
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Мемлекет басшысының айтып отырғаны – 2020 жылы қабылданған «Ауылдық аумақтарды дамыту» тұжырымдамасы. Бұған дейін әрбір жоба жеке-жеке жүзеге асырылып келсе (инфрақұрылымды дамыту, білім беру, экономика саласындағы жобалар), қазір олардың барлығы біртұтас тұжырымдама аясында қамтылып, іске асырылуы сол құжат негізінде бағаланып, қадағаланып отыр. Бұл – тиімділік пен үйлесімділікті арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Алдағы уақытта ауылды дамытуға бағытталған іс-шараларда әртүрлі салаға қатысты жобалардың бір-бірімен үйлесуіне ерекше назар аударылады. Бұған дейін бұл жобалар өз алдына жеке жүзеге асырылып келсе, енді олардың өзара үйлесімділігін арттыру шаралары қолға алынып жатыр. Мысалы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық жобалар енді «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырылып жатқан ауылдарға басымдықпен жүргізілмек. Сол сияқты «Ауыл аманаты» бойынша экономикалық жобалар «Ауыл – ел бесігі» аясында инфрақұрылымы дамытылып жатқан ауылдарда жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар екі бағдарламаға да жаңартулар енгізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, «Ауыл – ел бесігі» аясында «Ауыл аманаты» бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаларға инфрақұрылым тарту мәселесі шешіледі. Әлеуеті жоғары ауылдар мен аудан орталықтарында шағын индустриялық аймақтар құру мәселесі пысықталып жатыр.
Егер бұл бастама жүзеге асса, әр өңірде бір-екі ірі ауылда осындай шағын индустриялық аймақтар ашылады. Бұл аймақтар «Ауыл аманаты» аясында жүзеге асырылып жатқан жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді. Өндірілетін өнімдерді сақтау, таңбалау, тұтынушыларға жеткізу сияқты логистикалық қызметтер ұсынады.
Жалпы, ауылды кешенді дамыту бағытындағы жаңа шаралар ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға және ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға бағытталып отыр.
Нұрболат Құрметұлы,
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ
орталығының директоры