
Айдардың алғашқы кейіпкері – Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы Әлімбет ауылындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы Нұрталап Бақытжанов. Ол энергия өндіруге арналған жоба әзірлеген. Оның жұмысы атом электр стансаларының (АЭС) электр энергиясын өндірудегі тиімділігін зерттеуге бағытталған.
Жас өнертапқыш құрастырған макет суды қайнатып, 2-2,5 атмосфералық қысымда бу энергиясын алады. Бұл энергия турбина арқылы механикалық энергияға, одан әрі электр энергиясына айналады. Макет реактор, бу турбинасы, генератор, энергия тарату құбырлары, градирня, суыту бассейні секілді құрамдас бөліктерден тұрады.
Жеткіншек жобаны әзірлеу барысында АЭС құрылысын зерттеп, электр энергиясын тиімді өндірудің жолдарын іздестіргенін айтады. «Әлемдегі АЭС-тың жұмыс қағидаттары мен құрылымына талдау жасап, шағын макет жасау үшін физика мен ғарыш саласындағы деректерді зерттедім»,
дейді ол.
Талапты өрен «Зерде» ғылыми жобалар байқауына тұрақты қатысады. Екі жыл қатарынан осы байқаудың облыстық кезеңінде І дәрежелі диплом иеленген. Сонымен қатар республикалық «Ақбота» зияткерлік олимпиадасында І дәрежелі дипломмен марапатталса, республикалық «Бастау» математика олимпиадасында үшінші орын, аудандық «Алтын сақа» математика байқауында бірінші орын жеңіп алған.
Болашақта жас өнертапқыш инженер мамандығын алып, әртүрлі энергия көздерінде жұмыс істейтін құрылғы жасауды армандайды.
Қайсар Құсайын