Инфрақұрылым • 05 Ақпан, 2025

Жол сапасын жақсарту жалғасады

63 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жол саласын дамыту және аталған салаға цифрлық технология­ларды енгізу мәселелері қаралды. Мемлекет басшысының жол жағдайын жақсарту туралы тапсырмасына сәйкес биыл 9,5 мың км жолға жұмыс жүргізу жоспарланған.

Жол сапасын жақсарту жалғасады

Көлік министрі Марат Қарабаев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев қазіргі жағдай туралы, сондай-ақ Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының басшысы Болатбек Айтбаев, бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады.

Көлік министрлігінің мәліметінше, былтыр 12 мың шақырым жолға жөндеу жүргізілген, оның 8 мың шақырымы – республикалық жол, 4 мың шақырымы – жергілікті жол. Марат Қарабаев Премьер-министрге ұзындығы 7 мың шақырым­ды құрайтын ірі автожол жобалары аяқталғанын, стратегиялық маңызды нысандар: Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір, Шамалған стансасын айналып өтетін жол өтпесі, Түркістан облысында орналасқан еліміздегі алғашқы туннель пайдалануға берілгенін хабарлады. Сондай-ақ Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Атырау – Астрахан, Қазталов – Жәнібек және Өнеге – Сайқын сияқты негізгі магис­тралдарда жол жүру қамтамасыз етілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша республикалық жолдардың қалыпты жағдайы 93%-ға, жергілікті жолдар жағдайы 89%-ға жеткені атап өтілді.

Мемлекет басшысының жолдарды жыл сайын жаңарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес 2025 жылға 9,5 мың км жолға жұмыс жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ Ақтөбе –Ұлғайсын, Қарағанды – Жезқазған, Атырау – Доссор, Қызылорда – Сексеуіл, Сарыағаш, Қызылорда, Петропавл, Рудный, Шымкент және Түркістан қалаларын айналып өту жобаларын іске қосу мен 2,5 мың шақырымға жөндеу жұмысын жүргізу көзделген.

в

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

«Биыл жалпы ұзындығы 13 мың км жолды жөндеу жоспарланды. Оның қатарында 9 мың 500 км-і қаржы­мен қамтама­сыз етілген, 3 мың 600 шақыры­мы­на қажетті құжаттар дайын, қаржы­лан­дыру мәселесі пысықта­лып жатыр. Жаңа жобалар бойынша құрылыс маусымы басталғанға дейін мердігерлерді анықтау үшін конкурс­тық рәсімдер жүр­гізілуде. Бұйыртса, осы жылы респуб­лика­лық жолдардың 94, жергілікті жол­дар­дың 91 пайызы нормативтік жағдайға жеткізіледі», деді М.Қарабаев.

Жолдағы үлкен істің бірі – отандық мердігерлерге қолдау көрсету. Яғни жобаның орындаушысын анықтау барысында отандық немесе Қазақстанның шетелдік компаниялармен бірлескен консорциумдарына басымдық беріледі. Бұл отандық компаниялардың одан әрі тұрақты дамуына ықпалын тигізеді. Бұл мәселе Халықаралық қаржы институттарымен толық келісілді.

Жолды нормативті күтіп ұстаудың бір бөлігі қаржыландыруды қамта­ма­сыз ету мәселесі. Бюджетке түсетін жүктемені азайту мен өзін-өзі ақтау мақсатында реконструкция және жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерде «ақылы» мәртебесін кезең-кезеңімен енгізу жалғасып отыр. Қазір республика бойынша ұзын­ды­ғы 3 мың 200 км ақылы жол жүйесі жұ­мыс істейді.

Былтыр ақылы жолдан түскен түсім 48 млрд теңгені құрады. Биыл қосымша 4 мың км ақылы учаскелер енгізіледі. Олардан келетін түсім көлемі биыл 60 млрд, ал келесі жылы 100 млрд тең­геге дейін жетеді. Бұл ретте осы ақы­лы жол­дардан түскен қаражаттың бір бөлігін құрылыс жұмыстарына алынған қарыз­дардың пайыздық мөлшерлемені өтеуге жұмсау мәселесі қарастырылып жатыр.

Ұзындығы 70 мың км болатын жер­гі­лік­ті жолдарда да ауқымды жұмыс атқары­лып жатыр. 2023 жылы басталған жалпы сипаттағы трансферттер шеңберін­де жол жөндеуді қаржыландырудың оң ықпалын айтқан жөн. Соның нәтижесін­де нормативті жағдайдағы жолдардың үлесі 4%-ға артты. Бұған қоса, әкімдіктер тарапынан да паритетті қаржыландыру көлемі­нің артуы байқалады. Нақтырақ айтқан­да, биыл әкімдіктер жол құры­лыс жұмыстарына 191 млрд теңге бөліп отыр. Нәтижесінде, осы жылы 4 мың 200 км жолға жөндеу жүргізіледі.

Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының басшысы Болатбек Айтбаев Үкімет отырысында 2024 жылы республикалық желі нысан­дарын сараптамамен қамту 100%-ға, жергілікті желі бойынша 99%-ға жеткенін хабарлады. Жол құрылысы сапасын бағалау бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесінде мердігер компаниялар өз қаражаты есебінен жалпы сомасы 3,9 млрд теңгеге түрлі жұмысты қайтадан жасады. Биыл нысандарды 100% сараптамадан өткізу мен жол-құрылыс материалдарының 10 мың үлгісіне сынақ жүргізу жоспарланып отыр.

Жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша автожолдарды диаг­ностикалау бойынша жұмыс белсенді жүргізілуде, автоматтандырылған бақы­лау мен электрондық көлік құжат­тарына көшу ауқымды түрде жүзеге асырылып жатыр.

Үкімет басшысы жол саласы әлеуетін арттыру жөніндегі жұмысты жандандыру қажет екенін атап көрсетті.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтіл­ген отырысында инфрақұры­лымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру, оның қатарында көлік-логистика саласына баса мән беру қажеттігін айтты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жақсы нәтижелер бар, бірақ қарқынды арттыра түсу қажет. Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға бағытталған жаңа жобаларды дайындауға кірісу керек», деді О.Бектенов.

Автожол жобаларын уақтылы қаржыландырудың және осы мақсаттарға арналған жер учаскелерін резервке қоюдың маңызы туралы айтты. Премьер-министр өңір әкімдіктерінің алдына тиісті міндет қойды. Резервке қойылған жерлерді беруге мораторий енгізу, олардың нысаналы мақсатын өзгертуді тап­сырды. Өнеркәсіп министрлігі әкім­діктермен бірлесіп, автожол жобаларына тартылған карьерлердің құжаттарын рәсімдеуі қажет. Көлік министрлігі жол салуға қажетті жерлерді мемлекет қажеті үшін жедел сатып алуды заңнамалық реттеу мәселесін пысықтауға тиіс.

Премьер-министр жергілікті жолдар желісін дамытуға баса назар аударды. Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарында жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемі жеткіліксіз болып отырғанына назар аударды. Өңір әкімдеріне құрылыс және реконструк­ция­лау технологияларын сақтау, сондай-ақ жобаларды іске асыру мерзімі мәселесін бақылауға алуды  тапсырды.

Отырыста Премьер-министр бір­қатар тапсырма берді, оның ішінде Көлік министрлігіне осы жыл­дың сәуір айынан бастап «Қараған­ды – Жезқазған», «Ақтөбе – Ұлғайсын» жолдары және «Сарыағаш қаласы айнал­ма жолын» салу жұмыстарына кірісуді, сонымен қатар әкімдіктермен бірлесіп, барлық жолдардың жағдайына қатаң бақылау жасап, ақауларды уақтылы жойып отыруды қамтамасыз етуді, Ауыр жүк көліктерінің салмағын өлшейтін автоматтандырылған жүйелерді орнату жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұған қоса Ішкі істер, Төтенше жағдай­лар, Цифрландыру, Мәдениет және ақпа­рат министрліктерімен бірлесіп, жаппай жол апаттарының алдын алу үшін нақты алгоритмдер енгізілуге тиіс. Көлік және Цифрлық даму министрліктері республикалық, жергілікті және қалалық жолдардың жағдайына мониторинг жүргізу үшін жылдың соңына дейін «Е-жолдар» цифрлық платформасын қанатқақты режімде іске қосуды қамта­масыз етуі керек. Сондай-ақ аталған екі министрлік нарықтағы барлық цифр­лық қызметтерге тексеру жүргізіп, олар­дың көлік-логистика саласына белсенді енгізілуін іске асыруы қажет. 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15