Саясат • 05 Ақпан, 2025

Балалар қауіпсіздігі назардан түспейді

112 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақордада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен балалар­дың қауіпсіздігін қам­та­масыз ету, кәмелетке тол­­ма­ған­дарға қатысты құқықбұзу­шылықтардың алдын алу мәсе­лелеріне арналған жиын өтті.

Балалар қауіпсіздігі назардан түспейді

Басқосуға Оқу-ағарту министрі, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім, Денсаулық сақтау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Ішкі істер министрліктерінің, Бас прокуратураның, Президент Әкімшілігі құрылымдық бөлімшелерінің өкіл­дері, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қатысты.

Мемлекеттік кеңесші қазіргі таңда балаларды қорғау үшін мемлекет тарапынан бірқатар пәрменді шара қабылданып жатқанына назар аударды. Атап айт­қан­да, мектеп психологтерінің, әлеу­мет­тік педагогтердің және психо­логия­­лық қолдау орталықтарының кадр­лық құ­ра­­мы күшейтілді. «111» қызметінің QR-коды әзірленіп, барлық оқу орын­дары­на ор­на­­ластырылуда. «Кибер­қадаға­лау» жүйесі арқылы интернеттегі зиянды контент жойылып жатыр.

Ерлан Қарин былтыр мемлекет бірне­ше жедел әрі стратегиялық шаралар қабылдағанын, соның нәтижесінде балалар арасында өзіне-өзі қол жұмсау оқиға­лары айтарлықтай азайғанын атап өтті.

Мемлекеттік кеңесші осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тиісті шаралар қабылдауды үйлестіру жөнінде тапсырма берді.