
Театр мәскеулік көрерменге екі қойылым ұсынды – «Сац. Бір репетицияның шежіресі» және «Руслан мен Людмила».
Режиссер Галина Пьянова атап өткендей, гастроль – Наталия Ильинична Сацтың 80 жылдық шығармашылық мұрасына құрмет көрсету аясында ұйымдастырылды.
– Бұл – Наталия Ильиничнаға деген сүйіспеншілік пен ілтипаттың көрінісі. Ол балалар театрының негізін қалап, бірнеше буынды тәрбиелеген ұлы тұлға, – деді ол.
Спектакльде Наталия Сацтың рөлін актриса Татьяна Костюченко сомдады.
– Ол – ұлы режиссер, орасан талант иесі. «Тәрбиелеу – адамның тағдырын шешу» деген оның сөзі менің сүйікті дәйексөзім. Сац өз өмірін театр мен жас ұрпақ тәрбиесіне арнады, – деді актриса.
Қазақстанның халық артисі Ольга Коржева да бұл спектакльдің ерекше мәнге ие екенін атап өтті.
– Біз Наталия Сац театрының ашылуына арналған репетицияны сахнаға шығарамыз. Бұл – театр тарихының бір бөлшегі және Мәскеу көрерменімен бөлісетін рухани байланыс, – деді ол.
Театрдың жетекші актері Мақсат Сахиұлының айтуынша, бұл гастроль шығармашылық ізденіс пен мәдени үндестіктің нәтижесі.
– Көпшілік балалар театры туралы біледі, бірақ оның негізін қалаған тұлға жайлы аз хабардар. Біз бұл рөл арқылы оның өміріне үңілдік. Ол опера қойылымдарын сахналаған тұңғыш әйел режиссер болған, – деді ол.
Театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Олег Гостевтің айтуынша, гастрольге дайындық 12-14 айға созылған.
– Біз Мәскеуге театрдың ең танымал қойылымдарын алып келдік. Үлкен шығармашылық ұжым, техникалық және сахналық топ толық құраммен келді, – деді ол.
Бас режиссер Ирина Симонова Астанада өтетін театрдың 80 жылдығына арналған мерейтойлық қойылымдарда да Наталия Сац туралы спектакль көрсетілетінін айтты.
Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің хабарлауынша, мәскеулік көрермен қазақстандық әртістердің өнерін жылы қабылдады.
Елші Дәурен Абаев бұл гастрольді Қазақстан мен Ресей арасындағы достық күнтізбесіндегі маңызды мәдени оқиға деп атады.
– Мәскеулік көрермендер қазақстандық театр ұжымының шығармашылық шеберлігінен керемет әсер алады деп сенемін, – деді елші.