Жәдігер • 06 Ақпан, 2025

Тойған бақсының қобызы

73 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай қаласының тұрғыны Асқар Тойғановтың үйінде осыдан 300 жыл бұрын қашалған қобыз сақтаулы тұр. Бойында бірнеше ғасырдың үні тұнып жатқан қыл қобыз қарағайдан бүтіндей шабылып жасалған. Мойны мен шанағы тұтасқан тұсы мен басы жез таспамен қапталған.

Тойған бақсының қобызы

Бертінде жергілікті қол­өнер шебері Мұ­хамедқали Раха­лиев­­тің қолынан өткен қо­быз­дың бет терісі қайта қап­талып, басына «Нұрпейіс (Тойған) атадан қалған қобыз. Мұрагерлерге аманат. ХVІІІ ғ.» деген жазу жапсырылыпты.

Көне аспапты өңірде дәс­түрлі өнерді насихаттап жүрген әнші, қобызшы Қы­дырбек Қиысханұлы ұстап көрген екен: «Екі құлағы қа­жала-қажала жұқарып қал­­ғандықтан, оңайлықпен күй­ге келе қоймады. Ысқысы тозған. Тиегін жұқарту керек, ол кәдімгі фанерадан жа­­са­лып­ты. Әу баста ол да ағаш­тан жонылған болу керек. Тиегі неғұрлым жұқа болса, ас­паптың үні де зорайып шы­ғады. Аспапты ұстағаннан-ақ денем тітіркеніп сала берді. Әлдебір сиқыр қобызды зар­латуға ырық бермеді де, үні шықпай қойды. Бұған дейін Науырзым ауданының Ме­реке аулындағы Жетібай әулиенің қобызын шалған кезде, керісінше, жеңілдеп қа­лып едім, мынау зілді болып шықты. Дегенмен аспапты әлі де біраз сөйлету керек», дейді өнерпаз.

Ғасырлар қойнауынан жет­­кен ескі қобыздың иесі кезінде ел арасында Той­ған бақ­­сы атанып кеткен Нұрпейіс Жылгелдіұлы екен. Ол кісі жай­лы дерек жоқтың қасы. Бел­гілісі, Тойған бақсының әкесі Жылгелді ХVІІІ ғасырдың басында Әйет өзенінің бойына Сыр өңірінен қоныс аударып кел­ген.

«Бұл қобызды Жылгелді атамыз сол Сыр елінен алып келіпті. Соған қарағанда, аспаптың тарихы үш ғасырдан асып кетеді. Нұрпейіс атамыз киелі аспаптың көмегімен өз заманында жұртты түрлі ауру-сырқаттан емдеген. Ол кісі қобыз, қылыш, қамшы ұстапты. Осы үшеуімен адам емдеген. Қобыз біз­дің әу­­летімізде, қамшы жа­мағайын туыстарда, ал қы­­лыштың қайда екені бел­гісіз. Нағашыларымыз осы қа­лада тұрады. Ол үйден қам­шы­ны көрдік, бірақ нағашы­ла­рым бабамның дүниесін қайтарып бергісі жоқ. Тойған бақсы кезінде атақты Марал ишанға шәкірт болып, батасын алған екен. Сол кездегі Ор­дабай қонысы, қазіргі Қос­танайға жұма намазына қатысып, Марал ишанмен иық тірестіріп сапта тұру үшін сонау 130 шақырым жерден жаяу-жалпы келген кезі де болыпты. Сонау Шилі аулынан Қостанайға жетудің өзі қазір де оңай емес», дейді бақсының ұр­пағы Асқар Той­ғанов.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше