
Сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, көлік-логистика, мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау, цифрлық технологиялар, ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды кеңейтуге баса назар аудара отырып, екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Грузиямен екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті. Түрлі деңгейдегі белсенді диалог екіжақты тауар айналымын одан әрі әртараптандыруға және кеңейтуге ықпал етеді. Бүгінде Қазақстан-Грузия қарым-қатынасы барлық бағыт бойынша қарқынды дамып келеді.
Бірлескен Үкіметаралық комиссия аясында тауар айналымын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2023–2026 жылдарға арналған өзара тауар айналымы ауқымын кеңейту жөніндегі Жол картасы іске асырылып отыр. Елімізден экспортталатын өнім номенклатурасы шикізаттық емес тауарлардың жаңа түрлерімен толықтырылуда. Грузия нарығына құны 66 млн-нан аса отандық тауардың 35 түрін жылжыту бойынша шаралар қабылдануда. Тізімге мұнай-химия, металлургия, тамақ өнеркәсібі, химия, машина жасау салаларының өнімдері кіреді.
Келіссөз барысында Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін ашу арқылы транзиттік-көліктік өзара іс-қимылды арттыруға назар аударылды. Қабылданған шаралар орта дәліздің өткізу қабілетін 2027 жылға қарай жылына 10 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді деп жоспарланған. Сонымен қатар бәсекеге қабілетті тарифтік шарттарды белгілеу, жеткізу мерзімдерін қысқарту және аталған бағыт бойынша жүк тасымалдау көлемін ұлғайту жұмыстарын жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді. Бұл ретте еліміздің компаниялары Грузияда қуаттылықты арттыруға да қатысады. Биыл Грузияның Поти портында отандық көлік-логистика инвестициялық топ салып жатқан жаңа мультимодальды терминалды іске қосу жоспарланып отыр.
«Былтыр ТХКБ арқылы тасымалдау көлемі 62%-ға өсіп, 4,5 млн тоннаны құрады. Бағыттың әлеуетін арттыру, сондай-ақ инфрақұрылымды, порт және терминалдық қуатты жақсарту, жылжымалы құрамды ұлғайту, әкімшілік кедергілерді жою және тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Үкіметі барлық бағыт бойынша Қазақстан-Грузия әріптестігінің серпінді дамуын қамтамасыз ету үшін жан-жақты жұмысты жалғастыруға ниетті», деп атап өтті О.Бектенов.
Өз кезегінде Ираклий Кобахидзе де Грузияның Қазақстанмен екіжақты байланыстарды дамытуға және нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.
«Бұл – менің Қазақстанға экономикалық және мәдени өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған алғашқы әрі маңызды ресми сапарым. Бүгінде мемлекеттер арасында ынтымақтастықтың түрлі бағытында үлкен жетістіктер бар. Біз Қазақстанмен жан-жақты әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделіміз», деп атап өтті И.Кобахидзе.
Сонымен қатар Премьер-министрлер екі елдің мұнай және мұнай өнімдерін әлемдік нарыққа тасымалдау саласындағы өзара іс-қимылын талқылады. Өткен жылы елімізден Баку – Тбилиси – Джейхан құбыры арқылы 1,4 млн тонна мұнай жөнелтілді. Шикізат жөнелту көлемін кезең-кезеңімен жылына 2,2 млн тоннаға дейін жеткізу міндеті тұр.
Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың болашағы зор. 2024 жылдың қорытындысы бойынша АӨК өнімі тауар айналымының көлемі 12,3%-ға өсіп, 71,2 млн долларды құрады. Қазақстан бизнесінің Грузия нарығына ұн мен астық, өсімдік майы, макарон өнімдері, қой және сиыр еті, сүт өнімдері, кондитерлік және басқа да өнімдер жеткізу көлемін арттыруға әлеуеті бар.
Кадр даярлау және агроөнеркәсіп кешенін ғылыми қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылды дамытуда, оның ішінде бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу бойынша ортақ мүдделер атап өтілді. Іскерлік кооперациясының сәтті мысалы ретінде отандық «QVM Technology» ЖШС, «Ordabasy Group» және «Ервира» компаниялары грузиндік «Olive Georgia» компаниясымен бірлесіп, еліміздің аумағында зәйтүн ағашы көшеттерін тәжірибелік отырғызу бойынша жүзеге асырған жобаны атауға болады.
Сондай-ақ цифрландыру және туризм саласындағы ынтымақтастық және тәжірибе алмасу мәселелері көтерілді.