
Сурет: osken-onir.kz
Кейбір жастар алған білімін тәжірибеде қолдана алмай, уақытша жұмыс іздеуге мәжбүр. Тіпті жоғары жалақы мен жайлы орын іздеп, шетел асатындар да аз емес. Осы мәселеге қатысты өңірлерде қандай жұмыс атқарылып жатқанын Жаңақорған аудандық Мансап орталығының директоры Жаңабек Тұрлыбековтен сұрап білген едік.
«Қазіргі таңда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрап отыр. 2024 жылы аудандық Мансап орталығына 1 190 адам тіркелді, олардың 563-і тұрақты жұмысқа орналасты, 357 адам жастар тәжірибесіне қатысты. Жалпы, кейінгі жылдары жастарды жұмыспен қамту деңгейі артып келеді», дейді Ж.Тұрлыбеков.
Жұмысқа орналасудағы қиындықтың бірі – жастардың жұмыс тәжірибесінің жоқтығы. Бұл мәселеге қатысты мемлекет бірқатар бағдарлама әзірледі. Олардың ішінде жастар тәжірибесі, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар бар. Жалпы, жастардың мамандық таңдауы мен еңбек нарығындағы сұраныс арасында сәйкессіздік көп.
Қазірде шетелдерде жұмыс істеуге қызығушылар жеткілікті. Жақында ғана Кореяда жұмыс істеп келген математика пәнінің мұғалімі Бақытжан Ғаладинұлы шетелде жұмыс істеу, табыс табудың ерекшеліктерін айта келіп: «Кореяда жұмыс жүйесі адам құндылығына негізделген. Барлық жұмысшыларға бірдей жағдай жасалған. Сондай-ақ шетелде азық-түлік бағасы жоғары болғанымен, баға тұрақты. Бұл да болса жастардың жағдайын жақсартуға септігін тигізеді», дейді.
Қалай дегенде де, еңбек нарығында білікті маманға сұраныс артқанымен, жұмыссыз жастар саны азаймай отыр. Кәсіп бар, бірақ жұмыссыздар да жетіп артылады. Жыл сайын шамамен 250 мыңдай жас маман үлкен еңбек жолын бастайды. Бірақ кәсіби білімі болғанына қарамастан, олардың барлығы бірдей жұмыс таба бермейді. Қазірде жастар жұмыссыздығы мәселесін шешу бағытында жұмысқа орналастырудың мақсатты шаралары жүзеге асырылып жатыр. Бұл іс-шаралар жастарға алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға, еңбек нарығына бейімделуге көмектеседі деп сенеміз.
Әсел МӘУЛЕН,
Қ.А.Ясауи университетінің студенті