
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
– Жасөспірім шақта балалардың гормонында түрлі өзгеріс пайда болады. Адамның ағзасында өсу мен даму үдерісі жылдам әрі қарқынды жүреді. Бұған дейін қалыпты өскен балада ішкі-сыртқы қайшылықтар көбейеді де, гормондардың теңгерімсіздігіне әкеледі. Ресми деректерге жүгінсек, 18–25 жас аралығындағы жастардың 56%-ы психологиялық қиындықтарды сезінсе, 39%-ы өз бойынан күйзеліс белгілерін байқаған, – дейді психолог Жанар Нұралықызы.
Күйзеліс пен мазасыздыққа жасөспірімдер жиі ұрынады. Өйткені олар әлеуметтік орта мен ата-ана бақылауының арасынан тепе-теңдік іздейді. Жасөспірімдерде психикалық денсаулық эмоциямен тығыз байланыста жүреді. Олар қоршаған ортадағы құбылыстарға ерекше мән беріп, өздерін жеке тұлға ретінде көрсетуге тырысады.
– Мінез-құлық бұзылысы 10–14 жас аралығындағы балалардың 3,5%-да, 15–19 жас аралығындағы жасөспірімдердің 1,9%-да кездеседі. Жалпы, жасөспірімдерде агрессия, стресс, депрессия сияқты эмоционалдық күйдің шектен тыс белең алып бара жатқаны байқалады. Бұл дерттің басты бір себебі – смартфонға тәуелділік. Жасөспірімдер ертелі-кеш смартфонға үңіліп, соның салдарынан кез келген жағдайды жақын қабылдап, мақсатының тез орындалғанын армандайды. Кейбір кездескен кедергілердің себебін қоршаған ортадан іздейді. Сондықтан айналасына теріс эмоция көрсетуге бейім келеді. Яғни жүйке жүйесіне шектен тыс салмақ салудан туындайтын аурулар көптеп кездесе бастайды. Қоғамнан алшақтап, адами құндылықтарын жоғалтады, – дейді маман.
Қазіргі мен бұрынғы балалардың психологиялық күйзелістері арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Бұрын депрессия мен мазасыздықтың белгілері көбіне сыртқы факторлармен байланысты болса, бүгінгі балалардың күйзелісі көбінесе цифрлық әлем мен әлеуметтік желілердің әсерінен туындайды. Баланың психологиялық денсаулығын сақтауда ата-ана мен мұғалімдердің рөлі ерекше. Олар бірлесе жұмыс істеп, баланың психологиялық жағдайын үнемі бақылап, мінез-құлқындағы өзгеріске назар аударып отырулары қажет. Егер депрессия немесе мазасыздық белгілері байқалса, баламен ашық сөйлесу, ішкі әлеміне терең үңілу маңызды. Бұл әлеуметтік жағдайдың алдын алу, емін табу – баршамыздың міндетіміз.
Балнұр ШАРАЛБАЕВА,
Қ.А.Ясауи университетінің студенті