екі том өлеңдер жинағы – Гетенің тынымсыз арпалысының жемісі. «Бастау және қайтадан бастау. Қаншама рет қайталанды десеңші, сол баяғы дағдарыс пен өз-өзімен болған күрес!». Шынында, осы күрес ғұмырға созылды. «Мені Құдайдың еркі басқарды және оған сол үшін разымын. Қандай жағдайға ұшырасам да, артының қайырлы болатынына сенемін, себебі мұның бәрі Жаратушының қалауымен болып жатыр...» дейді ақын.
Кафканың еңбекқорлығы, өзіне сүңгуге болған ұмтылысы теңіздей телегей. «Шағын проза» циклының ішіндегі «Түнде» атты әңгімесі өзінің ұйқысыздығынан сыр тартады. «Түнге еніп, әдеттегідей еркін жатып ойға берілесің, барлық түн қойнауына кірген жаратылыстың дағдысы осы болар. Айналаңда адамдар ұйықтап жатады. Кіші комедия, кінәсіз өз-өзіңді алдау секілді. Бәрі үйінде мығым кереуетінде, берік шатырдың астында, тізесіне матаны қымтанып, көрпе астында жатыр. Бәрі де ешқашан бірге болмағандай бірігеді, сансыз көп адам, бүтін бір әскер, бүтін халық... Олардың үстінде суық аспан, астында суық жер, қайда тоқтаса да қолдарын шынтақтарына қойып, еркін тыныстап ұйқыға кетеді. Ал сен ояусың, басқаларды бақылау үшін басыңды арлы-берлі шайқайсың, қолына шыбық ұстаған түнгі қарауылдың бірісің. Неге сен ғана ояусың? Бірақ біреу-міреу ояу болуы тиіс емес пе? Қайтсе де біреу ояу болуға тиіс». Соңғы сөйлемдегі ойлары Маяковскийдің «Тыңдаңыздар» өлеңіндегі «егер жұлдыздар жанса, яғни бұл біреу-міреуге керек, демек әлдебіреу мұның болғанын қалайды, демек қайбір адам мұны жауһар деп атайды» деген қиялымен үндеседі. Зерттеушілер Кафканы он бес жасқа дейін-ақ әлем классикаларының біршама үлгісін оқып тауысқан деседі. Бейнебір әкесінің кітапханасындағы француз әдебиетін ерте кеміріп біткен Пушкиндей. Пушкин демекші, ақын әлеуеті кісі таңғаларлық. «Дон Кихотты» оқу үшін испан тілін үйренуі, «Фаусты» парақтау үшін неміс тіліне бас қоюы, Шекспирді түпнұсқада оқуы, 6-7 тілді меңгерген полиглоттығы жеке әңгімеге жүк. Ажал алдында кітаптарына «Қош болыңдар, достарым!» деген ақын өмір бойы оқумен өтті. Тіпті өмірінің соңында әлемнің түкпір-түкпірінен славян жазбаларын іздестіріп, оларды жырға айналдырды. Тарихқа бет қойып, Пугачев тарихын зерделеді. Проза жазды, өлеңмен жазылған пьесалар, тынымсыз хаттар, жырмен жазылған роман... Соңына он том мұра қалдырған алып ақынның мұзарты алыстан көрінеді. Пушкиннен соң үдере шыққан таланттар да шолақ еңбекті құп көрмей, алыптыққа ұмтылды. Блок, Есенин, Пастернак, Маяковский, бәрі де екі-үш томнан кем кітап қалдырған жоқ. Осы ізбен Мұқағали, Жұмекен, Қадыр, Тұманбай ақындар алыптыққа ұмтылды. Егер француз ақындарына еліктесе немесе иран шайырларына қарайласа, мұнша көп мұра қалдыруға ұмтылмас та еді. Біздіңше, қадау-қадау тұлғаларымыздың әрбірі Пушкин жеткен межеге талпынды. Әрісі Гете, Байрон, Шекспирден үлгі алды.
Бір қызығы, Иран ақындары көп оқып, аз жазуды мұрат тұтыпты. Бұл менталитетке байланысты ма, әлде Хафиз жолы ма, белгісіз. Мәселен, иранның жаңа дәуір шайырларының атасы Нима Юшиджден қалған мұра бір ғана жыр кітабы. Ал жаңа поэзияның ірі өкілі Сохраб Сепехридің кітаптары он жеті-он сегіз, асып кетсе отызға жетпес өлеңмен шығып отырған. Ақын жұрт білмес жалғыздығында өмір сүріп, туған өлеңді ғана қағазға құйса керек. Санаулы жырмен шыққан сегіз кітабын қоссаңыз, өлең саны үш жүзге жетеғабыл.
Ал біз ше? Біз қай межеге ұмтылып жүрміз? Қазақ поэзиясы мен прозасы қай белестің алдында тұр? Жанкештілікті мұрат тұтып жүрміз бе? Бұл әрбір қаламгердің көкірегінде сайрап жатуға тиіс сауалдар шоғыры.