
Фото: qazaly.kz
Елімізде инвесторлар мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестиция штабы құрылып, бюрократиялық кедергі мен құқықтық қарама-қайшылық жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылды. Дегенмен кей өңірлерде тікелей шетел инвестициясын тарту қарқыны төмендеген. Еліміздің экономикалық жағдайын көтеру үшін, отандық инвесторларға, одан кейін шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасау өте маңызды. Өйткені отандық нарықтың деңгейін өзіміз қолға алып, көтеруіміз керек.
Бұл ретте, еліміздің ауыл шаруашылығы саласы бойынша, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, егіншілік, ет және сүт өнімдерін өндіру салаларына инвесторлар тарту ұтымды болады деп есептеймін. Сонымен бірге, Үкімет отырысында Мемлекет басшысы еліміздің қаржысын жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы қажет екенін ерекше атап өтті. Мәселен, былтыр Қызылорда облысында өңір басшысының тапсырмасымен оқушылар уақытын тиімді өткізуге бағытталған спорттық және шығармашылық үйірмелер қызметіне зерделеу жұмысы жүргізілген. Сонымен қатар мемлекеттен бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалуына байланысты кәсіпкерлермен келісімшарт біржақты бұзылып, бюджет қаржысы үнемделген.
Осылайша, облыс бюджетінен шығармашылық үйірмелер бойынша 600 млн теңге, ал спорттық секциялардан 2 млрд 603 млн теңге бюджетке кері қайтарылған. Осы сияқты жұмыс жалғасын табуы керек. Мемлекет басшысы айтқандай, көрпеге қарай көсіліп, орынсыз шығындарды тоқтату орынды шешім болмақ.
Нұрлан Тұрғанбаев,
Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты